Жерлестер олжамен оралды
Өткен аптаның соңғы жұмыс күнінде қала тұрғындарын рухтандырып, жастарға жалын сыйлап, «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес, Нартай Бекежанов драма театрында «Qyzylorda» телеарнасының ұйымдастыруымен тәуелсіздікке тарту ретінде «Тәуелсіздікті жырлаймын» атты айтыскер ақындар мен журналистер арасында айтыс болды. Айтыстың бас төрешісі кеше ғана өзі де жүлдемен оралған Мұхтар Ниязов. Сондай-ақ айтыскер ақын Серік Ыдырысов, Қазақстанның мәдениет қайраткері Оңталап Нұрмаханов, журналист Нұрлан Көбегенұлы мен «Qyzylorda» телеарнасы директорының орынбасары Айсұлу Қасымова әділ-қазылық етті. Айтысқа Нұрмат Мансұров бастаған ақындардан – Айдос Рахметов, Ержеңіс Тастыбай-Әбді, Сырым Әділбеков, Шыңғысхан Құдайберген, Бекжан Ержігіт қатысса, журналистерден – Айдар Сайлауов, Елжас Әбділда, Дәулетхан Маратұлы, Тұрар Бекмырзаев пен қыз-келіншектердің абыройы мен намысын аманат етіп арқалаған Нұрбике Құдайбергенова өнер көрсетті. Бас жүлдені «Әлімсақ» журналының тілшісі Айдар Сайлауов пен белгілі айтыскер ақын Нұрмат Мансұров алды. ІІ орынды Айдос Рахметов пен Дәулетхан Маратұлы иеленсе, ІІІ орынды жерлесіміз Шыңғысхан Құдайберген жұбы Ержеңіс Тастыбаймен бірге алып, қанжығасы майланды. Осылайша сөзден азық алып, сөз шебері атанып жүрген журналистер ақындардан бір мысқыл да төмен емес екендерін дәлелдеді.
«Тәуелсіздікті ту етіп, егемендікті жырына қосқан ақындармен қатар, әрбір адамның санасында сайрай тұғын өшпес мейрамға арналған бұл тарту жылда өз жалғасын тапса құба-құп іс болар еді» деген көрермендер мен қатысушылардан осындай игі ұсыныс тілек айтылды.
Ақбота БАЯНБАЙ