Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлеуеті төрге, өндірісі өрге озған

Әлеуеті төрге, өндірісі өрге озған


– Сіз білесіз, көпір салу сауапты іс. Шиелі ауданы үшін маңызы зор осынау көпір құрылысын өзіңізге аманат етіп, ұсынып едік. Халықтың аманатына адалдық танытып, уақыт оздырмай орындап шықтыңыз. Біз үшін бұл көпірдің маңызы, өзіңіздің бастамаңызбен Қызылорда қаласының сол жағалауына жол тарта салынған көпірден кем емес, – деді, Төңкеріс ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә.Мизамбаев.

Өз кезегінде, облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы: – Мен сол жағалауға көпір салғанда, арғы бет мидай жазық, қу дала еді. Кейбір кері пікірлерді де құлағым шалғаны жасырын емес. Бүгінде сол жағалауға бірнеше мөлтек аудан түсті. Әсем де маңызды әлеуметтік нысандар бой көтерді. Ел қонып, ел жайлады. Елордамыз Астана қаласына қарап, бой түзеп келе жатқан шаһардың сол жағалауында болашақта 15 мөлтек аудан түзіліп, ол жерлерде құдай қаласа, жақын болашақта 90 мыңнан астам халық тұратын болады. Ол тұрғындар сіздердің бала-шағаларыңыз, үрім-бұтақтарыңыз болмақ. Көпір салу шындығында сауапты іс. Мен өзім осы уақытқа дейін 17 көпірдің салынуына тікелей ықпал етіппін, – деді көпшілікке қарап, жылы жымиып.
Ия, түнеу күні яғни, сенбінің сәскесі ауа, ауданға аймақ басшысы Қ.Көшербаев арнайы іссапармен келгенде өрбіген әңгіме еді бұл. Облыс әкімі өткен аптадағы жұмыс күндерін Шиеліде жалғастырып, өңірдегі бірқатар әлеуметтік маңызды нысандарды аралап, кейбірінің ашылу салтанатына қатысып, тұрғындармен жүздесіп, халықтың ой-пікірін бағамдаған-ды.
Көпір салу – сауапты іс
Сапар барысы әуелі, Төңкеріс ауылдық округі тұсынан өтіп, Н.Бекежанов ауылының батысынан бауырлай бұрылып, тауға қарай тіке тартатын көпір құрылысымен танысудан басталды.
Көпірдің жалпы ұзындығы – 27 метр, ені – 15 метр. Су өтетін биіктігі 3,80 метр, кірме жол 300 метр. Көпірдің қос жақтауына жаяу жүргінші жолдары да арнайы қорғаныс белдеуімен орнатылған. Осынау құрылыстың маңызы аудан үшін өте зор деп жоғарыда айтып өткен едік. Бұл қайсы, қандай көпір дерсіз. Ендеше, осыған кішкене тоқтала кетуді жөн санадық. Естеріңізде болар, бұдан біршама уақыт бұрын елімізде «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолының құрлысы қарқынды жүргізілген еді ғой. Міне сол кезде, «Самара-Шымкент» автомобиль жолының (1942+200 шақырым) «К-3» қашыртқымен қиылысқан жерінде орналасқан көпірдің апатты болуына байланысты «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолы құрылысын жүргізушілер тарапынан каналға уақытша жаңа өткел салынған еді. Мәселенің бәрі осы кезде туындады.
Яғни, көпір орнына деп салынған су өткізетін екі көзді бетон құрылғының төменгі деңгейі қашыртқының табанынан 1,5 м. биік болуына байланысты «К-3» қашыртқысы суды тиісті дәрежеде тартпай, Шиелі кенті мен Н.Бекежанов елді-мекенін ыза су баса жөнелді.
Аудан орталығы, Шиелі кентіндегі тал-дарақтар, жас-өскін шыбық, көк-шөп, ыза судың әсерінен қурап, тамырынан шіріп, көгалдандыру жұмыстарына кері әсерін тигізе бастады. Тіптен, кейбір алыс-жақын ауылдық округтерге де жанама зиянын келтіріп, зардабын шеккізген бұл көпірдің әуресі шындығында күн тәртібіндегі өткір мәселенің біріне айналып шыға келгені жасырын емес.
