Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұрыдан ұят кетсе...

Ұрыдан ұят кетсе...


Кейінгі уақытта елімізде бұрын-соңды болмаған, әгәраки болған жағдайдың өзінде әлдеқашан жаназасы шығарылып, топырағы құрғап кеткен қылмыстың неше атасы қайта тіріліп, жан түршігерлік оқиғалар күн өткен сайын көбейіп жатыр. Ақырзаманның белгісі ме екен, әйтеуір адамдардың бойынан ар-ұят, намыс сынды асыл қасиеттердің жоғала бастағаны байқалады. Қазір, сөзге тоқтап, уәдесінде тұратын, аманатқа қиянат қылмайтын адам көрсек қуанатын болдық. Өйткені, адамдар арасында сенім деген дүние жоғалып барады. Қалайша жоғалмасын?... Егер де айналаңызда сұқ саусағын сұқтанып, бас бармағын бүгіп қалушы алаяқтар мен ұрылар көбейіп жатса...
Түнеукүні ауылдағы жақынымның жайылымда жүрген алты бірдей қашары түн астында ұрылардың алдында кетті. Дарияның арғы бетіндегі ағайынының аман-саулығын біліп, ауылға кешкілік келген мал иесінің сол күні даладағы ірі қарасын қайырып қайтуға үлгермейтінін нақты білген ұрылар ұрымтал тұсты ұтымды пайдаланып, арам пиғылдарын жүзеге асырған. Сонда деймін-дә, дария асқанға алты басынан айырылып отыр, ал, көрші ауданға кетсе не болмақ?! Жалпы, бүгінде ауданда мал ұрлығы өршіп тұр. Жайылымдық жерден жоғалғандарды айтпағанның өзінде, әккі ұрылар қорадағыны да қоймай бара жатыр. Біз айтып отырған Еңбекшінің өзінде былтырғы жылдың аяғында екі үйдің малы қатар ұрланып, табан астында қос шаңырақ қанқақсап қалған еді. Алғашқыда Серік есімді ауыл тұрғынының күнделікті шаруасына жарап тұрған бестісін жетектеп кеткен ұрылар, араға апта салып, ауыл шетіндегі тағы бір үйдің төрт бас қойын қолды етеді. Серіктен мән-жайдың анық-қанығын сұрағанымызда ол: «атым жоғалардан екі-үш күн бұрын күшік кезінен Торы төбеліммен бірге өсіп, қасынан бір елі ажырамайтын төбетімді таппай қалдым. Көршілерден сұрастырып, ауыл ішін іздегеніммен Сырттаным табылмады. Содан, өзімше итімнің үнсіз кеткенін жақсылыққа жорып, іштей «жақсы ит өлігін көрсетпеуші еді ғой» деп өз-өзімді жұбаттым. Сөйтсем, ол маған ескерту болған екен, ізінше қорамдағы жылқым жоғалып кетті», – дейді күрсініп. Кейін, жылқым табылып қалар деген үмітпен айналаны түгел шарлап, табанын тоздырған. Малым жоғалды деп ауылдағы жергілікті полиция қызметкеріне арыз да берген. Бірақ, Серіктің атымен қоса тағы екі үйдің малы ұрланып жатса да ауыл «шерипі» әлі күнге сүйінші сұрауға асығар емес.
Иә, қылмыскерлер аталған қылмыстық әрекет­ке алдын ала дайындалғандары көрініп тұр. Сондай-ақ, үш ұрлықтың үшеуін де кәнігі ұрының ұйымдастырғанын байқауға болады. Неде болса, елдегі ахуалды жақсы білетін адамның ісі екендігі анық. Әйтпесе, Еңбекшіде кімнің қанша малы бар екенін, оның қай қорада тұрғанын көрші Жиделінің немесе, басқа ауылдың адамдары қайдан білсін. Айтып отырғанымыздай мұндай қылмыстық әрекеттер тек Еңбекшіде ғана емес ауданның