Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕРЛІК ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

ЕРЛІК ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

Биыл Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 33 жыл толды.
10 жылға созылған соғыс 1979 жылы Ауғанстанға әскер кіргізіп, 1989 жылы 15 ақпанда Кеңес әскері соғыс болып жатқан жерді тастап шыққан. Одан бері қаншама жылды артқа тастағанымен, бұл жара халық жүрегінде өшпес сызат қалдырды. Сұрапыл соғысқа еліміздің намысты ер жүрек батырлары қатысып, жас өмірін құрбан етті. Қазақстаннан 22 мыңнан аса боз бала жігіттер қатысып, олардың бойындағы патриоттық сезіммен соғыстың не екенін білер-білместен кете барды. Міндет – Отанды қорғау.
Айтуға оңай, сұрапыл зобалаң, қаншама тағдырды жалмады. Тарих қойнауына кеткен сұрапыл соғыс бүкіл қазақ еліне салқынын тигізгені белгілі. Бұл соғыс біздің ел үшін ғана емес, әлемді жайлаған қақтығысқа толы қырғынға ұласты. 1979 жылы басталап, он жылға созылған соғыста қайтпас қайсарлық, беріспес батылдықтың ерен үлгісін көрсеткен жауынгерлеріміз, мұздай қаруланған лаңкестермен кескілескен соғыс жүргізді. Талай сарбаз ерлік жолында мерт болды. Иә, бұл соғыс біреудің өмірін жалмаса, енді бірінің жалғызын алды. Аузынан ана сүті кетпеген боздақтардың көбі дерлік сол қырғыннан отанымызға мүгедек болып оралды. Әскери борышын өтеуге аттанған жүздеген бозбала туған жеріне қайта аяқ баспады. Осындай орны толмас қасіреттерге толы күндер ел есінен мәңгі ұмытылмайды.
Цифрлы деректерге салсақ, Ауған жерінде сол кезеңде КСРО-ның 620 мыңға жуық сарбазы қызметін өтеді. Соның ішінде КСРО құрамында Отан алдындағы міндетін арқалаған 22269 қазақстандық Ауған соғысына қатысты. Олардың 924-і майдан алаңында ерлікпен қаза тауып, 1015 адам мүгедек болып оралып, 19 адам іс-түссіз жоғалды. Бүгінгі күні 70-тен аса интернационалист жауынгер әскер қатарында қызметін жалғастырып, өз саласының білікті маманы атанып, түрлі салада қызмет атқарып келеді. Ал, Қызылорда облысы бойынша Ауған соғысына 827 азамат қатысса, оның 18-і бақилық болды. 30-дан астамын зұлмат жылдар мүгедек етті. Аудан бойынша бұл соғысқа 54 сарбаз жіберілген. Олар қара жердің бетін қызыл қанға бояп, қанша жанға қасірет қамытын кигізген отты жылдың қай жағынан алсақ та, жақтап алар тұсы жоқ. Соның ішінде 2 азамат соғыста ерлікпен қаза тапқан. Қазіргі таңда ауданда ауған соғысына қатысқан 36 ардагер бар. Сол бір отты жылдары ауған жерінде 1988 жылы қаза тапқан жас жауынгердің бірі – Жұмат Қалекеев өзіне қарсы шыққан жауды талқандап, батырлық танытқаны үшін «Қызыл жұлдыз» орденінің игері атанды. Бүгінде соғыс жылдарында ерлікпен қаза тапқан сарбаз ұмыт болмай, есімі ардақталып жүр. Соның бір дәлелі ретінде Шиелі индустриалды аграрлық колелдінде Жұмат Қалекеевке арналған бұрышты айтуға болады. Бұл дегеніміз – ауған соғысы ардагерінің ұмыт болмағанының бірден бір дәлелі. Ауған жерінде қару асынып, мұң арқалаған, сын сағаттарда бірін-бірі бауыр десіп елге аман-есен оралған ардагерлер Серікбай Берімбетов Болат Сарбасов, Амантай Нұрманов, Нұрлан Асанов, Қалдыбай Елубайұлы, Мұратбек Бошайбеков, Қалдыбай Байгелов, секілді ағаларымыз отан үшін от кешіп, жауынгерліктің нақ үлгісін көрсете білді. Олар доп теуіп ойнаған жоқ. Керісінше бозбала шағында жат елге аттанып, соғысқа кірісіп, ел үшін аянбай күресті. Қайткенмен, қайсар ұлдарымыз қарсы шыққан жауына тойтарыс танытты. Бүгінгі күні ағаларымыз Шиелі ауданында еселі еңбек етіп, бір-бір әулеттің алтын қазығына айналған.

"Өскен өңір" ақпарат агенттігі

24 қараша 2022 ж. 255 0