Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Торқалы тойдың тартуы

Торқалы тойдың тартуы


Астана – еліміздің мерейін үстем еткен, әлем назарын өзіне аударған Сарыарқаның төсінде, Есіл өзенінің жағасында жайғасқан алып шаһар. Алғаш боп тарих көшін бастаған Елбасы Н.Назарбаевтың тынымсыз еңбегінің жемісіндей тамаша тұрғын үй кешендері, еңселі ғимараттары, әсем монументтері мен сәулет ескерткіштері салынып, көз алдымызда өзінің керемет сымбатымен құлпыра түсуде. Таңғажайып кең байтақ жеріміздің кіндігінде аз жылдар ішінде бой көтеріп, әсемдігімен жан-жағына шуағын шашқан осынау Астананың туған күні өңірлерде өз деңгейінде аталып өтуде. Ел бір-бірін мерекемен құттықтап, мәре-сәре. Астананың туған күні бір ғана қаланың деңгейінде емес, тұтас қазақ ұлтының ортақ қуанышы. Жылдағы дағды бойынша ұйымдастырылатын шаралар соның айқын көрінісі.

Мұндай мерекелерді тойлаудан Шиелі халқы да тысқары қалмақ емес. Асқақ Астананың айтулы мерекесінде аудан көлемінде бірқатар нысандар пайдалануға беріліп, тұрғындардың қуанышы еселенді. Атап айтқанда, Еңбекші ауылының кішкентай балғындары енді осынау күннің құрметіне орай ашылған заманауи жобамен салынған 90 орындық «Нұр-бөбек» балабақшасында тәрбиеленбек. Аталған балабақша ғимаратын аралап, ішкі жұмыстарымен танысқан аудан басшысы мен ауыл тұрғындары керемет істің куәсі болды. Мұнда жеті топ жұмыс жасап, әрбірінде білікті тәрбиешілер бала тәрбиесімен айналысады. Әр топтың тамақтану және жатын бөлмелері бөлек жасақталған. Тағы бір айта кететін жайт, балақайлардың бақшасында екінші қабатқа көтерілу үшін жеделсатының да жұмыс жасап тұрғандығы көңілдерді марқайтты. Осынау қуанышты шараға құр қол келмеген аудан әкімі Ә.Оразбекұлы 7 топқа өз демеушілігімен 7 теледидар сыйлады. Тұрғындарды мерейлі мерекемен құттықтап, ықыласын жеткізді. Жуырда Тартоғайда да балабақша пайдалануға берілгендігін тілге тиек етіп, осы бағыттағы игі жұмыстардың легі толастамайтындығын атап өтті. Сонымен бірге, Астананың 20 жылдық мерейтойына орай ауданнан оқушы балалар мен ардагерлердің Астана қаласына саяхаттайтындығын да назарға салды. Ардагер ұстаз, ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Ұ.Бәтішова ел азаматтарына алғысын жеткізіп, балабақшаның лентасын қию құрметіне қатысты. Шара соңында Киікбай Исмайлов бата беріп, ел үшін жасалып жатқан көркем істердің баянды болуын тіледі.
Мұнан соң Шиелі кентіндегі іргелі Дәулеткерей көшесі бойындағы сквер аллея ашылып, көпшілік көзайымына айналды. Аталған сквер аллея іші гүлзарлармен көмкеріліп, адамдар отырып тынығатын орындықтар, салауатты өмір салтымен шұғылдануға ниет еткендер үшін спорттық құрал-жабдықтармен қамтылған. Сонымен қатар, ұлттық бұйымдарымызды жас жеткіншектерге насихаттау мақсатында алып құмыралар, алтын түстес асықтың саябақ ішінен орын тепкендігі көпшілікті тәнті етті. Айта кету керек, бұл саябақтың салынуы­на қаржылай демеушілік танытқан «Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС болып табылады.
Саябақтың ашылу салтанатында аудан әкімі Ә.Оразбекұлы жиылған жұртты мерекелерімен құттықтап, ізгі ықыласын білдірді. Сонымен қатар, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Оразымбетов сөз сөйлеп, саябақтың ашылу салтанатына жиылған жұртты айтулы мерекемен құттықтады. Ал, «Салтанат сарайына» жиналған тұрғындар назарына «Жайнай бер, жарқырай бер, жас Астана!» атты кеш ұсынылды. Бұл күннің ерекшелігін құрмет тұтқан тұрғындар көркем безендірілген сахнаны қаумалай
