Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мереке мезетіндегі кереметтер

Мереке мезетіндегі кереметтер


Ата заң мерекесінің ақордалықтарға сыйы
Тамыздың соңғы күндері түгесіліп, қыркүйектің қарбаласқа толы алғашқы күндері босағамыздан аттауға асыққандай өткен аптаның соңында. Жан-жағымызды барласақ, жан біткеннің барлығы жаңа оқу жылына қызу дайындық үстінде. Құдды бір үш айғы саяхаттан соң жағалауға сағындырып оралған алып кемеге жайғасып жатқан жолаушылардай көрінеді бізге бұл көрініс. Иә, солай болуы да тиіс. Өйткені, білім деген теңізге саяхаттауға дайындық жасаушы жолаушылардың дені оқушылар мен ұстаздар және ата-аналар.
Айтпақшы, қарбалас демекші, аудан орталығындағы №45 «Ақ Орда» мектеп-гимназиясының ұжымы үшін де бұл күндері қарбаласпенен қатар ақ түйенің қарны жарылған күн болды. Тәуелсіздік тәжінің бір көрінісіндей саналатын еліміздің Конституциясы күні мерекесіне орай мектеп-гимназияның жаңа корпусы пайдалануға берілді. Атап айтқанда, 29 тамыз күні №45 «Ақ Орда» мектеп-гимназиясында көптен күткен бастауыш сыныптарға арналған қосымша құрылыс аяқталып, ел игілігіне берілді.
Ғимараттың ашылу салтанатына аудан әкімі Ә.Оразбекұлы қатысып, жиналған қауымды қуаныштарымен құттықтады.
– Қадірлі ағайын, құрметті ұстаздар, баршаңызды бүгінгі Конституция және Білім күні мерекесімен құттықтаймын. Ата заң мерекесі қарсаңында №45 «Ақ Орда» мектеп-гимназиясының жаңа корпусы ашылып, тағы бір қуанышқа кенелудесіздер. Ендеше, жаңа мектеп корпусы құтты болсын, – деп жылы лебізін жеткізді аудан басшысы. Мұнан соң ақ тілектердің легін жалғаған мектептің ардагер ұстаздары К.Жәукебаева мен С.Аймаханов баршаны қос қуанышымен құттықтап, мектеп-гимназияның тарихына, қоғамда өз қабілетімен озып жүрген түлектеріне тоқталып, әңгімені әріден қозғады. Сөйтіп көп күттірмей, жаңа нысанның лентасы да қиылды.
«Жақсыны көрмекке» деген бар ғой. Көппен ілесе біз де жаңа ғимаратты көруге асықтық. Екі қабатты осынау корпуста 8 бөлме және 100 орындық асхана орналасыпты. 1-2 қабаттарында жуын­атын бөлмелері де көзімізге ілікті. Жарық, жаңа бөлмелерге қызықпаған жан жоқ. Салтанатқа жиналған тұрғындар шашу шашып, заман талабына сай салынған екі қабатты корпусты аралап, таңданыстары мен қызығушылық әсерлерін бір-бірімен бөлісіп жатты. Әсіресе, ұстаздар қауымы мен оқушылар және ата-аналардың қуанышы ерекше. Айта кету керек, аталған ғимаратты салуға облыстық бюджеттен жобалық құны 224 млн. 569 мың теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілген болатын.
Жалпы, ауданда білім беру саласына қыруар қаржы бөлінуде, әрі оның көлемі жылдан-жылға арта түсуде. Соның нәтижесінде, аудан көлемінде жаңа мектептер бой көтеріп, қаншама мектеп күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізілуде. Мұның бәрі балалардың жарқын болашағы үшін және мәңгілік ел болуға ұмтылған ел өміріндегі маңызды қадамдардың бірегейі болмақ.
Осылайша, қос тойы қабат келген ақордалықтар үшін биылғы Ата заң мерекесі осындай сыйымен келді.

Өзгерек өрілген күн

Ақмаялықтар үшін бұл күн бұрынғы күндерден өзгерек өрілді. Иә, маңызы да мәні де айрықша. Олай деуіміздің себебі де ауыз толтырып айтарлықтай. Бірнеше айдан бері құрылысы қолға алынып, ауылдың сәнін келтіре жаңа кейіпке енгауылдық округі әкімшілік ғимараты пайдалануға берілді. Жаңа ғимаратқа жергілікті бюджет есебінен жобалық құны 37 млн. 270 мың теңге жұмсалыпты.
Ашылу салтанатында аудан әкімі Ә.Оразбекұлы ауыл тұрғындарын құттықтап, әкім аппараты ұжымы халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, түйінді мәселелердің оңды шешімін табуына ықпал етуі қажеттігін тілге тиек етті. Мұнан әрі сөз кезегін алған ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы К.Палмағанбетов алдағы уақытта халықтың көкейтесті мәселелерін шешіп, әкім өз аппаратымен елдің әл-ауқатын арттыру мақсатында жігерлі жұмыс жасай беретініне сенім білдіріп, ауыл халқының атынан облыс және аудан әкіміне ризашылығын білдірді. Елге қызмет етіп жүрген азаматтарға ақ баталарын беріп, жақсы істер жалғасын таба берсін деген тілектерін жеткізді.
Аудан әкімі жаңа нысанның лентасын қиып, салтанатқа жиналған тұрғындар шашу шашып, заман талабына сай салынған әкімшіліктің ішін аралап шықты.

