Шиеліден көне күмбез табылды немесе Құм арасындағы беймәлім Қарүй кімдікі?
Шиеліден көне күмбез табылды немесе Құм арасындағы беймәлім Қарүй кімдікі?
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарық көргелі бері елімізде тарихи-мәдени сананың жаңғыру үрдісі қарқынды жүре бастады.
Бұл бағытта Шиелі ауданында да нәтижелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Аудандық «Өлкетану» музейі аталған мақала аясында өз жұмысын жандандыра түсті. Мекеме басшысы Өсербек Төребай «Жер құлағы жетеу, Ел құлағы елу»-деп, құнды әңгімелер мен жәдігерлерді жинап, елішін аралап, музей қорын толықтыру бағытында толымды істерімен жұртшылыққа танымал болды.
Бірнеше уақыттан бері аудандық «Өскен өңір» газетінің тілшілерімен тізе қоса әрекет етіп, Қаратау мен Сыр өзені бойын шарлап, бірқатар құнды жәдігерлерді тапқанын аудандық, облыстық, республикалық бұқаралық ақпарат құралдары кеңінен жариялаған болатын. Бұны біз тынымсыз еңбекке берілген баға деп білдік.
Мінекей, музей басшысының жуырда тағыда бір осындай құнды жәдігердің табылуына тікелей ықпалы тиді. Тақырыпқа кеңінен тоқталсақ.
Шиелідегі сырын ішіне бүккен қабырғалы елдің бірі Жөлек. Тарихы тым әріден бастау алады. Ханқожа көлін жағалай қоныстанған елдің бір шеті әйгілі Оғыздар дәуірінен сыр шертетін Оқшы ата мазаратына жете тоқтаған. Сырдарияның оң жақ етегін орай отырған ауылдық округке қарасты Жуантөбе деген 30 үйлі шағын ауыл бар. Бұл ауыл дарияның сол жақ беткейінде орналасқан.
Жуантөбе біркездері Шиелі ауданына қарасты бірқатар ауылдың басын қосқан ірі орталық болыпты. 1939 жылдарға дейін бұл жерде бүгінгі Шиелі ауданындағы іргелі Бестам, Телікөл, Ақтоған, Ақмая, Төңкеріс ауылдық округтерінің халқы қоныстанып, сандаған жылдар түтіні түзу шығып, берекелі тіршілігін кешіпті. Сай-салаға шығыр мен су тартып, егін егіп, дарияның ескі арналарынан келген тасқын суларды өзектерге толтырып, айналасын малға жайлы қоныс етіпті. Тек, 1940 жылдары әйгілі Шиелі каналы қазылып біткеннен кейін арғы беттегі халық дарияның оң жағалауына көшіріліп, Жуантөбе ескі жұртта қалған. Осының әсерінен болса керек ондағы тарихи орындар мен атау-белгілер ел есінен өшіп кеткендей. Біздің бұл байламға өзіңіз оқып отырған мақалаға арқау болған құм арасынан табылған беймәлім қарүй себеп болып отыр. Ия, Жуантөбенің аржағынан беймәлім қарүй пішінді құрлыс нысаны табылды. Бұл жөнінде ұзынқұлақтан хабар алған музей басшысы редакцияға хабарласып, Жөлектен желіп, дарияны кесіп, Жуантөбені бетке алып, бізде бірге аттана жөнелдік. Дария төмен түсіп кеткен. Дегенмен әзірге паромнан өтуге болады. Жөлек пен дария арасы тақтайдай тегіс асфальт жол. Одан әрі қиыршық тасты қара жол жатыр сайрап. Жуантөбеге жетпей жол жағасында алыстан «Үш молда» аталып кеткен жер көзге шалынады. Бұл жерде 1889-1900 жылдары Кісенбай, Оразбек, Төлеген есімді елге белгілі азаматтар мешіт салып, бала оқытқан. Киелі жер. Күбірлей бетсипап өткен біздер ұзамай ауыл ортасындағы 4 жылдық мектептің алдына келіп тоқтай қалдық. Бағыт-бағдар білетін адам керек. Нұрлан Жұмағұлов есімді азаматты жолықтырып, жолбасшы етіп алдық. Өзі ақ-жарқын, сөзге шешен, ширақ екен. Жасы кіші болсада сәлемдескеннен бірден сіз-біздігіміз жарасып, емен-жарқын әңгімесін бастай кетті. Ауылдан 5-6 шақырым ұзаған соң қалың құмның етегіне келіп тоқтадық. Ары қарай көлік жүруге жол жоқ. Биік құмдарды қапталдай отырып, қызылды-сарылы жапырақтары жылт-жылт етіп, көздің жауын алып тұрған қалың тораңғылдар арасынан өтіп келеміз. Оңтүстік бағыттан бастысқа қарай ирелеңдей созылған ескі арнаның табанына түсіп, одан қайтадан биік құмға шықтық. Бір кезде анадайдан құмға еміне кірген қалың сексеуіл арасынан сарғыштана біткен төбесі ойық күмбезді нысан көзге шалынды. Бағытымыздан жаңылдырмай, іздегенімізге оңай жеткізген жолбасшымызға «бәрекелді» десіп, қуанып, сүріне-қабына жүгіре басып, күмбезді қарүйдің жанына жетіп бардық.
