Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Туған жерге тағзым

Туған жерге тағзым



Қазақтың сан қырлы, сан қилы тағдырлы тарихы бар. Өткенді қашанда естен шығармауға, ел жадында сақтауға ұмтылып, тарихымызды хаттауға мұрша болмаса да, жаттауға ұмтылған халықпыз. Толайым табысқа кенелсек шүкір айтқан, қиыншылық пен қасіретке салауат айтқан ұлтпыз. Сондықтан, өткенімізге қашанда құрметпен қараймыз. Мейлі ол жылдар қандай қиыншылығымен есте тұрса да, тарих тегіршегін кейін айналдыру мүмкін емес. Сондықтан, кешегі күнге құрмет, шүкір, салауат, бүгінге жеткен игіліктерімізді болашаққа аманат ету басты парызымыз. Жуырда осындай бір салиқалы ойдан, ұлағатты ұстанымнан туындаған терең маңғыналы танымды шара өтті. ол, Талаптан ауылдық округінің орталығы әйгілі баба Балаби ауылында ұйымдастырылды.
Төрт мыңға жуық тұрғыны бар табысты, намысты ауыл мерейтойын кең көлемде тойлады. Ауылдық мәдениет үйі алаңында шатыр, екі ақ шаңқан киіз үй тігіліп, көшелер безендіріліп үлкен істі ел болып атқарды. Мәдениет үйі сахнасында №50 Абай атындағы мектеп және әуез мектебі, ауылдық мәдениет үйі қызметкерлері бірігіп, дүбірлі концерт берді. Ә.Ноғайбаев, Ө.Әзімханұлы, З.Қалымбетова, Қ.Тасбергеновтің ізбасарлары ән мен жырды, күй мен биді ауыл аспанында қалықтатты. Алыс-жақыннан келген қонақтар, сыртта жүрген осы ауылдың тумалары той аясында бас қосып, мәре-сәре болды. Мерекелік шараны аудан әкімінің орынбасары Б.Смағұлов ашып, ауыл тұрғындарына ыстық ықыласын білдірді. Мерейтой аясында ауыл кәсіпкерлері ауылдағы қазыналы қарттарға шапан жауып, әжелерге қамзол кигізіп, ақ баталарын алды.
Әмина Мұсабаева жетекшілік ететін хор ұжымы, әуез мектебінің домбырашылары, сырнайшылары, бишілері мерекені жандандыра түсті. Өткен айда Қызылорда қаласында ұйымдастырылған Шиелі ауданы күніндегі шарада көрерменді көз­­­­­айым ет­­­­­кен қасықшылар (қасық ұрушылар) да ауы­л­­­­­­­­­­­­­дастарын мәре-сәре етті. Одан кейін арнайы дайындалған дастарқан басында мерекелік көңіл-күй, ақ жарма тілек жалғасын тапты. Осы ауылда партия кеңесінің хатшысы болған Назира Парманқұлова Балаби жұртшылығына ризашылығын білдірсе, Балабидің шөбересі Темірхан Әлімқұлов мерекені игі тілекпен қуаттады. «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері, 90 жастағы Уайда Әлиханов ақсақал ақ батасын берді. Ауылдың 1971 жылғы туылған азаматтарының ұйымдастыруымен жүгіруден, ауыл кәсіпкерлері қол күрестен, аударыспақтан аудан көлемінде сайыс өткізді. Айқынбай Күзембаевты еске алуға арналған шахматтан аудан ардагерлері арасындағы жарыс өтсе, кәсіпкер Пернебай Күзембай қазақ күресінен облыстық турнир өткізіп, мықтыларды анықтады. Демеушілер қолдап, жасөспірімдер арасындағы түйе балуандар да Балабидегі боз кілемде белдесті. Бұл шаралар ауылдың 90 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылды.
Мерейтой көркі түстен кейін ауылдық мәдениет үйінде өткен айтыспен жалғасын тапты. Айтысты ауданымыздың бас ақыны Кенжебай Жүсіпов арнаумен бастап, қазір Астанада тұрып жатқан, сол ауылдың тумасы Иранғайып Күзембаевты шаппа-шапқа шақырды. Ұстаз бен шәкірт арасындағы жарасымды әзіл, орамды ой ауыл тұрғындарының құмарын қандырды. Одан соң сахнаға Торғайлық ақын Саят Әбенов пен жерлесіміз Ержан Әміров шықты. Мазмұнды өлең, жарасымды әзілмен көрерменді күлкіге қарық қылды. Сахнаның сәні Астаналық Дәурен Ысқақ пен жиделілік Бекжан Ержігіт арасындағы тартысты айтыс болды. Айтыскер, әнші, Дәурен әр ақынның мақамымен аламанды түрлендірсе, Шиелінің шайыры Бекжан да кең көсілді. Сөз арасын суытпай ортаға Ержан Әміров шығып, есімі елге енді танылып келе жатқан Шыңғыс Құдайберген інісімен үзеңгі қағыстырды. Жалпы, той деп келген қауымға жақсы көңіл-күй сыйлаған айтыс ақындарына ел-жұрттың да ықыласы ерекше болды. Ауыл тұрғындары бұл шараға мұрындық болған Балаби ауылдық мәдениет үйінің директоры Талғат Күзембаевқа ризашылығын білдірді.
Шара соңында ауыл әкімі мерейтойға белсене атсалысқан азаматтарға, мектеп ұжымы, емхана, ауылдық спорт және әуез мектебі, мәдениет үйі, «Мұрагер», «Асылым», «Жадыра» балабақшаларының басшыларына, жеке кәсіпкерлерге алғысын жеткізді.


Б.ӘБУТӘЛІПҰЛЫ.
13 қараша 2018 ж. 1 195 0