Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» Кітапханада кезіккен қыз

Кітапханада кезіккен қыз


«Абай жолындағы» кітапханаға келгенмін. Сәбит Мұқановтың «Ботакөзін» кездестіріп қалдым. Бұрыннан танушы едім, жөн сұрасам, Смағұл Елубаевтың «Ақбоз үйінде» хатшы болып жұмыс істеп жатыр екен. Тұла бойынан аңқыған Кеңесбаевтың «Француз әтірінің иісі» басымды айналдырып барады. Сезімім Нұрдәулет Ақыштың «Бейуақытта жанған отындай» тұтанып кеткенін көрмейсің бе?  Сұлуға сұқтана қарап, Сәбит Мұқановтың «Мөлдірмахаббатын» басымнан өткеріп тұрмын. Баяғыда Тынымбай Нұрмағанбетовтың «Ата қонысына» барғанымда, бір мәрте көргенім бар. Бойжетіп қалыпты. Десе де, Роза Мұқанова айтпақшы «Мәңгілік бала бейнесі» жүректе қалары хақ. Қап, бәлем, әңгімені қойып, Спандияр Көбеевтың «Қалың малын» төлеп, үйленіп алсам ба екен? Әй, бірақ, қу кедейшілік-ай, Бейімбет Майлиннің «Сексен сомы» жетпейді ғой. Бір амалын жасамасам Дүкенбай Досжанның «Жан құмары» басылар емес.

        Шынымды айтсам Әбдіжәміл Нұрпейісовтың «Қан мен теріндей» шылқып барам. Қыз да үндемейді. Дидар Амантайдың «Гүл мен кітаптарының» қасында әлі тұрмыз. Бұл қыз маған Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілегі» сияқты арманға айналмақ па? Жоқ, одан да Шыңғыс Айтматов сынды «Жан пида» деп алып қашсам қайтеді? Сотталып кетемін-ау! Не деп кеттім? Сәкен Иманасов сияқты «Айтар едім», бірақ тілім құрғыр икемге келер емес...
  • Кешіріңіз, Ақселеу Сейдімбектің «Аққызына» ұқсайды екенсіз ...-дедім мен сасқалақтап.
  • Ағай, Кәкішевтың «Мағжан және Сәкен», қайсысы боласыз? – деді, бойжеткен.
  • Мұхтар Мағауин айтқан «Шыңғыс хан» боламын. Танысып, табысып болсақ Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдарын» бастасақ қайтеді? – деп әзілдедім мен де.
  • Мұстафиннің «Миллионері» болсаңыз, көреміз...
  • Нұрғали Ораз айтпақшы «Даладан қалаға келгендер» тізіміне еніп өзгерейін деген екенсіз... Ақшаны ғана ойлағанша, Бекхожиннің «Мәриям Жагор қызынан» үлгі алсаңыз еді!
  • Ағай, әзілді көтере алмайсыз ба, Тахауи Ақтановтың «Қаһарлы күндеріне» ұқсап барасыз...
  • Ілияс Есенберлиннің «Жанталасындай» жармасып жатқаным ғой қарындас...
  • Әйтеуір, Зейтін Ақышевтың «Жаяу Мұсасы» болмасаңыз жарар.
  • Досжановтың «100 әңгімесіндей» созбай, Көпен Әмірбек сынды «Көкемнің көзі» барда ауылға келін апарсам деп едім...
  •  Мұратбековтың «Ай туар алдында» ма?
  • Ия. Тек Ғабит Мүсіреповтың «Кездеспей кеткен бір бейнесіндей» ах ұрып қаласам болғаны...
  • Жарайды... Шекспирдің «Король Лиріндей» қоймадыңыз ғой.
         «О, Махаббат, қызық мол жылдар»! Міне, менің махаббат дастаным осылай басталған еді.   
                              
Гүлнәр Дүйсебаева      
---
13 қаңтар 2018 ж. 1 675 0