Биіктігі 3 метрдей. Астыңғы жағы кәдімгі қам кесектен, жоғарғы күмбезді жағы қалыпы бөлек, күйдірілген қыш кірпіштен өрілген. Құбыла жақ бетінде үш дана ойық михрабы бар. Михрабтардың көлемі шамамен биіктігі 60 сантиметр мен ені 40 сантиметр аралығын құрайды. Ара қашықтығы 20 сантиметр. Ішке қарай 10 сантиметрдей ойылған. Бұдан бөлек шеңберлене біткен күмбездің төменгі етегінің шығыс-солтүстік беткейін ала арасы 2 метір қашықтықты сақтай отырып, ойылған төрт бұрышты биіктігі мен ені 20х20 сантиметрді құрайтын қосымша тағыда 3 ойық бар. Жалғыз есігігінің ені 1 жарым метір. Биіктігіде осы шамалас. Есік оңтүстік-батысқа бағытталған. Бұл құрылыстың ішкі жағынан қарағандағы көрінісі. Ал, сыртқы пішімі толық қазақтың киіз үйі іспетті. Сыртқы кірпіштері қам кесектен қаланған. Күбездене өрілген кірпіштер жауын-шашынның, ыстық-суықтың әсерінен әбден мүжіле, айғыздала ағып, дөңестене бір-біріне жабысып, бейне-бір арнайы лай жағыла сыланғандай тегістеле қалыпты. Төбесінің диаметрі алты қанатты киіз үйдің шаңырағындай. Бір-кездері кірпішпен толық өрілгендігі байқалады. Кейінірек опырыла құлағандай. Себебі, нысанның ішінде топыраққа араласқан майда қызғылт түсті сабандардың көптеп шашылып жатуы осының айғағындай. Күмбездің төбесі бертініректе шамамен 1930-40 жылдары құлаған сыңайлы. Одан кейін, төбесін кәдімгі қарүйдің шаңырағымен жауып кеткен. Себебі, ғимарат ішінде кәдімгі шаңырақтың әбден ағара мүжілген жарты метр шамасындағы сынығы жатыр. Есігі жоқ. Оның жанында біркездері есікке бекітілген темір тоспа табылды. Бұлда әбден тот басып, қарайған. Топырақтың бірқарыс теріңінен темір сына табылды. Сонымен қатар, тот басқан садақ әлде шағын шаппаның ба әлде басқа бір қарудың ба, тағы бір қолдан жасалған үшкір темір сынығы қоса шықты.
Бір жарым метрден жоғары қаланған күйдірілген кірпіштердің барлығ,ы қарайып кеткен. Ыстың, күйенің табы байқалады.
Күмбезден оңтүтсікке қарай бір метр қашықтықты сақтай отырып салынған тағы бір құрылыс нысаны тұр. Қабырғалары жарты метр қалыңдықта өрілген ені 4х10 метр. Екі бөлмелі. Қабырғаның ең шеткі оңтүстік беткейіндегі екі бұрышы дуалдан бір метір биіктікте сүйірлене үш бұрышты болып өрілген. Ал, күмбездің солтүстік батысынан 3 метр қашықтықты сақтай отырып, жарты метр тереңдікте ені 4х6 метр болатын сай жатыр. Бұл жерде де бір кездері құрлыс нысаны болғаны көзге ұрып тұр. Құрылыс нысандары кәдімгі жер табанынан 2 метрден жоғары биіктікте тұр. Аталған төрт нысанның жан-жағында шашылып жатқан күйдірілген қыш кірпіштер, темір сынықтары көп-ақ. Бұл нысанның қанша жылдан бері тұрғанын археолог тарихшылар анықтай жатар. Дегенмен қорғауды әбден қажет етеді. Себебі, құм кезген аңшылар ішіне түнеп, от жағып, қабырғаларын айқыштап, сызып кетіпті. Әлгіндегі біз кесіп өткен ескі су арнасының ізі нысан орналасқан саз топырақты биіктікті жартылай қоршай өткен екен. Арнадан берірек, дөңді қоршалай тағыда екі қатар етіп тартылған ескі арық немесе ордың ізі байқалады.