орналасты.
Сахна тақырыпқа сай безендеріліп, LED экрандағы шараның тақырыбы тайға таңба басқандай жазылыпты. Кеш жүргізушілерінің жиынды ашық деп жариялауынан соң аталмыш экраннан Елбасы жаңа астананы алғаш жариялаған күнінен бүгінге дейінгі жүріп өткен жиырма жылдық жолы, түрленуі, бәрі-бәрі көрерменнің көз алдынан бес минутта сырғып өтті.
Бейнесюжет бітісімен еліміздің Әнұраны шырқалып, көпшілік көкірек тұсына қолын қойып, жүректерді қуаныш кернеді.
Жиналған жерлестерін айтулы мерекемен аудан әкімі Ә.Оразбекұлы құттықтап, мерекелік лебізін жолдады.
– Құрметті жерлестер! Қадірменді қонақтар! Сіздерді елдік пен татулықтың туын көтерген, киелі Сарыарқаның сайын даласына керегесін кең жайған Елордамыз Астана күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгінде Астана - Отанымыздың жүрегі, Тәуелсіздігіміздің тірегі. Астана әлемдік қоғамдастықтың тұрақты дамуына бағытталған маңызды саяси, экономикалық және гуманитарлық-бітімгерлік бастамалар көтеруде. Еліміздің орасан жетістіктерге жетуіне өз үлестерін қосып, Алты алаштың анасы атанған Сыр елінің, Шиелі ауданының да, осы жылдар ішінде барлық салалары қарқынды дамып, тұрғындардың әл-ауқаты артты. Биыл Қызылорда облысы Астана қаласының мерейлі мерекесіне «Өңірлердің Астанаға тартуы» жобасы аясында зымыран-ғарыш техникасы музейін сыйлады. Еңбегімен еңсесін тіктеген Шиелі халқы да Астанаға өзінің жақсы тартуларымен келді. Спорт, білім, өнер байқауларында бақ сынаған Шиелілік өрендер бәйгенің төрінен көрінді. Ауданның әлеуметтік – экономикалық дамуы қарқын алды. Кәсіпкерлік нысандар бой көтеріп, жаңа жобалар жүзеге асырылуда. Жаңадан соғылған білім, мәдениет ошақтары пайдалануға беріліп, заманауи үлгідегі демалыс, спорт, денсаулық сақтау обьектілері бой көтеріп келеді. 90 жылдық тарихы бар Шиелі халқы дәстүрін дәріптеп, салтын сақтап, сананы жаңғыртып, рухын асқақтатып келеді. Отансүйгіштік пен елдіктің символына айналған Астана қаласының мерейтойымен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Татулық пен бірлікті, ерлік пен елдікті нысана еткен Ел еңсесі биік, халқымыздың мәртебесі арта берсін! Асқақтап, жайнай бер, мерейлі де көрікті арман қала - Астана! – деген аудан басшысы өз сөзінде салалар жұмысын саралап өтті. Мұнан әрі шара бірқатар сала үздіктерінің марапатына ұласып, мерекелік медальдар мен аудан әкімінің алғыс хаттары табысталды.
Әуелеген әуендер, күмбірлеген күйлер, сахнада мың бұралған биші қыздардың өнері, шаттықтан бал-бұл жанған жүздер, бәрі-бәрі Астанаға арналған мерекенің маңызын айшықтай түскендей.
«Астана бақ қала», «Арман қала, Астана!», «Бақыт», «Астана», «Ұлы Дала ұланымын», «Жасай бер, қазақ», «Қазақтай ел қайда?» тақырыптарындағы аудан өнерпаздарының орындауындағы әндер мерекенің мазмұнын әрлегені хақ. Шараның соңы от шашуға ұласып, шат-шадыман болған жұрт салтанатты жиын өткен орыннан тарқауға асықпағандай.
Астана бүгінде жас мемлекетімізді және халқымызды әлемге әйгілеп, алпауыт елдермен тереземізді тең еткен шын мәніндегі бас қалаға айналды. Киелі Шиелі топырағында сол бас қаланың көптен күткен мерекесі осылайша көрініс тауып, жоғарғы деңгейде аталып өтті.
Сонымен, бас қала Астанаға бізден де бір тілек. Жайнай бер, жарқырай бер, қазақтың Астанасы, баянды бақытының бастауындай ғажайып бас қаласы!

Дина ЖҮСІПОВА.
06 шілде 2018 ж. 1 377 0