Облыс әкімінің өзі бұл көпірге бірнеше мәрте келіп, көзімен көріп, тұрғындармен, ел-жұртпен жолығып, құрылыс жүргізудің аса қажет екендігін назарға алған.
Нәтижесінде, облыстық бюджеттен көпір құрылысына 105,2 млн. теңге қаражат бөлінді. Бас мердігер «Стандарт ОЙЛ КЗО» ЖШС.
Көпір құрылысын көзімен көріп, тұрғындармен тілдескен аймақ басшысы, ауданның жетістігін облыстың бүгінгі таңдағы тыныс-тіршілігімен болашаққа бағдарланған кейбір жұмыс жоспарларын баяндады. Алдағы жақын болашақта Шиелідегі Қаратау кен орындарының маңызы арта беретіндігін жеткізді. Әлемдегі ванадий кен қорының 25 пайызы біздің өңірде. Оның үстіне жыл өткен сайын аталған металлдың бағасы әлемдік нарықта 40 пайызға дейін тұрақты көтеріліп отыр. Сұраныстың артып келе жатқандығы көңіл қуантады, – деді аймақ басшысы, көпірге қиялай қарауыта көрініп тұрған қарт Қаратау жотасына сеніммен қарай. Ия, мұқым қазаққа қысылғанда қорған, сасқанда сая болған, асқан жауға тосқан болған Қаратау расымен қасиетті. Сырды анам, Қаратауды панам деп білген біздер үшін бұл таудың әлі де берері көп. Ол игіліктерді алдағы ұрпақтың, таяу болашақтың еншісіндегі дүние деп білейік.
Облыс әкімі бұдан кейінгі сапарын Гигант ауылдық округінде жалғастырды. Бұл жерде «Жастар корпусын дамыту» (Zhas projekt) аясында жүзеге асырылып жатқан жобалардың жұмысымен танысты.
Әлем қазір теңескен кез...
Айта кету керек, облыста 2018 жылдан бастап, «Жастар корпусын дамыту» жобасы қолға алынып, жұмыс жасалуда. Аталған жоба халықаралық қайта құру және даму банкі арқылы қаржыландырылған.
Мәселен, белгілі бір өзіндік идеясы бар жас өз жоспарын түзіп, құжаттап, хаттап, бастама көтеріп, әлеуметтік маңызды бизнес көзін тапса, оған қаржылай қолдау көрсетіледі. Бұл жобаға 16-29 жас аралығындағы жұмыссыз, мүмкіндігі шектеулі жастар қатысуда. Оларға 1 миллион теңгеге дейін қайтарымсыз гранттар берілді де.
Біз бұл туралы яғни, газетіміздің әрбір санында жоба жеңімпаздары туралы кең көлемді материалдар беріп, грант иелерінің болашақтағы жұмыс жоспарымен көпшілікті таныстырып келген болатынбыз.
Мінекей, осындай игілікті шара аясында Шиелі ауданынан 86 жоба ұсынылып, 30 жоба жеңімпаз болып танылған. Әрбір жобаға тиісті көлемде қаражат беріліп, екі қолға бір күрек іздеген 96 жас тұрақты жұмыспен қамтылды.
Түрлі жоба жеңімпаздарымен кездес­кен облыс басшысының бұл жерге арнайы тоқтауында үлкен мән бар. Себебі, қайтарымсыз гранттар белгіленген әлуметтік жобаларды жеңіп алып, жұмысын әрі қарай ілгерілетпей, дамытпай, орта жолдан тоқтатып қойған жас өзінен кейінгілерге орасан зор кедергі келтіретіндігі рас. Бұл бизнестің де алға жылжуына кері әсерін тигізбек. Ашық аспан астында жастармен жиылып, кеңес беріп, ақылын айтқан аймақ басшысы сөзін былайша түйіндеді. – Жастар! Үкіметпен жеке адамның мүддесін тоғыстыратын жобалар әзірлеңіздер! Сіздердің ұсынған жобаларыңыз бізді қаншалықты таңқалдыра білсе, өз кезегінде біз де соншалықты қаржылай қолдаулар көрсетуден әсте танбаймыз. Қазір әлем теңесіп кетті. Сондықтан, ауылда тұрамыз деп кейін шегінуге болмайды.
