Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мақсат – айқын, міндет – зор

Мақсат – айқын, міндет – зор


Аймақтағы барлық әкім 2018 жылды қортындылап, атқарған жұмыстары бойынша өз есептерін берді. Сонау орталықтан шет жатқан шалғай ауылдарда басталған әкімдердің есебі, кейін кент әкімінің тұрғындармен кездесуіне ұласып, соңыра аудан әкімі де халық алдында ит жылында жасаған жүйелі жұмыстарының бүге-шүгесіне дейін айтып, алдағы жоспарларымен бөліскен еді. Жеті аудан мен қала әкімдерінің қортынды жиындары түгелімен тыңдалғаннан кейін, аптаның сәрсенбісінде облыс әкімі Қ.Көшербаевтың ел алдындағы дәстүрлі есеп беру кездесуі өтті. Жиында аймақ басшысы өткен жылды қорытындылап, алдағы жоспарларды баяндады.

Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театр­­да өткен есепті кездесуге ҚР Ішкі істер ми­нистрі­нің бірінші орынбасары Ж.Сүлейменов, ҚР Президенті Әкімшілігінен Н.Тілешев, Премьер-Министр кеңсесінен М.Сұлтанғалиев, Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Б.Әбдірайым, «Қаз­атом­пром» «ҰАК» АҚ Басқарма төрағасы Г.Пірматов, «АстанаГаз КМГ» АҚ Бас директоры С.Мақашов қатысты. Жергілікті атқарушы мемлекеттік органдардың басшылары, мәслихат депутаттары, аймақтағы барлық 264 елді мекеннің өкілдері және халықтың барлық топтарының, саяси партиялар мен қозғалыстардың, үкіметтік емес ұйымдардың, қоғамдық кеңестердің, сондай-ақ, еңбек ұжымдары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері болды.
Қай уақытта да халықпен ашық, еркін байланыс жасауға бейім тұратын аймақ басшысы бұл жолы да сол әдебінен танбады. Асықпай, аймақта былтырғы жылы атқарылған әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани, кәсіпкерлік пен туризім, спорт, қоғамдық саяси тұрақтылық салалары бойынша көзге көрінген жұмыстары турасында баяндап, тұрғындардың талап, тілек, өтініштеріне жауап берді. Осы ретте аймақ басшысының баяндамасында айтылған жұмыстардың бірнешеуіне тоқталып өтсек.

СЫР КҮРІШІ ИРАНҒА
ЭКСПОРТТАЛАДЫ

– 2018 жылы күрішшілер су тапшылығына қара­мастан, 473 мың тонна өнім жинап, Моңғолия, Түркия және Ауғанстанға күріш жөнелтті.
Өткен жылы өңірде дәстүрлі өнімнен бөлек Иранға экспортқа шығару үшін күріштің ирандық сортын өсіру басталған болатын. Қазіргі уақытта экспорттық бағадан 4 есе жоғары жүретін ирандық күріш сортын жөнелту жөнінде келіссөздер жүргізілуде. Сонымен қатар, биылдан бас­тап егіншілікті дамыту суармалы жерлермен шектелгенін ескере отырып, мол өнім беретін және суды аз қажет ететін дақыл алқаптарын көбейтуге, сондай-ақ, мал шаруашылығын дамытуды қамтамасыз ету үшін жемдік және азықтық дәнді дақылдардың егістерін ұлғайтуға басымдық беріледі. 2018 жылы күріш егісі 3 мың гектарға кеміді, ал майлы дақылдар егісі, атап айтқанда мақсары 2013 жылы 1659 гектардан 2018 жылы 8404 гектарға дейін ұлғайды. Бұл мақсары майын өндіруді ұйымдастыруға және 2018 жылы бірінші рет осы өнімнің 50 тоннасын Қытай нарығына шығаруға мүмкіндік берді. Осылайша, Қытайға жыл сайын кемінде 2,4 мың тонна мақсары майын жеткізуге келісімшарт жасалды. Алдағы уақытта өсімдік шаруашылығы өнімдері экспортының 28 пайызға өсуін қамтамасыз ету жоспарда бар, – деді облыс әкімі.

520 түлек Ресейде білім алуда
Есепті кездесуде облыс әкімі Қ.Көшербаев білім саласына ерекше тоқталып, Қызылорда облысы – Ресейдің жетекші техникалық ЖОО-да РФ үкіметінің гранты есебінен 520 түлегіне білім алуға мүмкіндік жасаған республикадағы жалғыз облыс екенін атап өтті. «Серпін» бағдарламасы аясында сырбойылық 4 мыңнан астам түлек еліміздің солтүстік және орталық өңірлеріндегі жоғары оқу орындарында білім алуда. 2013 жылдан бастап аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан, әсіресе, ауылдық жердегі балаларды оқытуға әкім гранты бөлінді. Бүгінде еңбек ресурстарының теңгеріміне сәйкес өңірде сұранысқа ие мамандықтар бойынша Қазақстан Республикасының жетекші ЖОО-да оқитын 900-ге жуық жастар аталмыш грантқа ие болды.

