Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » 168 жыл өмір сүрген қойшының құпиясы

168 жыл өмір сүрген қойшының құпиясы



Гиннестің рекордтар кітабында тіркелген ғаламшардың ең ұзақ өір сүруші адамы – 122 жасқа келіп өмірден озған Франция азаматшасы Жанна Кельман. Дегенмен, КСРО құрамындағы талыш ұлтының өкілі Ширали Муслимов 168 жасқа дейін бұ дүние қызығын көріпті.

ХІХ ғасырдың басында Әзірбайжанның Барзаву мекенінің аймағындағы тауда тағы да бір талыш дүниеге келеді. Бұл Ширали Фарзали оғлы Муслимов еді. Айта кету керек, талыштар ғаламшардағы ең ұзақ өмір сүретін ұлттар қатарына кіреді.

Талыштар арасынан Ширали Муслимовтан бөлек, 152 жыл ғұмыр кешкен Махмуд Эйвазов та шыққан. Ширалидің әкесі 110 жас, анасы 90 жас өмір сүргені де бізге белгілі. Демек, аталған ұлт өкілдерінің жалпы есепте ұзақ жасайтыны туралы тұжырым жасауға негіз бар.

Ширали Муслимов 1805 жылдың 26-наурызында дүниеге келген. Дәл осы күн оның куәлігінде анық көрсетілген. Бірақ Ширали дүние есігін ашқан уақытта нақты құжатар жасау ешкімнің ойына да кіріп шықпайтын. Көпшілігі туған күн даталарын Құран кітап беттерінде, екінші бөлігі саз құмыра жақтауларына жазатын-ды. Ширалидің ата-анасы екінші нұсқаны таңдаған. Әйтпесе, ешбір құжаты жоқ адамның рекордтар кітабына енуі де екталай еді. Ал құмыра жақтауында жазылған күн Ширалидің нақты жасын анықтауға бұлтартпас айғақ болды.

Ширали Муслимов күллі ғұмырын, нақтырақ айтсақ, өмірінің 150 жылын қой соңында, өзінің туған жері Барзавуда өткізген. Ширали өмірінде тыныштық таппайтын адам болған деседі. Бау-бақшада да өзінің немере-шөберелерімен қатар кетпен ұстап жүре берген. Ширалидің отбасы мүшелерінің жалпы саны 150-200 адам шамасында болыпты.

Муслимов 136 жасында тағы да неке құрған. Оның екінші әйелі өзінен 79 жас кіші, яғни, 57 жаста. Ең қызығы, 136 жасында қарт Ширали жаңа әйелінен қыз сүйген. Осы факт оны әлемдегі ең қарт ер адам атағынан бөлек, ең кәрі әке ретінде де танымал етті.

Ұзақ өмір сүру құпиясы

Ширали Муслимов 1973 жылдың 2-қыркүйегінде көз жұмды. Бірақ ол өзінің жасымен-ақ бүкілодаққа танымал болды. Оған көзі тірісінде партия мүшелері, журналистер келіп, ол туралы фильмдер түсіріп, әрдайым телеарнаға сұхбатқа шақыратын.

168 жыл ішінде Муслимов спирттік өнімдерді және темекіні тұтынбаған. Керісінше ол бал, ірімшік, түрлі көкөністер мен жемістер жеп, суды бұлақтан ішіпті-мыс. Ал шайды арнайы жасалған тамырлардан ішкен деседі.
Сондай-ақ, тақырыптың бас кейіпкері күн сайын ондаған шақыры жолды жаяу жүріп, бұл үрдісті жүз жылдан астам уақыт үзбей қайталаған.

Ал ұзақ өмірінің құпиясы туралы өзіне қойылған тікелей сұрақтарға ол әрқашан «Білмеймін» деп жауап қайырыпты. Десе де, түрлі сала мамандарының пікірі Ширалидің ұзақ өмір сүруіне толассыз еңбек пен табиғи күтім сеп болған деген тұста ұштасады.

www.qamshy.kz
11 сәуір 2019 ж. 900 0