Тың идеяларыңызды ұсыныңыздар. Бүгінгі таңда дамыған цифрлы технология АҚШ-тың Нью-Иоркі мен Қызылорданың шалғай елді-мекеніндегі ахуалды бір мезетте білуге, игіліктерді қолдануға, жаңалықтарды естуге және көруге мүмкіндік беріп қойған. Ауыл баласы мен қала баласы теңесті. Екеуінің де қолындағы гаджет интернет жүйесіне еркін енуіне, соған сәйкес, өзіне қажетті тың мәліметтерге еркін қол жеткізуге мүмкіндік береді. Осы мүмкіндіктен құр қалмай қажеттеріңізге пайдаланыңыздар. Қызылорда облысы 17 аймақтың ішінде жастарға қаржылай қолдау көрсетуден алдыңғы қатарда екендігін айтқым келеді. Біз жастарға орасан зор қаржылай қолдау көрсетіп жатырмыз. Сондықтан да, мен алдағы екі жылды қосымша облыста «Бизнес­ке қолдау» жылы деп жарияладым. Ал, Елбасы 2019 жылды «Жастар жылы» деп бекер жариялап отырмағандығын енді түсінген шығарсыздар. Сондықтан, ұсыным-жоба сіздерден ал, қаржылай қолдауды біздерден деп біліңіздер. Облыс бюджетінің 60 пайыздан астамы осындай әлеуметтік мәселелерге бөлінетіндігін назарларыңызға саламын, – деді аймақ басшысы сөз соңын жастарға жігер бере тәмамдап.
Анықтама ретінде айта кетсек. «Жастар корпусын дамыту» (Zhas project) жобасы биыл еліміз бойынша 6 облыста, оның ішінде Қызылорда облысында да жүзеге асырылуда. Облыс бойынша жергілікті әкімдіктер мен жастар ресурстық орталықтарының үйлестіруімен техникалық іріктеу кезеңіне жастардың 671 жобасы ұсынылып, 266 жоба нақты қолдау тапты. Жоба аясында жұмыс істемейтін және оқымайтын немесе жұмыс істейтін, бірақ, кедейлік шегінен тыс қалып отырған 900-ден аса аймақ жастары 6 ай көлемінде шәкіртақы негізінде 40-60 мың теңге аралығында жалақы ала отырып жұмыс жасады.
Салыстырмалы түрде қарар болсақ, жобалардың дені Қызылорда облысының еншісінде. Қызылорда облысы – 266, Жамбыл облысы – 222, Ақтөбе облысы – 165, ШҚО – 158, Қостанай облысы – 145, СҚО – 71 жобаның жеңімпазы атанған.
Ал, облыс бойынша Қызылорда қаласы – 93, Жаңақорған ауданы – 69, Шиелі ауданы – 30, Жалағаш ауданы – 26, Сырдария ауданы – 19, Қармақшы ауданы – 14, Қазалы ауданы – 11, Арал ауданы – 4 жобаны жеңіп алған.
Сауысқан басып жейді,
ақсұңқар шашып жейді...
Бұл күні Бидайкөлде маңызды нысан ашылды. Ауыл халқы, аудан ардагерлері жиылған салтанатты шараға облыс басшысы да арнайы барып, көпшіліктің қуанышымен бөлісті. Ауылдың орталық көшесінен бой түзеген «Бастау» сауықтыру кешеніне жиылған халықтың қарасы көп. Бұған дейін осындай құрылыс Шиеліде болмағаны рас. Жабық бассейіннің маңызы шындығында зор. Аудан айналасында канал, қарық, көл-тоған су жүйесі көп. Жүзіп үйрену өмірлік маңызы бар өнер. Қажеттілік. Соңғы кездері Шиелі кентінің өзінде бірнеше жерде ақылы ашық бассейндер көбейді. Шілденің шіліңгір күнінде бұл орындарға бала-шаға, адамдар барып, мәз-мәйрам болып, суға түсіп жатады. Бұл маусымдық қызық. Ал, қысы жазы қызмет көрсететін жабық бассейн құрылысы шындығында көпшілік үшін қажет-ақ, дүние еді. Біреулер уақытын қызықты етіп өткізу үшін барса, енді біреулер салауатты өмір салтын ұстанады. Ал, келесі бірі шындығында дәрігердің ұсынуымен осындай орындарға келіп, емдеу-сауықтыру мақсатында суға жүзіп жатады.
