Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұрылар ұсталмай ма?

Ұрылар ұсталмай ма?

«Қазақтың міні – мал ұрлығы» депті ғұлама Абай. Әлі де солай. Еліміздің қай аймағын алсақ та, жыл сайын төрт түлігінен қапыда көз жазып қалушылар көбейіп келеді.
Ақпарат көздеріне сүйенсек, биылғы жылдың өзінде елімізде мал ұрлығына қатысты 3500-ге жуық дерек тіркелген екен. Соның салдарынан 1400-ден астам күдікті ұсталып, 200-ден аса қылмыстық топ әшкереленді. Қызылорда облысы Полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасы шілде айына дейін мал ұрлығын жасаған 36 адамды қолға түсірді. Олардың 339 қылмыс жасағаны дәлелденіп отыр. Ұрлықтың 65 проценті жайылымнан, ал қалған 35 проценті ауладан және қоралардан кеткен.
«Соңғы кездері өрісте жүрген малдарды сойып алып кету деректері орын алуда. Барлығы 31 факті анықталды. Қараусыз жайылып жүрген малды сойып алып кету бойынша Қызылорда қаласы мен Шиелі ауданында – 7-ден, Жаңақорғанда – 10, Қармақшыда – 4, Жалағашта – 2, Арал ауданында – 1 қылмыс жасалды», – деп мәлімдейді аталған департаменттің баспасөз қызметі.
«Жесем – тамақ, мінсем – көлік, кисем – киім» деп қарапайым шаруаның пайда көріп отырған қорадағы малын қолды қылған жұрт ел ішінде жетеді. Мәселен, Шиелі ауданында мал ұрлығына қатысты жыл басынан бері 47 дерек тіркеліпті. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, көбінесе тұрғындардың малы қорада тұрған жерінен жоғалады екен.Ұрлықтың тек 22-сі ғана анықталса, 25 қылмыстық іс әлі күнге ашылмаған. Төрт түлігі қолды болған деректер кент пен Тартоғай, Ә.Тәжібаев, Алмалы ауылдарында өршіп тұр. Ал ең көп жоғалатын төрт түліктің түрі – қой мен ешкі. Бүгінге дейін жоғалған уақ малдың саны 71-ге жетсе, 20 сиыр, 16 жылқы мен 2 түйенің де ұрланған дерегі бар. Бұл тек құқық қорғау органдарына тіркелген ресми мәліметтер ғана. Ал шындығында ауданда жоғалған малдың шығыны бұдан асып жығылуы мүмкін.
Жалпы мал ұрлығы агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына кері әсерін тигізіп, ауыл тұрғындарын алаңдатып отырған бас­ты мәселеге айналып отыр. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасына сай жуырда ішкі істер министрлігінде заң жобасы жасалды. Осы жақында ғана ол Парламент Мәжілісінің назарына ұсынылған болатын. Аталған заң жобасында мал ұрлығына қатысты қылмысқа қатаң жаза қарастырылған. Онда мал ұрлағандар зардап шегушімен татуласу арқылы немесе зардаптың орнын толтыру арқылы жазадан жалтару мүмкіндігінен айырылады. Себебі, ауыр қылмыстар үшін жазаны қатаңдату мақсатында жасалған жаңа заң жобасына сәйкес, мал ұрлығы ауыр қылмыстар санатына енгізілді. Бұл туралы арнайы ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында ҚР бас прокурорының орынбасары Мұрат Ахметжанов: «Мал ұрлау кәсіп болуға айналып бара жатыр. Ол ұйымдасқан қылмыстық топпен жасалады. Оған шығарып беретін, тасымалдайтын, соятын, жалған құжаттар алып беретін азаматтар бар. Тікелей сыбайлас жемқорлыққа да жол береді. Сондықтан ауыр қылмыс санатына жатқыздық», – деп мәлімдегенін білеміз.
«Мал ашуы – жан ашуы» дегендей, төрт түлігі қайта-қайта қолды болып, едәуір шығынға ұшырап жатқан аудан тұрғынының бірі – Ербол Достияров. Жыл басынан бері жоғалған ірі қарасының көптігі сонша, есебінен жаңылып та қалған ол:
– Өзім Бидайкөл ауылындағы «Ербол» шаруа қожалығының төрағасымын. Мемлекет мал басын көбейтуге жағдай жасап жатыр ғой. Бірақ көбейтуге ұрылардан қорқамыз. Құқық қорғау органдарына шағымданғанымен, табылмайды. Осы қараша айының өзінде араға 4 күн салып екі-екіден асыл тұқымды төрт сиырымнан айырылдым. Күндіз өрісте жайылып жүреді, кешкісін қораға әкеліп қамаймыз. Ал таңертең қарасаң, ізім-қайым жоқ болады. Ауылдағы учаскелік полицияға айттым, бірақ ешбір хабар жоқ. Олардың ісі белгілі, «Ұрыны тапқанымен екі жақ бітімге келеді де, жәбірленуші арызын қайтып алады. Сосын біздің жұмыс жоққа шығады» деп қылмыскерді табуға асықпайды. Қайда барып, кімге шағымданарыңды білмейсің. Бала-шағамның несібесіне мал басын көбейтемін деп әр сиырды 400 мыңнан алған едім. Бұл ұрыларға қашан тосқауыл болады? – дейді кәсіпкер. Тек Ербол ғана емес, шаруалардың көбі жауапкершілікке тартылмаған соң қылмыскерлер де жүгенсіз кетті деп налиды. Иә, біреу отбасының қажеті үшін мал өсіреді. Аузымды ақ майға тигізеді, бала-шағамның несібесі ғой деп санын көбейткісі келеді. Бірақ біреудің есебінен күн көргісі келетіндер сол малды ұрлап, қарақшылық жасайды.
Ақмаялық Мақсат Кемелов те – көз алдында сиырынан айырылған жанның бірі. Жаздыгүні ауыл шетіндегі өрісте сиырын бағып жүрген ол, түске қарай нөсер жаңбыр жауған соң жауын басылғанша үйіне барып мызғып келгісі келеді. Жолшыбай ары-бері жүйткіген бөтен көліктің ауыл сыртына қарай бет алғанын байқаған ол, аздап күдіктенгенімен, іздеген мекенжайын таппай жүрген болар деп топшылайды. Бірақ Мақсаттың күдігі рас болғандай:
– Бірер сағаттан кейін өріске келсем, сиырлар жайылып жүрген орнынан жапа-тармағай қашқан ізі жатыр. Не болған деп айналама көз жүгірттім. Сөйтсем әріректе көліктің ізі жатыр. Пайымдауымша, ұрылар сиырды ұстап алмақ болған, бірақ ол арыққа қарай қашса керек. Өйткені, арықтың жиегінен сиырды сүйреген із анық байқалады. Өзім бастапқыда көрген бөтен көлік ұрлап кетті деп күмәндандым. Автокөліктің маркасы мен нөмірі есімде қалыпты, бірақ сериясын байқамадым. Барып учаскелік полицияға арыз жазғанмын. Ешқандай нәтиже болмады. Аудандық прокуратураға да шағымдандым, ол жақтан да жауап жоқ. Ізі жатыр, күдіктіні айтып бердім, қалай табылмайтынын түсінбеймін. Меніңше сыбайластық бар секілді, – дейді ол.
Жаза берсек тұрғындар тарапынан малының қолды болғанын айтып, шағымданатындар санында шек жоқ. Көпшілігі ұрылардың ұсталмайтынына ашулы. Бұл тек біздің өңірде ғана емес, еліміздің өзге аймақтарында да түйіткілді мәселеге айналған. Мәселен, былтыр Қазақстанда 15,5 мың бас мал ұрланған екен. Соның тек 7 мыңнан астамы ғана иесіне қайтарылыпты. Ал биыл жыл басынан бері 339 мал ұрланса, табылғаны – 117 бас қана.
Осындайда мал ұрлау кәдімгідей кәсіптің бір түріне айналған ба деген ойға қаласың. Өйткені, ұрылар күндіз де, түнде де біреудің малын көлігіне салып, қолды қылуға қымсынбайтын болған. Көпшіліктің айтуынша, ұрланған, құжаты жоқ малды нарықтағы бағадан арзан сатады екен. Оны алатын да, сойып сататын да арнайы адамдар бар дегенді де естіп жүрміз ұзын құлақтардан. Әрине, мұның қаншалықты шындыққа жанасатыны беймәлім. Дегенмен ұрыларға бір тосқауыл керек-ақ. Әзірге бар үміт жаңадан қабылданғалы тұрған заңда ғана.
Иә, бірнеше жыл бойы бағып-күткен азын аулақ малынан бір-ақ түнде айырылып қалу тұрғындардың қайсыбіріне де оңайға соқпасы анық. Өзгенің малын әкесінен қалған мұрадай оңды-солды сатып, басқаның есебінен байымақ болғандар түптің-түбінде жауап беретіні айтпаса да түсінікті. Қазақ «Ұрлық түбі – қорлық» деп тегіннен тегін айтпаса керек. Алайда, осынау қылмысты ашу тәртіп сақшылары үшін қиын істердің бірі екенін айтып өткеніміз жөн. Себебі, тәртіп сақшыларының айтуынша, қылмыскерлерді құрықтауда шұғыл-іздестіру шаралары ұйымдастырылып, оған полицияның бірқатар күш-құралдары жұмсалып, қылмыстың ашылуына қол жеткізгенде, жәбірленушілер кешірім арыз жазып немесе келтірілген шығын жөнінде алдыңғы көрсеткендерін өзгертіп, бүкіл тергеу жұмысын жоққа шығаратын көрінеді.
Қандай жағдай болмасын қылмыскерді әшкерелеу – сақшылардың парызы. Себебі, елді алаңдатып отырғаны – ұрлықтың көбейіп бара жатқандығы.

Гүлхан ЯХИЯЕВА
30 қараша 2019 ж. 739 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№32 (9196)

23 сәуір 2024 ж.

№31 (9195)

20 сәуір 2024 ж.

№30 (9194) (1)

16 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930