Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қоғам, ата-ана мен бала мұғалімге деген көзқарасын өзгерту керек – департамент басшысы

Қоғам, ата-ана мен бала мұғалімге деген көзқарасын өзгерту керек – департамент басшысы

BAQ.KZ. Білім және ғылым министрлігі мектепке дейінгі және орта білім департаментінің басқарма басшысы Айман Дүйсенбаева президент Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған мұғалімнің әлеуметтік рөлін арттыру аспектісінің маңыздылығын атап өтті.

«Былтырдан бастап қазірге дейін мұғалім мәртебесін көтеру бойынша жұмыс жүргізілуде. Заңды Мәжіліске енгіздік, депутаттар қарап жатыр. Жалақысын көбейту, біліктілігі үшін аттестациядан өткен кезде 30%-дан 50%-ға дейін лауазымдық жалақы қосу секілді мұғалімнің әлеуметтік жағдайын қарастырамыз. Бүгінде 123 мыңнан астам адам осы қосымша үстемақымен жалақы алып жатыр. Педагогтардың еңбек демалысы 42 күннен 56 күнге ұзарып жатыр. Бұрын мектеп мұғалімдері 56 күн демалса, заң күшіне енгеннен бастап балабақша тәрбиешілері, қосымша білім беру ұйымдары мен әдістемелік кабинеттердің педагогтары 56 күн демалысқа шығады», - деді ол.

Дүйсенбаева заң жобасында мұғалімнің ар-ожданы мен намысына нұқсан келтірген адамдарға әкімшілік айыппұл қарастырылатынын айтты.

«Қоғамдағы мұғалім рөлі өте жоғары әрі беделді болу керек. Қоғам, ата-ана, баланың өзі мұғалімге деген көзқарасын өзгерту керек сияқты. Заңда осының бәрі айтылған», - деді мектепке дейінгі және орта білім департаментінің басқарма басшысы.

Оның айтуынша, мұғалімнің мәртебесін арттыру мақсатында жыл сайын «Үздік педагог» атты байқау өткізіледі. 8 жылда 432 адам үздік педагог атанып, сыйақы алған. Биыл 2 млн 500 мың теңге көлемінде сыйақы 64 адамға тағайындалды.
04 қазан 2019 ж. 583 0