Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңартылған білім мазмұны - жаңашылдыққа бастама

Жаңартылған білім мазмұны - жаңашылдыққа бастама


Биылғы жылы жарияланған Елбасы Жолдауы – еліміздің төртінші өнеркәсіптік революция кезеңінде алға қойған мақсатқа жету жолының басым бағыттары толық айқындалған құжат болып келеді. Қазіргі экономика – адам ресурстарының экономикасы болғандықтан, ондағы басты байлық – адам, яғни адами капиталдың дамуына айналуда. Халықаралық зерттеулер нәтижесінде, қазіргі ең дамыған мемлекеттер табысындағы адами капиталдың үлесі 81%, физикалық капитал – 17%, табиғи капитал – 1%. Бұл дегеніміз жаһандану дәуірінде мемлекеттің дамуына табиғат ресурстары, өндіріс құралдары мен дайын өнім қорларының маңыздылығы төмендеп, адамның зияткерлік құзіреттері мен жасанды интеллект – эконономиканың діңгегі болмақ.
Мектептерде білім саласын цифрландыру мен сандық білім ресурстарын пайдалану белсенділігі жоғары. Сондай-ақ, үдерісті автоматтандыру жұмыстары іске асырылуда. Кең жолақты интернет желісіне қосылған білім мекемелері сынып журналы мен күнделікті электронды түрде жүргізетін болады. Елімізде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын іске асырудың жол картасында барлық мектептердің 30 пайызын робботты техника кабинеттерімен жабдықтау міндеттелген еді. Осы тұрғысында аудан көлемінде бұл межені 44 пайызға орындап нәтижелі көрсеткішке ие болып отыр. Сонымен қатар, мектептерде робототехника сегіз кабинеті ашылып, жаңа оқу жылынан бастап, тағы да 10 мектептің информатика пәні мұғалімдерін робототехниканың толық арнайы курстарынан өткізіп, білімдерін шыңдап, цифрландыру саласына бет бұруды қолға алу жалғастырылуда. Сондай-ақ, аудан мұғалімдері мұнымен шектелмей, алдағы уақытта роботты техника бағдарламасын, мехатроника, вебдизайн және модельдеу сияқты бес бағытта оқытатын арнайы курстарға жіберуді жос­парлап отыр. Олар ІТ маман куәлігін алатын болса, биылғы жылы 3-сыныпта, келесі жылдан 1,2-сыныптарда ойын түрінде оқуды бастаған оқушылар мектеп бітіргенде өндірісте жұмыс істеуге дайын болады. Жаңа технологиялар заманында электронды түрде ақпарат алмасу білім көкжиегін одан әрі кеңейте түсуге ықпал етуде. Мектептер кең жолақты интернет желісіне толық қосылып, жаңа оқу жылында мектеп кітапханалары желісін аудандық ақпараттық кітапханалар жүйесіне қосуды көздеп отыр. Бұл да өскелең ұрпаққа яғни, оқушыларға білімге деген құштарлығын арттыруға септігін тигізіп, қолайлы қызмет көрсету үшін қажетті гаджет құралдармен жабдықтау арқылы, кез келген телефонға қосылып, тегін әрі жылдам қажетті ақпарат алуға қолайлы болып отыр.
Білім саласын цифрландыру барысында, жаңартылған білімнің арқасында, аудан мектептері 2015 және 2018 жылы PISA зерттеуі арқылы 15 жастағы оқушылардың функционалдық сауаттылығы сараптауға қатысты. Оқу жетістіктерін бағалауда қазақстандық оқушылар халықаралық зерттеулерде жақсы нәтижеге қол жеткізді. Атап айтар болсақ, 2016 жылы мәтінді оқу және түсіну сапасы бойынша PIRLS зерттеуінде Қазақстандық оқушылар Германия мен Словакия оқушыларымен деңгейлес болып, 50 елдің ішінде 27 орынға тұрақтады.
Қорыта айтқанда, жаңартылған білім бағдарламасының мәні – баланың функционалды сауаттылығын қалыптастырып, оқушыны өзінің мектеп қабырғасында алған білімін өмірде қолдана білуге баулуды бас­ты міндет етуде. Осы міндет ұстаздарға үлкен жауапкершілік жүктеп ғана қоймай, ХХІ ғасырда өмірдің барлық салаларында табыс­ты болуларына ықпал етуде. Әлемдік білім беру жүйесіне негізделген осындай басым бағыттар ұрпақты озық, саналы дара тұлға деңгейінде қалыптастырады деп сенеміз.

Жұлдызай Ноғайбайқызы.
02 қыркүйек 2018 ж. 1 779 0