Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» Барымташының барар жері белгілі

Барымташының барар жері белгілі

Бүгінде елімізде мал ұрлығы өршіп тұр. Ұрты майланып, мол табысқа кенелген барымташылар айылын жияр емес. Басқасы басқа, Шиелінің өзінде ұрлықтың осы түріне қатысты қылмыстық оқиғалардың күніне түр-түрін еститін болдық. Мал ұрлау оқиғалары көбінесе өрісте, яғни жайылымдық жерлерде болатыны да белгілі. Тұрғындардың көпшілігі «Ұрылар ұсталмайды, тергеу тиянақсыз» деп шағымданады. Ал полиция қызметкерлері «Ұрыны ұстаған күнде де екі жақ бітімге келіп, іс аяқсыз қалады» деген қарсы уәж айтатын бұған дейін.

Бұл тек біздің өңірде ғана емес, бүкіл ел ішінде түйткілге айналған. Сондықтан қаншама жылдан бері шешімі табылмаған күрмеулі мәселе бұған дейін де қоғамда бірнеше рет талқыға түсті. Сан түрлі ұсыныс айтылды. Соның арқасында биылдан бастап нақты шешім қабылданды. Атап айтқанда ауыл халқын шығынға батыратын мал ұрлығына қатысты заң жазасы күшейтілді. Енді барымташылар зардап шегушімен татуласу арқылы немесе зардаптың орнын толтыру арқылы жазадан жалтару мүмкіндігінен айырылды. Себебі, ауыр қылмыстар үшін жазаны қатаңдату мақсатында жасалған жаңа заң жобасына сәйкес, мал ұрлығы ауыр қылмыстар санатына қосылды.
Аталған заңның қабылдануына бірден-бір негізгі себеп, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың мал ұрлаушыларға, мас күйінде көлік жүргізгендерге берілетін жазаны қатаңдату жөніндегі тапсырмасы еді. Ол бұл туралы: «Заңға өзгертулер енгізуді тапсырдым: алкогольді ішімдіктердің кез келген түрін ішкен күйінде көлік жүргізгені үшін, сондай-ақ мал ұрлығы үшін берілетін жазаны қатаңдату қажет» десе, тағы бірде«Адал еңбек етіп, күнін көріп отырған малшыларды қорғауымыз қажет. Заңды қатайтып, қылмыскерлерді сыбайластарымен қосып, қатаң жазалау керек. Ішкі істер министрлігі қызметкерлерімен кездесуде осы мәселеге қатысты нақты тапсырмалар бердім. Сондықтан әкімдіктер мен жергілікті полиция барымтаға қарсы шұғыл шаралар қабылдауы тиіс. Қылмыстық ­кодекске тиісті өзгертулер енгізу қажет. Парламент депутаттары осы бастаманы қолдап, мәселенің оң шешім табуына атсалысады деп сенемін» деген болатын.
Президенттің тапсырмасы негізінде тек мал ұрлығы ғана емес, қасақана адам өлтіру, педофилия, зорлық-зомбылық, есірткі саудасы, ұйымдасқан қылмыстық топ құрамындағы қылмыс үшін де жаза қатаңдады.

Заң жобасындағы жазаға тоқталар болсақ, қылмыстың қарапайым құрамы үшін – 5 жылға дейін, алдын ала сөз байласу арқылы ұрлағаны үшін – 7 жылға дейін, қайта ұрлық жасағаны үшін – 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Егер де бұл ұрлықты ұйымдасқан қылмыстық топ жасаған болса, қылмыскерлер 12 жылға абақтыға қамалады.
Ал барымташылық қылмыс үшін басқа ұрлық түрлеріне қарағанда жаза қатал болмақ. Жалпы бұл норманың маңызы зор. Неге десеңіздер, соңғы жылдары барымташылық ұйымдасқан қылмысқа айналып кетті. Ал ұйымдасқан топтың артында әлдебір аға-көкесі, шенді-шекпенді, тіпті полиция қызметкерлері де бар деген сөз жұртшылық арасында, әлеуметтік желілерде желдей есуде. Бұған дейін ұрлығының үстінде ұсталған азамат келтірілген зиянның орнын толтырып, кейін қылмыстық іс тараптардың ымыраға келуіне байланысты тоқтатылатын. Осылайша тергеу орта жолдан үзіліп, бұған жауапты адамдар жазадан құтылып кететін еді. Бізге белгілі мәліметке сәйкес, мал ұрлығында тараптардың 60 пайызы татуласып тынады екен. Ұрланған малды қайтарғаннан кейін мал иесінің көңілі орнына келіп, ал ұры абақтыға қамалмай, келесі жолы тағы біреудің қорасына түседі. Сондықтан қылмыстың бұл түріне қатысты жазаны күшейту дер кезінде қабылданған шешім ­болды.
Қазақ ежелден бір-біріне «Мал-жаның аман ба?» деп амандасады.«Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген де бар. Осыдан-ақ мінсе – көлік, ішсе – сусын, кисе – киім, жесе – ас болатын төрт түліктің халқымыз үшін қаншалықты маңызды болғаны айтпаса да түсінікті. Қазіргі уақытта көлік пен киімнің рөлін басқа құралдар алмастырғанымен, қорадағы малдың тұрмысқа қажеттілігі артпаса, бәсеңдеген жоқ.
Иә, ел тұрғындарының 40 пайызы ауыл төңірегінде тұрады. Ал ауыл өмірінің тірегі, кірісінің көзі – төрт түлігі екені анық. Сондықтан мал ұрлығын ауыр қылмыс санатына жатқызу халықтың ұзақ уақыттан бергі өтініш-тілегінің нәтижесі деп түйдік. Көптен күткен заң қабылданды, енді оның да бармақ басты, көз қыстылыққа салынбай, өз деңгейінде орындалуы алдымен полиция қызметкерлеріне, одан қала бере сіз бен бізге, елдегі әрбір азаматтың жауапкершілігіне жүктелмек.

Гүлхан ЯХИЯ


---
11 қаңтар 2020 ж. 557 0