Кент кәсіпкерлік нысандармен толықты

Ата Заң – тәуелсіздіктің теңдессіз тартуы. Қазақстанның әлемдік өркениетке қарай қарыштай қадам басуының алғышарттарын жасап берген жасампаз құжат еліміздің өзгелермен терезесі тең болып, қанатын кеңге жаюына мүмкіндік береді. Еліміздің басты құжаты елдің дамуының, мызғымас бейбітшілігінің кепілі бола білді. Билігін тақ басындағы ханға да, от басындағы қараға да әділ жүргізген билерімізден бастау алған елдігіміздің басты құжатының 23 жылдық мерейтойы аудан көлемінде де бар сән-салтанатымен мерекеленді.
Кент көшелері мереке қарсаңында қызылды-жасылды жалаушаларға толып, нақ осы күні жұртшылық көңілі сазды әуенмен астасып жатты. Аудан халқы жоғары көңіл-күймен бір-бірін құттықтауды да естен шығармады.
Сонымен қатар, биыл Конституция күні мерекесі аудан халқына қос-қостап қуаныш сыйлауымен ерекшеленді десек, артық айтқандық емес. Әлеуметтік нысандар пайдалануға беріліп, бірнеше сауда орындары ашылды.
Қазіргі таңда аудан көлемінде кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға тұрақты негізде жұмыстар жүргізіліп, жаңа жұмыс орындарын ашуға, кәсіпкерлік субъектілерінің жұмыс істеуіне жағдай жасалуда.
Шиелі кенті, Көкшоқы мөлтек ауданынан «Ханшайым» шағын маркеті пайдалануға берілді. Дүкенде тауардың көптеген түрі бар. Сондай-ақ, азық-түлік, тұрмыста қажетті химия өнімдерінің түр-түрін қол жетімді бағада кездестіруге болады. Сауда сөрелерінде «Қазақстанда жасалған» өнімдері де бар. Бүгінгі таңда 7 адам жұмыспен қамтылыпты.
Осы мазмұндағы рәсім кент орталығында да орын алып, Шиелі кентінің сауда үйлерінің қатарын «Ұлытау» сауда орталығы толықтырды. Бұл да болса кәсіпкерлікке кең қолдау көрсетіліп жатқандығының бір көрінісі болмақ. Аталған сауда орталығының 1-қабатында ыдыс-аяқ және тұрмыстық заттар сатылса, 2-қабатта тігін шеберханасымен қатар той көйлектері жалға берілетін көрінеді.
Аудан әкімі Ә.Оразбекұлы аталған екі нысанның да лентасын қиып, ашылу рәсімін жасап, жиналған жұртшылықты айтулы мереке күнімен құттықтай келе, кәсіпкерлерге табысты болуларын тіледі. Ашылу салтанатынан соң, алғашқы сағаттан-ақ сауда қызу басталып кетті.

Әнмен әдіптелген кеш

Ата Заңымызды ұлықтайтын бұл мереке «Салтанат сарайында» жалғасын тапты. «Ел тірегі – Ата Заң» атты мерекелік салтанатты кеште алғы сөз сөйлеген аудан әкімі Әшім Оразбекұлы жиылған жұртшылықты мерекелерімен құттықтап, жеткен жетістіктерді тізбектей өтті. Сондай-ақ, мерекеге орай біршама жанды алғыс хатымен марапаттап, гүл шоқтарын табыс етті.
Ал, Қоғалы ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы О.Файзуллаев ҚР Мемлекеттік қызметшілерінің антын қабылдады. Мерекелік шара аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. «Жас дәурен» би тобы, Мөлдір Әлиева, Дәурен Беркінбаев, Айгүл Еркінбайқызы, Рахат Қалкөзов, Нұрдәулет Әбсұлтанов, Әлмырза Ноғайбаев, «Нартай сазы» халықтық-фольклорлық ансамблі жұртшылыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады. Мерекелік отшашу шашылып, шара Ескендір Хасанғалиевтың «Атамекен» әнімен қорытындыланды.
Осылайша, бұл күн әсем әуендермен әдіптеліп, тұрғындар өнер өлкесінде тыныстады. Олай болса, біз де Ата Заңымыздың айбыны асып, қазақ елінің ырысы таси берсін демекпіз.

Дина ЖҮСІПОВА.
04 қыркүйек 2018 ж. 1 046 0