Кәсіпкерлер құқығы қаралды
Бұрнағы күні Қызылорда облысының кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің Шиелі ауданындағы көшпелі отырысы өтті. Онда 2 мәселе қаралды. Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе аудандық кірістер басқармасының басшысы Е.Абдрахмановтың және осы басқарма қызметкерлерінің жылдық қаржылық айналым көлемін арттыруы, екіншісі аудандық жер қатынастары саласындағы әкімшілік кедергілері туралы жеке кәсіпкер Ғ.Байдеудің өтінішіне байланысты болды.
Мәжіліс залында өткен көшпелі отырыста аудандық кіріс басқармасының салық көлемін арттыру туралы әрекеттерінен жеке кәсіпкерлердің мүдделері бұзылғаны туралы мәліметтер айтылды. Нақтырақ айтар болсақ, ауданда сауда-саттықпен айналысып жүрген субъектілерге бюджетке төленетін салық көлемін арттыру ұсынылған.
Жиын барасында базар саудагерлері А.Кәменова, Г.Смайлова, Н.Ыбыраева, М.Черняева, М.Сапарбаева есімді азаматтар шағым түсірген 45 кәсіпкердің атынан сөз сөйледі. Мінбеге шығып, салық көлемінің артуына қарсы екендіктерін білдірді. Айтуларынша бүгінгі таңда орталық базардағы сауда айналымының көлемі бұрынғыдай емес. Батыс Еуропа-Батыс Қытай автожолы ашылғалы бері тұрғындардың дені Түркістан қаласына барып сауда жасауды қолай көретін секілді. Оның үстіне соңғы кездері базар сыртына көліктерін әкеліп қойып, заңсыз сауда жасайтындар қатары да көбейген. Неге салық қызметкерлері базар сыртында тіркелмей, заңсыз сауда-саттықпен айналысып тұрған адамдарға шара көрмейді? Себебі, біздің заңды саудамызға кесірі тиіп жатыр деп, осылардың заңсыз әрекетін тоқтатуды сұрап, қынжылыс білдірді.
Жиынға арнайы келген облыстық кірістер департаменті басшысының орынбасары М.Қалдарбеков «Салық кодексін талқылау дұрыс емес» – деген уәжін жеткізді. Көшпелі кеңес мүшелері облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ғ.Жақсылықов, қоғамдық белсенді Б.Нұрқожаев, адвокат М.Даубалаев, «Ақмешіт ақшамы» газетінің бас редакторы С.Биқожа, Е.Қожанов тағы басқа азаматтар салық көлемінің бұлайша күрт өсуі жеке кәсіпкерлердің есебінен көтерілсін деген сөз емес деді. Аудандық кіріс басқармасының басшысы Е.Абдрахманов өз сөзінде – биыл аймақ бойынша 8372 кәсіпкердің жылдық табысы 2 млн. 100 мың теңгеден асуы керек. Бұған дейін базарларда саудамен айналысушы кәсіпкерлердің жылдық табыс көрсеткіші 1 млн. 700 теңге көлемінде болып келген. Қазіргі таңда біз осынау көрсеткішті еңсеру бағытында, салық базасын кеңейту мақсатында шағын және орта кәсіппен айналысушы азаматтармен тиісті ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, – деді. Дегенмен кеңес мүшелері және кәсіпкерлер бұл уәжге келіспейтіндіктерін білдірді. Кеңес мүшесі С.Биқожа – Біз биылғы жылды «Кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп жарияладық. Егер осындай кәсіпкерлер үшін мәртебесі арнайы айқындалған айтулы жылы өзін-өзі жұмыспен қамтып, отбасын асырап отырған кәсіпкерлерге салық көлемін арттырып, оларға қолдау көрсетудің орнына қиындық тудырып жатсақ, онда несіне биылғы жылды біз «кәсіпкерлік» жылы деп жарияладық деп, өз пікрін ашық білдірді.
Жиынға қатысушы аудан әкімі Ә.Оразбекұлы – Дәл осы мәселенің орын алып отырғанына мен қынжылып отырмын. Шағын кәсіпкерлерге бұлай қиындық туғызу әрине дұрыс емес. Шиелі ауданы қашанда кәсіпкерлерге кең қолдау көрсетіп, жұмыс жасаймын деген жандардың жанына желеу болып, тиісті қаржылық-құқықтық қолдауларын аяған емес. Мен мына мәселені түпкілікті зерттеуді, оның оң шешімін табу үшін арнайы комиссия құруды әкім аппаратына жүктеймін. Мәселе оң шешімін табатын болады, – деді. Осы мәселе төңірегіндегі сауалдарға Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының аудандық филиал директоры Р.Нысанханов та жауап қатты.
Екінші мәселе, төңірегінде жеке кәсіпкер Ғ.Байдеу 2 жылдан бері мал шаруашылығы үшін жайылымдық жер телімін ала алмай жүргендігін баяндады. Бүгінгі таңда 300 бас қой, 17 бас жылқы, 10 бас сиыры бар кәсіпкер алдағы уақытта мал басын көбейту мақсатында Еңбекші ауылының сыртқы аумағынан шабындық үшін 150 га, таулы аймақтан 250 га. төлдеу жайылымы үшін 600 га. жер алуға ниетті көрінеді. Алайда, қажетті жер учаскесі бос болған уақытта сауда-саттық шығады деп ескерткенімен 2 жылдан бері өткізілген 3 аукционға мүлде шықпаған. Кәсіпкердің сұрауы неге қанағаттандырылмады, жер телімі неліктен аукционға шықпады? Бұл мәселелердің ара-жігі анықталып, тиісті жауаптар берілді.
Нұрболат СӘДУАҚАСҰЛЫ,
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.
Суретті түсірген
Бақытжан БӘЙІМБЕТ.