6 жылда экспорт түрі 15-ке көбейді
«Соңғы 6 жылда ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорт көлемі 27 пайызға өсті, ал, оның 97 пайызы өңделген өнім үлесіне тиесілі. Дәл қазір біздің алдымызда – шикізат өңдеуді қамтамасыз ету және сыртқы нарыққа сапалы дайын өнім шығару мақсаты тұр. Облыстың агроөнеркәсіп кешеніндегі экспортталатын өнімдердің тізімі тек соңғы 6 жылда 3-тен 15 түрге көбейді. Бұл біздің мүмкіндіктеріміздің шегі емес, облыстың экспорттық әлеуеті өте ауқымды» – деді аймақ басшысы. Иә, Қ.Елеуұлының келтірген дерегі дәйексіз емес. Мәселен, 2016 жылы бірталайдан бері тұралап қалған бақша өнімдерін экспорттау алғаш рет жүзеге асқан, 2017 жылы Біріккен Араб Әмірліктеріне, Иран, Моңғолия және Өзбекстанға көкөніс пен мал экспорттай басталды. Ал, 2018 жылы Қытайға алғаш рет мақсары май жөнелтілді. Статистикаға сүйенетін болсақ, егер 2017 жылы облыс экспортқа 2,2 мың бас қой жөнелтсе, 2018 жылы бұл көрсеткіш 4 есеге артқан. Сондай-ақ, 8191 бас мал Ресей Федерациясы мен Иранға жөнелтілген. – Аймақта халықаралық стандартқа сәйкес келетін ет комбинатының болмауына байланысты малды шетелге жіберуге немесе оны басқа облыстардың ет комбинаттары арқылы экспорттауға тура келеді. Биылғы жылы Қызылорда қаласында қуаттылығы күніне 200 бас ірі қара және 1000 бас ұсақ мал соя­­тын заманауи ет комбинатын салу жоспарланып отыр, – деді Қ.Елеуұлы.

Үздік аймақ
Облыста жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 13 пайызға артқан. Бұл көрсеткіш бойынша облысымыз республикада көш бастап тұр. Жұмысқа орналастыру, салық базасын кеңейту және қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау сияқты мәселелерді шешу мақсатында 2018-2020 жылдары облыста жаппай кәсіпкерлікті дамытудың үш жылдығы болып жарияланды. Осыған байланысты өткен жылы әзірленген кешенді «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі жол картасы» шеңберінде әртүрлі көздерден 32 млрд. теңгеден астам қаражат тартылған. Мәселен, мыңнан астам жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар жалпы сомасы 4,3 млрд. теңгеге шағын несие алды. 1000-нан астам микробизнес жобасы іске асырылып, аймақта 1,5 мың тұрақты жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік туды. Ағымдағы жылы аймақта «Жол картасы» әзірленген еді. Оның шеңберінде бизнесті дамытуға тағы 34 млрд. теңге бағыттау көзделіп отыр. Айта кетейік, 2018 жылы Қызылорда облысы рейтинг бойынша бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасаған ең үздік аймақ болып танылды. Еселі еңбектің бағасы ретінде Мемлекет басшысы Н.Назарбаев облыс әкіміне «Алтын сапа» сыйлығын табыстаған болатын.

Жеңіл өнеркәсіпті дамытуға жол ашылмақ

2019 жылы облыста жеңіл өнеркәсіпті дамыту бойынша аймақтық бағдарлама жұмыс істей бастайды. Жаппай тұтыну тауарларын шығару жөніндегі өндірістерді құруға – тоқыма, тігін, тері және тамақ өнеркәсібі, сондай-ақ, тағы да басқа өнеркәсіптер бойынша Өңірлік инвестициялық орталық арқылы 10-нан 20 млн. теңгеге дейінгі сомада 8 пайызбен 5 жылға кредиттер берілетін болады. Бірінші кезеңде оны іске асыруға шамамен 800 млн. теңге бағыттау жоспарланған.

49 денсаулық нысаны салынды

Аймақта денсаулық сақтау нысандарының 86 пайызы жаңартылды. 6 жыл ішінде апатты жағдайдағы ғимараттардың орнына 49 денсаулық сақтау нысаны салынды, қалған 8 нысанның құрылысын таяу екі жылдың ішінде аяқтау жос­парланып отыр. Соңғы 5 жылда облыста алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандарының 63 пайызы толықтай жаңарды. 2018 жылы Арал ауданының Бекбауыл ауылында, Қазалы ауданының Өркендеу ауылында және Сырдария ауданындағы Ақжарма ауылында 3 жаңа ауылдық амбулатория, сондай-ақ, Арал және Қазалы аудандық орталық ауруханалары пайдалануға берілді. Шиелі аудандық орталық ауруханасының құрылысы жақын арада аяқталады, сондай-ақ, Жалағаш аудандық ауруханасының құрылысы басталады. Сонымен қатар, Қызылорда қаласындағы онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпсалалы аурухана құрылысының жобасы әзірленуде. Жобаны облыс орталығының сол жақ жағалауында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асыру жос­парлануда, – деді облыс әкімі.


Ел игілігі үшін осы іспеттес біршама жаңалықтарымен боліскен аймақ басшысы осы жылы Қармақшы, Жалағаш аудан орталықтарына көгілдір отыны жеткізілгеннен кейін, облыстағы Тіректі елді мекендеріне газ құбырлары жүргізілетінін айтты. Одан әрмен қарай жиын кездесуге келген халықтың сауал жолдауымен жалғасты.

Елдос Жүсіп.
16 ақпан 2019 ж. 652 0