Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАСТАР ТӘРБИЕСІ ӨЗЕКТІЛІГІН ЖОЙМАЙДЫ

ЖАСТАР ТӘРБИЕСІ ӨЗЕКТІЛІГІН ЖОЙМАЙДЫ


Бүгінгі таңда суицид күн тәртібінде тұрған мәселелердің біріне айналды. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қазақстан жасөспірімдер мен жастар арасындағы өз-өзіне қол жұмсау деректері бойынша алдыңғы шепте тұр.

Суицидтің себептері де әртүрлі. Ол – жақын туысынан айырылу, мектептегі сыныптастарының мазақтағанына шыдамай, терең күйзеліске түсуден болуы мүмкін немесе баланың денсаулығындағы психикалық ауытқудың салдарынан орын алады. Ондай баламен жедел түрде жұмыс жасалмаса, соңы қайғылы оқиғамен аяқталуы мүмкін. Бұл тек ата-ананың ғана емес, білім, денсаулық, ішкі істер салаларының да тікелей бақылауында болуы тиіс. Бұдан басқа студенттер мен оқушылар арасындағы қылмыс жасау, ерте жүктілік мәселелерінің де өршіп тұрғанын кімнен жасырамыз?
Осыған орай, сейсенбі күні ауданға облыс орталығынан 16 адамнан тұратын тиісті сала мамандарынан құралған топ келіп, «Салтанат сарайында» ауқымды жиын өтті. Басқосуға аудандық ішкі істер саласының, білім бөлімінің қызметкерлері, барлық мектеп пен колледж басшылары, психолог мамандары қатысты. Жиын барысында аймақта оқушылар мен студенттер арасында өз-өзіне қол жұмсау, қылмысқа бару, ерте жүктіліктен сақтану бағытында ауқымды шаралар атқарылып жатқанын білдік. Тіпті, оқушылар арасында суицидтің алдын алуға бағытталған «Bilim foundation» қоғамдық қоры құрылып, тиісті бағдарламалар қабылданған. Ал, осы бағдарламаны пилоттық жоба ретінде біздің облыс алғашқылардың бірі болып жүзеге асырыпты. Десе де, жантүршігерлік жат қылық өрши түспесе, тыйылар емес. Бұл туралы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ақзира Қасымова:
– Шиелі ауданында­ ­жас­өспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсау әрекеті артып барады. Бұған байланысты 2017 жылы 6 оқиға тіркелсе, өткен жылы оның саны 13-ке жеткен. Бұл сіздерді, мектеп басшыларын қалай алаңдатпайды? Білім ордасында әр бала мектеп директоры мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарының, психологтың кабинеттеріне еркін кіріп, өз ойын, мәселесін ашық жеткізе алатындай байланыста болуы керек. Бірақ, өкінішке орай, бұл деңгейде жұмыс жасай алмай келесіздер. Бюджеттен қаншама қаржы бөлініп, «Bilim foundation» қоры арқылы барлық мектептің психолог мамандарын қайта даярлау курстарынан тегін өткіздік. Сол жерде алған білімдеріңіздің нәтижесі қайда? Саусақпен санарлықтай ғана мамандар кері байланыс орнатып, кеңес, көмек сұрап тұрады. Көпшілігіңіз жауапкершілікті сезінбей келесіздер, – деп сынап, бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Одан бөлек облыстық денсаулық сақтау басқармасының эксперт маманы, суицидолог Мира Мырзаханова, полиция департаментінің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөлім бастығы Манарбек Есжанов және білім басқармасының бөлім басшысы Шолпан Жүнісова баяндама жасап, жергілікті мамандардың жұмысына баға беріп, ұсыныстарын жеткізді.
Еліміздің болашағы жастардың заман талабына сай сапалы білім алып қоймай, саналы, тәрбиелі, рухы мықты боп өсуіне барлығымыз бірдей атсалысуымыз қажет. Бала тәрбиесі – басты міндет екенін естен шығармаған жөн.

Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ.

03 наурыз 2019 ж. 831 0