барлық ауылдарында орын алып отыр. Мәселен, өткен айда Ақмая ауылында айналасы екі күннің ішінде төрт үйден бір қора мал ұрланған. Бізге белгілі болғандай, ұрланған малдың барлығы қорадан кеткен. Жоғын жанталаса іздеген мал иелерінің арқасында, 2 жүк көлігіне тиелген ірі қараны егелері Шымкент қаласындағы «Қара бұлақ» мал базарында сатылып тұрған жерінен ұстаған. Мыңғырған малдың арасынан өз малдарын тайға таңба басқандай таныған жігіттер дереу Шымкент қалалық жергілікті полиция қызметкерлеріне хабарласып, қылмыскерлерді құрықтайды. Қылмыстық істі анықтау барысында белгілі болғанындай, Ақмая ауылының тұрғыны төрт үйдің малын ауызжаластарына жасырын түрде шығарып берген. Солайша құны екі жүз мың теңгенің жылқы, сиырларын бар-жоғы сексен мың теңгеден сатып жіберген. Осылайша көз көріп, кездескенде амандық сұрайтын ауылдасы ардан аттап, төрт бірдей шаңырақты зар еңіретіп кетпекші болған.
Жалпы, қайсыбір елде қарақшылық пен ұр­лықтың көбейіп кетуі заңның жұмсақтығы мен қоғам тыныштығын сақтайтын тәртіп сақшыларының осалдығының көрсеткіші. Бұл ешқандай дәлелдеуді қажет етпейтіні ақиқат. Әрине, жалпыға топырақ шашудан аулақпыз. Жұмысына жауапкершілікпен қарайтын жігіттеріміз де жоқ емес. Бірақ, біз сөз етіп отырған мал ұрлығына қатысты аудандық жергілікті полиция қызметкерлерінің ашылмаған қылмыстары бір төбе. Оны жыл басында халыққа берген есептерінен де байқадық. Қазір әр ауылдық округте бекітілген учаскелік полиция қызметкерлері бар. Мемлекет барлық жағдайларын жасап астарына ат, бастарына баспана беріп отыр. Ал, аудандағы ұрлық күн өткен сайын ұлғайып, өршіп барады. Не себепті бұлай болып отыр? Әлде сержанттың сұсы қашып, ұрылар милиция­дан мізбақпайтын болған ба? Қазақ «жаман үйді қонағы билейді» дейді. Ендігі жерде жергілікті полиция мұндай мысықтілеу меймандарымызды мейлінше бақылап, ұрлықтың алдын алып отырғаны жөн. Біздікі мұқым елді қорғауға ант берген жігіттер ауылдың тыныштығына салғырт қарамаса екен деген ой ғана.
P.S. Ислам шариғаты қарақшылықпен айналысып, кісі тонауды кәсіп еткен жандарға жаназа намазын оқуға тыйым салады. Ал, ұрының ұрлығы анықталған уақытта ұрлаған затының көлеміне қарай саусақтан бастап, білегіне дейін кесуді бұйырады. Көршілес Қытай халқы қолының сұғанағы бар адамға мүлдем аяушылық танытпайды. Өйткені, Аспан асты елінде ұрының қолын шолақ ету Конституция­­мен бекітілген. Біз бұл мақаламызбен ұсталған ұрының қолын кесіп, қарақшыға жаназа оқыма деуден мүлде аулақпыз. Дейтұрғанмен, ауылдың берекесін алып, қорадағы қойына қасқырша тиген сұғанақ қолдардың қылмысы анықталған жағдайда ауыл ақсақалдары ақылдасып, белгілі бір уақытқа дейін онымен дастарқандас болмай, амандаспай қою керек шығар. Тым құрығанда жөнге салу мақсатында оған қабақ шытып жақтырмаған кейіп танытса, бәлкім кінәлі екенін сезінер еді...

Елдос Жүсіп.
21 сәуір 2018 ж. 1 075 0