Бұл ескі арна өз бастауын Қызылқайыңнан ары Жаңақорғанның Төменарық тұсынан бастайды дейді. Кім біліпті. Осы арна батысқа Ботабайға қарай бағытталған. Біз зерттеп отырған нысаннан Ботабай бағытына қарай 4-5 шақырым батыста тағы бір құрылыс нысаны бар. Ол жердің атын жуантөбелік ағайындар «Көзейлер жері» деп атайды екен. Бір кездері бұл жерде Қыпшақтың Қожамсүгір ұрпағының көзей-абыз аталығынан тарайтын рулары мекендеген екен. Осы жерде жуантөбелік имам Мадияр Дүйсенбаевтың айтуынша Нәһан мешіт болыпты. Онда бала оқытып, халықты сауаттандыру жұмыстары жүргізілген екен. М.Дүйсенбаев 1949 жылғы. «Нәһан»-дегеніміз дәу, алып, дегенді білдіреді. Соған қарағанда үлкен мешіт болған-ау. Ал, әлгі Сіздер тапқан қарүй туралы ештеңе білмедім. 1972 жылдары қой бақтым. Ел білмейді. Бізге дейін қыпшақтың көзей аталығынан тарайтын рулар тұрған. Олар арғы бетке 1940 жылдары көшіп кеткен. Бір білсе, солар біледі. Бізге ол жерді ет қақтайтын орын деп айтты үлкен аталарымыз. Ол кісілер яғни, аталарымыз 1911 жылдың тумалары. Байлар ірі қара малдың еттерін қақтау үшін, осының ішіне сексеуіл жағып, ыстап жататын. Бұдан басқа ештеңе білмедік. Бізге ештеңе айтқан жоқ- деп ағынан жарылды.
Ал, жуантөбелік тағы бір ақсақал Құманай Өтегенұлы «Дәл осы қарүй секілді тағы бір күмбезді нысан «Үш молда» мешітіне жақын Дарбаза деген жерде болған еді. Қәзір бұзылып кетті. Орнына егістік алқабы түсті. Мен бұл ауылға 1957 жылы көшіп келдім. Екі қарүйдің арасы 15-20 шақырымды құрайды. Осы екі нысанның ортасында құмға қарай Шайхана, Қараоба деген жер бар. Бұлай аталуыныңда өзіндік себебі бар. 1946 жылдары Кеңес үкіметі соғыстан жеңіп шығып, жапондардың тұтқын сарбаздарын осы Жуантөбе жеріне әкеліп орналастырды. Әлгі «Шайхана» деген жерде оларға тамақ-шай беріп, әлдендіріп, ары қарай құмға қарай сексеуіл шабуға алып кетеді екен. Ұзамай сол жапондықтардың бірі қалмай қырылды. Қараоба деген жерге апарып көміпті. Білетінім осы. Қарүйдің тарихы жайлы хабарым жоқ - деп, біздің зерттеу жұмысымызды тығырыққа тірегендей болды.
Бұдан кейін амал жоқ қыпшақтың көзей аталығындағы үлкен кісілерді іздеп, деректі солардың аузынан білмекке талпындық. Себебі барлығы беймәлім қарүйдің сырын бір білсе, осы жердің байырғы тұрғындары көзейлер біледі деп, біздің бетімізді қайтадан Шиеліге бұрды.