Ашылу салтанатында сөз сөйлеген аймақ басшысы Қ.Көшербаев:
– Шиелі ауданында осындай үлкен нысанның ашылып жатқандығы өте қуанышты жағдай. Сіздердің болашақта денсаулықтарыңыздың нығаюуына, бұқаралық спорттың дамуына үлкен үлесін қосады деп сенеміз. Игіліктеріңізге ұстаңыздар! – деді.
Жаңа спорт кешені суды жылытатын және тазартатын ең соңғы заманауи технологиялық құралдармен жабдықталған. Үлкен бассейннің көлемі 12х25 метр, тереңдігі 2 метр. Кіші бассейін 9х5 метр, тереңдігі 1 метр болады. Ол барлық стандарттарға сай жасалған. «Бастау» сауықтыру кешені жабық бассейннің жалпы құны 180,1 млн. теңге. Спорттық сауықтыру бассейінін жеке кәсіпкер Ғалымжан Ерекеев өз қаражатына салған. Игілікті нысанда 6 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Сондай-ақ, ғимаратта аудан тұрғындары үшін бассейннен басқа кең әрі қолайлы жаттығу және теннис залы, демалыс орны, үлкен және кіші жүзу алаңы, массаж бөлмесі, асхана бөлмесі, сауна, ерлер мен әйелдердің киіну бөлмесі, душ т.б. бөлмелер бар.
Кәсіпкер Ғалымжан Жарқынбекұлының жаңадан ашқан кәсібіне қуанған аймақ басшысы: – Қазақ халқында «Сауысқан басып жейді, ақсұңқар шашып жейді» деген аталы сөз бар. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін бек түсініп, тапқаныңды басып жатпай халқыңмен бөліскенің азаматтығың. Елмен бірге жасай білу жақсылықтың белгісі. Кәсібің өрге озсын – деп, ризашылығын білдірді.
Айта кету керек, екі жыл ішінде аймақта 16 спорт ғимараты іске қосылыпты. Оның 9-ы МЖӘ бойынша және 7-і облыстық бюджет есебінен салынған. Жалпы, бүгінгі таңда аймақта МЖӘ қызметі қарқынды дамуда. Соның бір белгісіндей, Қызылорда облысында бүгінгі таңда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында құны 34 млрд. теңге болатын 75 жоба жүзеге асырылуда, олар – денсаулық сақтау, спорт, білім беру, цифрландыру және тұрғын үй коммуналдық кешенін жаңғырту саласындағы жобалар болып табылады. Шиелідегі бұл бассейн де осындай әріптестік аясында халыққа пайдалануға беріліп отыр.
көгілдір отын ауылға келді
Облыс басшысы Бидайкөлдегі шарадан кейінгі жұмыс сапарын Ы.Жақаев елді-мекенінде қорытындылады. Бұл жерде аймақ басшысы Иіркөл ауылдық округі, Жақаев ауылын газ жүйесіне қосудың салтанатты шарасына қатысты. Айта кету керек, соңғы кездері Шиелі кентінің іші көгілдір отын құбырымен қамтылып, газ кіргізуге тұрғындардан 4 925 өтініш түскен. Оның 4 911-не монтаж жүргізіліп, бүгінгі күні 4 899-ы газ пайдаланып отыр. Енді міне, аудан орталығынан тыс елді-мекендерге де газ құбырын тарту жүмыстары қолға алынды. Шиелі ауданында ауылдық елді-мекендерде алғашқы болып, ақ күріштің атасы, даңғайыр диқан Ыбырай Жақаев ауылына көгілдір отын берілді. Салтанатты шарадағы құттықтау сөзінде: – Мемлекет басшысының қолдауымен басталған ірі стратегиялық маңызы бар – «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбыры Сыр еліне сәтті мүмкіндік берді. Олай дейтінім, облыс аумағынан өтетін 846 шақырымдық газ құбыры Қызылорда облысын газдандыруға жол ашты. Бұл Арал, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған аудан орталықтарын және өткен жылы Байқоңыр қаласын газдандыруға мүмкіндік берді. Міне, енді кент орталығынан бөлек ауылдық елді-мекендерді де газдандыру жұмыстары жүргізілуде – деді аймақ басшысы Қ.Көшербаев. Ал, аудан халқы атынан ардагер П.Архабаев облыс әкіміне ризашылығын білдіріп, батасын берді. Газ құбырының бұрандасы бұралып, елді-мекенге салтанатты түрде көгілдір отын жіберілді. Шараға жиылған халық ду-қол шапалақтап, ырзашылықтарын білдірді. Осылайша, кент орталығын қуантқан түтінсіз отын қызықшылығы ауыл-аймаққа да жол тартты. Облыс басшысы газ жүйесіне қосылған Иіркөл ауылдық округі 20-квартал, №10 учаскесінде орналасқан Құралбек Әуелбековтің шаңырағында тұрғындардың газды пайдалану жұмысымен танысты.
