Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мобильдік жүйенің қарапайым тәсілі

Мобильдік жүйенің қарапайым тәсілі

Цифрландыру – экономика дамуына тың серпін беретін негізгі құралдардың бірі. Бүгінде ол адам өмірінің барлық салаларын біртіндеп қамтып келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында «емханалар мен ауруханалар цифрлық нұсқада қызмет көрсетуге көшуі тиіс» деп қадап айтты. Маңызды міндетті жүзеге асыру мақсатында ауданда дәрігерлер қағазбастылықтан арылып, медициналық қызмет сапасы еселеп артып келеді.
Дәрігерге қаралуға барған кезде тұрғындар бұрынғыдай ұзын-сонар кезек күтпейді. Емделуші үйде отырып-ақ, «Даму Мед» медициналық ақпараттық жүйесінің мобильді қосымшасы арқылы емханаға бармай-ақ, кез келген дәрігердің қабылдауына жазыла алады. Бұл жүйе жыл басынан бері аудан халқына ақпараттық және электронды көмек көрсету мақсатында жұмыс жасап келеді. Қазір кез келген адамның қолында смарт телефондар бар. Осы телефон арқылы медициналық көмек алуға мүмкіндік барын бірі білсе, бірі білмейді. Былтыр ақпан айында «Даму Мед» медициналық жүйесінің мобильді қосымшасы енгізілген болатын. Бүгінде бұл жүйе толығымен іске асып тұрғындар тиімділігін көруде.
«Даму Мед» мобильді қосымшасында «Менің жазылу ларым», «Менің шақыртуларым», «Менің отбасым», «Хабарландырулар», «Дабыл түймесі», «Еңбекке жарамсыздық парағы», «Рецепттер», «Зертханалық зерттеулер» деген модульдері қарастырылған.
«Менің жазылуларым» және «Менің шақыртуларым» модулі арқылы тұрғындар дәрігерге алдын ала жазылып, үйге шақырту мүмкіндігін және емханаға жазылғаны туралы хабарлама ала алады. «Менің отбасым» модулін отбасы мүшелері де қолдана алады. Отбасындағы қарт кісілер мен балаларға шақыртулар, сонымен қатар, дәрігерге алдын ала жазылуға мүмкіндігі бар. «Хабарландырулар» модулінде алдын ала хабарламалар түсіп отырады. Тұрғындар скринингтік, флюрографиялық, күні бұрын медициналық тексеруден өту, сондай-ақ хабарламалармен танысады. Келесі қызметтің түрі «Дабыл түймесі» модулі арқылы жедел жәрдем қызметіне жүгінуге мүмкіндік бар. Бұны тек жүкті әйелдер, 5 жасқа дейінгі баласы бар ата-аналар мен диспансерлік есепте тұратын науқастар ғана қолданады. Сонымен қатар, мобильді қосымшадан«Зертханалық зерттеулер» қызметі арқылы тапсырылған зерттеулер нәтижелерін емханаға бармай көріп, бақылай алады.
Қосымшаға кіріп, ЖСН нөмерін терген кезде қай емханаға тіркелгені көрініп тұрады. Дәрігердің қай уақытта қабылдайтыны, қай кезде бос екені, барлығы көрсетіледі. Олар бұрынғыдай емханаға барып, кезек күтпейді. Аудан тұрғындарының 17404 халқы осы жүйені ұялы телефондарына енгізіп, өздеріне керектісін пайдалануда. Яғни, 20-60 жас аралығындағы халық саны 38659 болса соның 45% тіркеліп отыр деген сөз. Сондай-ақ, есепте тұрған науқастар, зейнеткерлер, мүгедек жандар дәрігерді үйіне шақырта алады. Үйге шақырту қызметі бойынша жыл басынан бері 884 емделуші емханаға жүгінген. Ал, дәрігердің қабылдауына жазылған тұрғын саны 25756-ны құрап отыр. Бұл дегеніміз халықтың «Даму Мед» жүйесін әлі де болса, толықтай пайдалана алмай отырғанын көрсетеді.
Жас ана Айжан Әбілхамит­қызы қолданысқа енгізілген электрондық жүйені жетік меңгеріп алған. Нәзік жан жаңашылдықтың шексіз шарапатын сезінгенін айтады. – Мен «Даму Мед» қосымшасының ең алғашқы пайдаланушыларының бірімін. Тиімділігі сол, көп балалы ана ретінде өзімнің балаларымның талдау қорытындыларын көре аламын. Дәрігердің қабылдауына үйде отырып-ақ жазыламын. Уақытым үнемделіп, бұрын кездескен ыңғайсыздықтардың барлығынан арылдым, – дейді ол.
Емханаға бармай-ақ, осы жүйенің көмегімен қажетті маманды үйіңізге шақыртып, дәрігердің қабылдауына жазылып, көмек алуға мүмкіндік бар. Бұл жүйе медицина саласындағы цифрландыру бағытындағы жұмыстардың бір парасы. Дамудың даңғыл жолына түскен еліміздің денсаулық сақтау саласындағы тың бастамалар қарапайым ғана мобильдік жүйе қажетіне жарап жатқандығы қуантады.

Жұлдызай Ноғайбайқызы.
16 ақпан 2019 ж. 1 011 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930