Ақпараттық технология саласына басымдық берілмек
Астана қаласында Қызылорда облысының әкімдігі мен ЕуразЭО Парламентаралық Ассамблеясы жанындағы университет арасында әріптестік туралы меморандумға қол қойды. Аталмыш келісімге сәйкес университет қызылордалық мектеп бітірушілерге жыл сайын білім гранттарын бөлетін болады. Осындай игі істі үрдіске айналдырған облыс әкімі жыл сайын ауылдық жердегі аз қамтылған отбасылардан шыққан 100-ге жуық жастардың әкім гранты есебінен білім алуына жағдай жасап келеді. Қазіргі таңда грант иелерінің саны 700-ге жетті. Ал, биыл бөлінетін грант саны 200-ге жетіп, оның 70 пайызы ақпараттық технологиялар саласындағы мамандықтарға бағытталып отыр.
Көркі көз тартар Қызылорда күн сайын жаңарып келеді. Сәулеті келіскен құрылыс, сол жағалаудан бой көтерген әсем ғимараттар бәрі де жаңа технологияға негізделген. Келешекте сандық технологияны дөңгелетер мамандар даярлау мақсатында, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев сұранысқа ие мамандықтар жайында сөз қозғап, жұмыспен қамту барысын қаузады.
– Ұлттық бірыңғай тестілеудің орташа балы бойынша біздің облыс қазір үздік 5 аймақтың қатарында. Ал, 5 жыл бұрын соңғы 16-орында болатын. Ресейдің жетекші техникалық университеттерімен тығыз байланыс орнатудың арқасында бүгінгі күні 452 мектеп бітіруші Мәскеу және Санкт-Петербург қалаларында үздік жоғарғы оқу орындарында білім алуда. Биыл студенттердің алғашқы легі диплом алады. Олардың жұмысқа орналасу мәселесін алдын ала пысықтап жатырмыз» – деді аймақ басшысы.
ЕуразЭО Парламентаралық Ассамблеясы жанындағы университет ректоры Ерлан Ысқақов осыдан 20 жыл бұрын құрылған оқу ордасының құрамын атап өтті. Онда 3 институт, 4 факультетпен 17 кафедра бар. Сондай-ақ, «Бизнес-информатика», «Юриспруденция», «Сервис», «Туризм», «Экономика», «Менеджмент», «Кеден ісі», «Жарнама және жұртшылықпен байланыс», «Конфликтология», «Дизайн», «Қолданбалы көркемөнер және ұлттық кәсіпшілік», «Сауда ісі», «Психология» сынды негізгі мамандықтарды кезіктіре аласыз.
– Қызылорда облысы алғашқылардың бірі болып кадрларды дайындау саласында әріптестік орнату бойынша ұсынысымызға келіскеніне өте қуаныштымыз. Қазіргі таңда мамандарды даярлау мәселесінде жеке көзқарас тиімді. Биыл университетімізде қосылған жаңа бағыттардың бірі – бизнес информатика. Бұл мамандық аясында студенттер цифрлық экономика дамыған заманда өзекті салалардың бірі – блокчейн мен криптовалюталарды зерттейтін болады, – деді университет ректоры.
Осы орайда айта кетерлік жаңалықтардың бірі аталмыш университет өкілдері қызылордалық мұғалімдер мен ғылыми қызметкерлерді Нобель сыйлығының лауреаты Жорес Алферов басқаратын Еуразиялық ғылыми форумға қатысуға шақырды. Форум жыл сайын күзде ТМД елдерінің қатысуымен өтеді. Екі тарап қол қойған меморандум аясында бірлескен іс-шаралар мен жобалар талқыланып, оқуға түсу сынақтарынан сәтті өткен қызылордалық түлектерге жыл сайын 10 грант бөлінетін болды. Сонымен қатар,
биылдан бастап қызылордалық жастар үшін «Киберқауіпсіздік» және «Математикалық процестерді модельдеу» мамандықтары бойынша М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің магистратурасына 20 грант бөлінетінін де сөз етті. Одан бөлек, сырбойылық жастарды Қазан қаласындағы «Иннополис» университетінде оқыту туралы келісім жасалса, Мәскеудегі «Сколково» инновациялық орталығымен әріптестік орнату жоспарлануда.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.