Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бірлігі жарасқан өңірде береке бар

Бірлігі жарасқан өңірде береке бар


Екі аптаға созылған кент және ауыл әкімдерінің халық алдында есеп беру жиындары өз мәресіне жетті. Соның қорытындысы ретінде кеше ғана аудан әкімі Әшім Оразбекұлы аудан тұрғындарына 2018 жылы атқарылған жұмыстарын баяндады.

Салтанат сарайында өткен қорытынды жиынға облыс әкімінің орынбасары Евгений Ким, ҚР Президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Нұрлан Шаймерденұлы, аудан ардагерлері, тиісті сала басшылары, БАҚ өкілдері мен жастар жиналды. Жұмадағы жүздесу аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы Серік Тоқтыбаевтың жыл бойы жасаған жұмыстары жайлы есебінен басталды. Одан соң сөз алған аудан басшысы Ә.Оразбекұлы 2018 жыл аудан үшін тарихи, табысты жыл болғанын атап өтті. Сондай-ақ, ол өткен жылы аудан бюджеті 15 млрд. 573 млн. теңгеге артығымен орындалып, оның 99,9 пайы­зы, яғни, 15 млрд. 402 млн. теңге игерілгенін мәлімдеді. Жиын барысында ауданның өткен жылдағы жалпы әлеуметтік экономикалық дамуы мен 2019 жылдағы міндеттері сараланды. Шиелі ауданының өнеркәсіп саласында әлеуеті зор. Жалпы, барлық сала бойынша өткен жылды шиеліліктер тәуір аяқтады.
Биылғы жылы жобалық құны 2,5 млрд. теңгені құрайтын «Сыр Агро и К» ЖШС-нің 1200 бас ірі қара малына арналған тауарлы сүт фермасы аймақтық үйлестіру кеңесінен қолдау тапты. Жоба жүзеге асқан кезеңде тәулігіне 15 тонна сүт өнімі өндірілетін болады.
Кәсіпкерлікті дамыту бағыты бойынша да өңірде жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Өткен жылы 177 жобаға 847 млн. теңге несие берілген. Ал, жыл бойы 765 кәсіпкер кірістер басқармасының тіркеуіне алынған. Аудан әкімі ауыл шаруашылығы саласы бойынша да ауыз толтырып айтарлықтай ақпарат берді. Аталған сала бойыша өткен жылы көлемі 20 млрд. теңгеден аса қаржының өнімі өндірілді. Шиелілік диқандар 12 627 гектар күріштің әр гектарынан 57 центнерден өнім келтіріп, 71 974 тонна астық қамбаға құйылды. Ең бастысы өткен жылдың қорытындысымен Шиелі ауданы агроөнеркәсіп кешенін дамытқаны үшін І орын иеленіп, «Үздік аудан» атанды. Аудан басшысы халық алдындағы есебін:
– Алған асуларымыз, ең алдымен, Елбасының сарабдал саясаты негізінде қаланған еліміздегі тұрақтылықтың, ел бірлігінің арқасында, еліміз тәуелсіздік алған аз ғана уақытта жеткен ғасырға бергісіз орасан зор жетістіктердің жемісі. Халықтың тұрмыс сапасының артуы және еліміздің озық дамыған 30 елдің қатарына қосылуы – Тәуелсіз елдің мәңгілік мұраты.
Жаңа 2019 жыл – жаңару мен тың серпінді жобаларды іске асыру жылы. Атқарылар жұмыс көп, мақсат-міндеттер де жоғары, жоспарланған жұмыстарды іске асыруға барлық мүмкіндіктер бар деп есептеймін. Аудан халқы ауызбірлікпен, ынтымақпен алдағы жылы да толағай табыстарға жетеді деп сенемін! «Алты Алаштың анасы» атанған Сыр өңірінің ең шұрайлы, ең көрікті аймағын мекен еткен Шиелі ауданы әрдайым тұрақтылық пен ынтымақтың жоғарғы үлгісін көрсетіп, мемлекеттік бағдарламалардың өз мерзімінде орындалуына өзіндік үлесін қоса береді. «Мәңгілік Ел» ол қуатты экономиканы дамытудың, білім, мәдениетіміздің өркендеуі мен адамдардың денсаулығын жақсартудың, рухани жаңғырудың негізінде жүзеге асады, – деп қорытындылады.
Жиын соңында аудан ардагерлерінің атынан сөз сөйлеген Ақмая ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжетай Палмағанбетов аудан басшысының жыл бойғы атқарған жұмысына оң бағасын берді. «Ұлы даланың жеті қырында айтылған ұлы мұраларымызды сақтап қалу бүгінгінің борышы, аға буынға сын, жас ұрпаққа аманат. Бар қазақтың түп қазығы ауылда бірлік пен береке бекем болуы тиіс», – деді ардагер. Одан бөлек, Жазушылар одағының мүшесі Нұрмахан Елтай кенттегі қамыс және мия зауыттарының жұмысын жандандырсақ екен деген халықтың тілегін жеткізді. Оған аудан басшысы «Мия зауытын қолға алу мақсатында қытайлық инвесторлармен келіссөз жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта келісімге келіп жатсақ, зауыт қарқынды жұмыс жасамақ. Ал, қамыс зауытына қатысты инвесторлар тарапынан түсініспеушілік болуда. Жақын арада шешімін табатын боламыз», – деп жауап берді.
«Ару ана» шұбат цехының технологі Баян Дүйсенбек өңірде жасалып жатқан жарқын істерге көңілі толатынын айтып, өңір басшысына алғысын жаудырды. Ал, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дің филология факультетінің студенті Элена Пак жиналғандарды жастар жылымен құттықтап, өз кезегінде қазақ тілінің дамуы үшін еңбек ететінін жеткізді.
Осылайша, ауданның жыл он екі ай бойы жеткен жетістіктері мен кеткен кемшіліктері сараланды, талқыланды, өз мәресіне жетті. Енді, алдымызда жастар жылында жасалар ауқымды міндеттер кезегін күтіп тұр.

Гүлхан ЯХИЯ,
Б.Бәйімбет (фото)
26 қаңтар 2019 ж. 831 0