Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» Майданда болған ағайынды үшеу

Майданда болған ағайынды үшеу

Ұлы Отан Соғысы тарих сахнасында өзіндік рөлімен мәңгілік есте қалды. Сұрапыл соғыста жүздеген, мыңдаған адам қолына қару алып ұрыстарға қатысты. Қазақстаннан барған әскерлер майдан даласында ерлікпен шайқасты. Қиын уақытта дұшпанның қаптаған қарақұрым күшіне төтеп беріп, олармен табан тіресе соғысқан әкелеріміздің ерлігі көкірегімізге мақтаныш сезімін ұялатады.

Бұл зұлматты жылдар көптің есінде қалса керек. Әсіресе, бір үйден үш майдангер шыққан біздің Әшірхан үшін бұл оңай кезең болмады. 
Майдан даласына алғашқылардың бірі болып бұрынғы Қызылту, қазіргі Жақаев ауылының тұрғыны болған Әшірхан  атамыздың Тоқан, Сейтпан, Бекман есімді үш баласы да аттанады. Еш дайындықтан өтпеген, қолына қару алмақ түгілі ауылда мал баққаннан өзге тіршілік етпеген Тоқан қанды қырғынның ортасынан бірақ шығады. Соғыстың қандай болатынын естіп те, елестетіп те көрмеген ол алғашқы айларда-ақ ауыр жарақат алып, елге қайтады. Ауылға келіп, байырғы тіршілігіне қайта кіріседі. Екінші ұл Сейтпан да соғысқа барған соң ол жақтың ауа райы жақпай біраз қиналады. Сөйтіп ұрысқа жарамаған сарбаз елге оралуға мәжбүр болады. Осылайша екеуі де елге келіп, зейнет жасына дейін Жақаев ауылының көркеюіне үлесін қосып, еңбек етті.

Ал Бекман болса немістерге қарсы шайқаста атқыштар полкінде біраз ерлік көрсетеді. Бірде рота командирінің бұйрығымен қарсыластарына қарсы кезекті шабуылға шығады. Бірақ тұтқиылдан төніп келген жау әскері бұларға дес бермейді. Ақырында Бекман жанындағы сарбаздармен бірге тұтқынға түседі.

Енді қайтпек керек? Артық қимыл жасасаң атыласың. Немістер титтей де аяйын деп тұрған жоқ. Амалсыздан дегеніне көніп, айдауына ере береді. Бір-бір ит жетектеген неміс солдаттары пәрмен беріп, батысқа қарай бағыттайды. Сөйтіп күн-түн айдалған тұтқын сарбаздар Германиядан бірақ шығады. Бекман ағам бұл туралы:

– Мені бір байға құл қылып берді. Басқаларды да сөйткен болуы керек. Өзіммен бірге тұтқынға түскендердің ешбірін қайта көрген жоқпын. Күнім немістің ауласын тазалап, қара жұмысын істеумен өтіп жатты. Жарықтық адам құрлы көрмейтін. Е ішерге ас дұрыс емес, тіпті жуынатын су да сұрау мүмкін емес еді, – деп еске алады.

Осылай күн артынан күн өтіп жатады. Бірде үйге келген немістің танысы Бекманның аянышты түрін көріп жаны ашыса керек:

– Сен қорықпа, түбінде кеңес үкіметі жеңеді, – деп үміт отын жағып кетеді.
Сол күннен кейін әлгі адам мұнда жиі келетін болды. Ұлты неміс демесең, орысшаға судай. Екеуі үй иелері жоқта ұзақ әңгімелеседі. Тіпті кейінгі кезде Бекман әлгі немістің жолын туғанын күткендей тосатын болды. Қайтсін енді, жау қолында жалғызсырап жүрген оған мынаны Құдай әдейі айдап алып келген шығар. «Үш күннен соң көрге де үйренесің» демей ме қазақ, Бекман да құлдық өмірге еті үйренгендей еді. Неміс досы бейбіт күн туып, еліне оралатынына сендіргісі келгенімен Бекманға ол ертегідей көрінетін.

