Алаңдағы айтулы шара
Жыл сайын аталып өтетін жастар мерекесі биыл да кең ауқымда аталып өтті. Аудан көлемінде жастардың жігерін жандандыратын түрлі бастамалар қолға алынып, шаралар ұйымдастырылды. Сол дәстүрден жаңылмай 10 тамыз күні М.Шоқай атындағы аудандық орталық алаңда салтанатты шара жалғасын тапты.
Аталмыш мереке БҰҰ Бас Ассамблеясы, жастар ісі бойынша министрлердің 1998 жылы 8-12 тамызда Лиссабон қаласында өткен Бүкіләлемдік конференциясының ұсынысы бойынша бекітілген. Сол уақыттан бері арасы үзілмей, жылдан-жылға жанданып келе жатқан мереке ауқымын кеңге жаюда. «Рухани жаңғыру – жастарға жарқын жол» атты салтанатты шарада аудан әкімі Ә.Оразбекұлы жастарды мерекелерімен құттықтап, өз саласында үздік нәтиже көрсетіп жүрген бірқатар жастарды алғыс хаттармен марапаттады. Мұнан соң, биылғы жылы облыс әкімінің грантымен оқуын аяқтап, жұмысқа орналасқан бірқатар жастарға еңбек кітапшасы мен аманат парақшасын табыстады.
Сонымен қатар, шет елде білім алып, жоғарғы белестерді бағындырып жүрген жастар мен биылғы ҰБТ-дан 125 алып, қатарының алды болған, Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің грант иегері Т.Матхановтарға аудан әкімі бағалы сыйлықтарын табыстады.
Шара барысында жеке кәсіпкер, «English word» орталығының жетекшісі Мөлдір Дүйсенова мен қайырымды жан Татьяна Нуштаева «Мектепке жол» акциясы бойынша аудандағы көп балалы отбасылардан шыққан 15 балаға мектепке қажетті сөмке және құрал жабдықтарын табыстады.
«Өскен өңір» ақпарат.