«Сұрай, сұрай Меккеге барасың» демекші. Көзейдің жасы үлкен ақсақалын таптық. Шиелі кентінің тұрғыны 1929 жылдың 27 сәуірінде дүниеге келген Тастай Қалыбеков көкеміздің шаңырағына барып, сәлем бердік. Сұрағымызды қойдық. Ол кісі: - 1939 жылдары есімді білемін. Нәһан қожа мешітінде 3 жыл қыстап, қой бақтық. Есімде қалғаны арабша жазуы бар үлкен қой тастар жататын. «Үш молда» және Нәһан қожа мешітінің арасында асыр салып ойнадық. Балалық шағым өткен жер. Ашаршылық жылдары еміс-еміс есімде қалыпты. Құмда қырғауыл мен қоян жыртылып айырылатын. Көп еді. Тіптен әр адым жүрген сайын алдыңнан бір қоян қашып немесе қырғауыл ұшып шығатын. Дарияның ескі арналарынан өзектерге толған, құм арасындағы сай салаға құйылған сулар шағын көлішктеніп, оның іші құжынаған балыққа толып тұратын еді жарықтық. Арғы беттегі ағайындардың аштыққа бір кісі бермей аман алып шыққаны осы байлықтың арқасында болса керек. Қырғауыл мен қоян 1950 жылдардан кейін күрт сирей жөнелді ғой. Бұның себебін аңшылардан көріп жатады. Ол қате түсінік деп білемін. Бған бірден-бір себеп шағалдың көбеюі еді. Шағал қырғауыл мен қоянды қырып бара жатқан. Бұрын біздің бұл өңірден шағалдың даусын естімейтін едік. 1950 жылдардан кейін кеңестер үкіметі мырзашөл-жетісай аймағын игеруді қарқынды жүргізді ғой, Міне, осыдан кейін сол жоғары жақтан шағалдардың ауып келуі жиіледі. 1940 жылдары дарияның оң жағалауына яғни, бергі бетке көшіп келдік. Ал, мынау сен көрсетіп отырған Қарүй пішінді күмбезді нысанды мен көрмеппін. Хабарым жоқ. Тіптен, Нәһан қожа мешіті туралы нақты деректерді де білмейді екенбіз. Бізден бұрынғы алдыңғы толқын ағаларымыз-әкелеріміз бұлар туралы бізге ештеңе айтпады. Әлде біз мән бермедік. Құм арасындағы өзектердің арасында, ескі арналардың бойында 1940 жылдар шамасында ескі үйлер, қабарғалы тамдардың қирандылары көп болатын. Айнала үлкен ел болғанын әйгілеп жататын. Жұрты қайда кеткенін білмедік. Бір-ақ, біздің ағайын рулар осылардың арасында өмір сүрдік. Қиранды үйлердің кімдікі екендігін білмедік. Бес ата көзейдің шежіресі бар. Бұл шежіреде де Нәһан қожа туралы дерек жоқ» - деп, бар білгенін жайып салды.
Бұдан кейін біз өзімізше қосымша зерттеу жүргізбекке бекіндік. Қызылорда облысының тілдерді дамыту басқармасының бастамасымен 2013 жылы жинақталған «Қызылорда облысының Жер-Су атаулары» атты деректемелік кітапшаны ақтардық. Алыстағы Арал ауданынан бастап Жаңақорған ауданы аралығындағы сан-алуан жер-су атаулары қамтылған жинақта Жуантөбе атырабындағы бұл белгілер туралы дерек жоқ. Сондай-ақ, 1912 жылы Түркістан археологтар үйірмесінің, сонымен қатар орыс императорлық география қоғамының белді мүшелігіне қабылданып, Ташкент кадет корпусының оқытушысы қызметін атқарған айтулы тарихшы-археолог, шығыстанушы ғалым Жозеф-Антуан Кастаньенің «Қырғыз даласы және Орынбор өлкесінің тарихы» жайлы еңбегінің «Қырғыз даласының қысқаша тарихи очеркі» атты бөлімін ақтардық. Архолог ғалым бұл еңбегінде Шиелі жеріндегі Қызылтам, Оқшы Ата, Ақтөбе, Көп-Рабат қорымы, Абыз Ата немесе Құттыкент қорымы, Урдакент, Балапан төбе, Бестам, Нәнсай аумағы, Қаратау етегіндегі қорған-қамалдарды көріп, суреттеп жазып, қысқаша деректер беріп өткен. Айта кетту керек, аталған еңбектегі деректердің кейбірі айтулы археологтар В.А. Каллаурға (1838-1919 ж.ж), А.А. Диваевқа (1856-1932 ж.ж) сілтеме жасау арқылы берілген. Бұл археологтарда біздің өңірді қыр-сырына дейін танып, зерттеулер жүргізген мүйізі қарағайдай ғалымдар болған. Тіптен далалы аймақтардағы балбал тастарға дейін тоқталып, тәптіштеп жазып, Ресей әскери топографиясына өлшеусіз еңбек сіңірген. Бұл еңбекте де Жуантөбе аймағы туралы сөз жоқ. Жөлек ауылдық округінің әкімі болып ұзақ жыл қызмет атқарып, елдің-жердің тарихы туралы «Сырдың сырлы Жөлегі» атты тарихи-деректемелік еңбек жазған Бегімтай Сатаевқа, ауданның рухани-мәдени тарихына қатысты құнды деректемелік 3 кітап жазған білікті имам Ғани Мақұлбековке хабарластық. Сұрадық. Күмбезді құрылыстың сыры құпия күйінде қала берді. Сонда, құм арасындағы беймәлім Қарүй кімдікі?....
Нұрболат Пірімбет
Сурет Ерұлан Дәткеновтікі