Келер күннен күдерін үзіп, немістің табалдырығында өмірі өтетініне әбден көзі жеткен Бекманның тыныштығын бір күні тосыннан келген неміс әйел бұзды. Жан-жағына алақтай жасырын келген әйел қолындағы орамалын бұған ұстатып тұрып, орман жақты ымдады. Сөйтті де асығыс басып жөніне кете берді. Бекманның іші бірнәрсені сезгендей еді. Келесі күні әлгі әйел тағы келді. Тасадан тығылып келген ол Бекманға бүктелген қағазды ұстата сала ешкім байқап қоймады ма екен деген үреймен қаша жөнелді. Қағазды ашып қараса орысшалап «Мына әйелге сәті түскен күні еріп кел. Біз сені күтеміз. Сәлеммен жерлестерің» деп жазылыпты. Бекман өз көзіне өзі сене алмай қағаздағы хатты қайта-қайта оқыды. Оқыған сайын көзінен жас парлап аға берді.

Бір күні ел жатуға ыңғайланғанда әлгі неміс әйел келіп жүр деп ымдады. 
Қолындағына тастай сала, үсті-басымды асығыс қағып, соңынан ере бердім. Ештеңе ойлауға мұршам жоқ. Жүрегім тарсылдап соғып барады. Орманға қарай аяңдадық. Анадайдан жарық көрінді. Неміс әйел маған сол жақты ымдады да өзі артқа қарай қайтуға ыңғайланды. Мен оған алғысымды қалай жеткізерімді білмей құшақтап алдым. Әйел болса екі қолын кеудесіне қойып, маған жақсы дегендей ишара білдіріп, кете барды. Мен болсам әлгі жарыққа қарай жақындадым. Байқасам ешқайсысы кеңес әскеріне ұқсамайды. Қорқайын дедім. Арасынан біреуі:

– Әй, ақымақ мұнда кел! Біз өз адамдарыңбыз, қорықпа! – деді. Бір дәу қара орнынан ұшып тұрып, «Бауырым!» деп кеудесіне қысып, құшақтады.

Әңгімелесе келе білдім. Бұлардың барлығы немістердің қолына тұтынға түскендер екен. Арасындағы еті тірі бірлі-жарымы осы орманға қарай қашып құтылыпты. Сөйтіп саңырауқұлақ теріп жүрген бағанағы неміс әйелді ұстап алып, қорқытқан екен. Тіпті біреуімен көңіл қосып та үлгеріпті. Ешкімі жоқ байғұс әйел бұларға киім, ас-суын алып келіп, соңында құлдықта жүрген кеңес әскерлерін табуға жәрдем берген. Қару-жарақ та тауып беріпті жарықтық. Осылайша шыбын жанымызды шүберекке түйіп, өлместің халін кеше жүріп, Алланың қалауымен кеңес әскеріне қосылдық, – деп Бекман көкем әңгімелегенде киноның лентасындай барлығы көзім алдыма елестейтін.

Сарбаздар кеңес әскеріне қосылған соң да оңайға соқпаған. Тұтқында болған оларды бірден қабылдамады. Ұзақ тексерді, күдіктенді. Ақырында ақталды. Сөйтіп, 1946 жылы жеңіс тойын тойлаған соң аман-сау елге оралды. Келе сала шаруашылыққа жұмысқа орналасты. Ұлмекен есімді сұлумен шаңырақ көтерді. Екеуі он ұл-қызды өмірге әкеліп, өсіріп бақты.

Біз ол кездерде совхоздың қойын бағатынбыз. Ауылға жап-жаңа су таситын көлік беріліп, жасы егде тартып қалған Бекманды қойларға су тасып беру үшін соған отырғызады. Сөйтіп ол кісі жұмыс бабымен біздің үйге жиі қонатын еді. Өзі кешқұрым жұмыстан шаршап келсе де маған қой айдасып, қораға қамауға жәрдемдесетін. Әсіресе мал төлдеген шақта көмегі көп болды. Оның жанында уақыт тез өтетін. Майдан даласында көрген-білгенін керемет әңгімелеп беруші еді. Мен болсам көзімнен жасым парлап отырып тыңдайтынмын. Жоғарыдағы жазған бұл естелігім Бекман ағамның айтқан әңгімелерінің қысқаша үзіндісі ғана. Кейіннен Бекманның еңбегі еленіп «Қызыл Ту» орденімен, бірнеше медальдармен марапатталды.

Иә, сұм соғыс ешқашан ешкімге де оңай болған жоқ. Әсіресе үйіндегі бар азаматын майдан даласына аттандырғандар шыбын жанын шүберекке түйіп, жол қарап, хабар күтумен күндері өтетін. Абырой болғанда Әшірханның ағайынды үш ұлы да аман-сау елге оралып, бейбіт күнде тіршілік ету бұйырыпты.
---
22 мамыр 2023 ж. 90 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930