Боламын деген баланың бетін қақпа, белін бу
Ия, бұл күні Ыбырай Жақаев ауылының тұрғыны Құралбек Әуелбеков алғашқылардың бірі болып үйіне газ жүргізді.
«Біз табиғи газ жүргізілгеніне қуаныштымыз. Енді пешті қолмен жағып, отын сатып алудың қажеті жоқ. Сонымен қатар, үйді газбен жылыту әр қыс сайын сатып алатын көмірге қарағанда әлдеқайда тиімді болады. Қазірдің өзінде үйіміз жылынып, бәріміз көңілдіміз. Өзіміз де сенбейміз. Елбасының өздеріңіз сияқты ел ағаларының арқасы, алғысымыз шексіз. Мінекей, бизнесті қолдау шарасы арқылы, мал шаруашылығын қолға алдық», – деді Құралбектің жұбайы Ләззат Парманқұлова.
Отбасылық кәсібін дөңгелетіп, ешкінің «зааненский» тұқымын өсіріп, оның сүтін сатып, құрт-ірімшігін өндіріп, содан пайда тауып отырған Құралбектің шаңырағындағы толымды тірліктерге көңіл қуантқан Қ.Көшербаев осы үйдің кенжесі Айбекті алдына алып, онымен аз-кем сұқбаттасты. 5 сынып оқушысы Айбек ағылшын, қазақ, орыс тілінде мүдірмей тақылдап тұрып тақпақ айтып берді. Бала Айбек ағылшын тілінен үздік атанып, Дубайда өтетін халықаралық дүбірлі шараға жолдама алғандығын мақтанышпен жеткізді. Білімді ұрпақ – ел болашағы. Жас баланың жалынды сөздеріне, жалын атқан көздеріне қарап, ата салты бойынша ақ тілегін білдіріп, отбасылық ескерткіш суретке түскен аймақ басшысы Әуелбековтер әулетіне бақ береке, ырыс-ынтымақ тіледі. Ия, боламын деген баланың бетін қақпай, белін буған белді атаның баласымыз. Аймақ басшысының бұл күнгі, бір күнге жоспарланған сапарының өзінен шиелілік бірнеше жас өздеріне қажетті өмірлік жарқын естеліктерге ие болып қалды. Батасын алды. Өмірлік жоспарын жасады, болашағын бағамдады, бағдарлады. Ал, ауыл-аймаққа, ел-жұртқа қажет әлеуметтік нысандар көпке қызмет ете бермек. Ел игілігі арта түсті. Ендігі керек тек бірлік.
Сөз соңында айтарымыз, салтанатты шараның аясында Ы.Жақаев және Бидайкөл елді-мекендері көгілдір отынға қосылды. Қазіргі уақытта тұрғын үйлерге газ жүргізу туралы келісімшарт жасалуда.
Ы.Жақаев елді-мекеніне «Ануқұрылыс» ЖШС, ал, Бидайкөл елді-мекеніне «Демеу ИК» ЖШС газ жүргізу жұмыстарымен айналысуда.
Бүгінгі күні аталған елді-мекендердің 393 тұрғын үй иелерімен келісім-шарттар жасалған.


Н.Сәдуақасұлы,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.
20 қараша 2018 ж. 1 362 0