Мәслихаттар сайлауы
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ӨРКЕНДЕГЕН ӨҢІРДІҢ ӨЛШЕМІ – ХАЛЫҚТЫҢ СЕНІМІ

ӨРКЕНДЕГЕН ӨҢІРДІҢ ӨЛШЕМІ – ХАЛЫҚТЫҢ СЕНІМІ

Халықпен етене араласып, елдің талап-тілегін тыңдау, тұрғындардың өтініштеріне құлақ асып, түйткілді мәселелердің түйінін тарқату – мемлекеттік басқарудағы маңызды міндеттердің бірі. Өйткені елдің әл-ауқаты мен өңірдің өркендеуі, ең алдымен, қарапайым тұрғындардың өмір сапасымен өлшенеді. Осы бағыттағы жұмыстар аясында облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың өңір жұртшылығымен кездесулері оңтүстік аудандарда жалғасын тапты.
Аймақ басшысы жұмыс сапары барысында Шиелі ауданының тұрғындарымен жүздесіп, құқық қорғау органдары басшыларымен бірге азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдаудың басты мақсаты – тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдап қана қоймай, көтерілген мәселелердің шешілу жолдарын айқындап, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар беру.
Бұл жолғы жеке қабылдауға 50-ден астам азамат келіп, өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салды. Өтініштердің басым бөлігі баспана, денсаулық сақтау, білім беру, жер қатынастары және жұмыспен қамту салаларына қатысты болды. Сондай-ақ ауылдардың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға қатысты ұсыныстар да айтылды. Соның бірі – газдандыру мәселесі. Атап айтқанда, Балаби ауылының тұрғыны «Тартоғай» автоматтандырылған газ тарату станциясының құрылысы қашан басталатынын сұрады. Бұл нысан ауданның бірқатар елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз етуде маңызға ие. Атап айтқанда, Талаптан, Бәйгеқұм, Жөлек, Сұлутөбе, 1 Мамыр, Бірлестік, Тартоғай және Майлытоғай ауылдарының тұрғындары үшін газға қол жеткізу – көптен күткен игіліктің бірі. Қазіргі таңда «Шиелі ауданының Тартоғай елді мекенінде АГТС орната отырып, «Бейнеу – Шымкент» магистральдық газ құбырынан тармақ салу» жобасының құжаттамасы әзірленуде. Жоба жүзеге асып, газ құбыры пайдалануға берілгеннен кейін Бәйгеқұм, Жөлек, Балаби, Тартоғай, Майлытоғай, Сұлутөбе, 1 Мамыр және Жаназар батыр елді мекендерін газдандыруға қажетті құжаттар әзірленетін болады.
Қыстың қақаған аязында отын тасып, күл шығару машақатынан арылу, үйлерді тұрақты жылумен қамтамасыз ету – ауыл халқы үшін үлкен жеңілдік. Сондықтан бұл бағыттағы жобалардың жүйелі жүзеге асуы тұрғындардың басты тілегінің бірі болып отыр.
Қабылдауда көтерілген тағы бір өзекті мәселе – ауылдардағы мәдениет ошақтарының жағдайы. Алмалы ауылының тұрғыны Майлытоғай, Қарғалы, Жансейіт, Алмалы, Тәжібаев, Досбол датқа және Тұрсынбай датқа ауылдарындағы клуб ғимараттарының апатты жағдайда тұрғанын жеткізді. Шын мәнінде, ауылдық клубтар – елді мекеннің мәдени тыныс-тіршілігінің өзегі. Мұнда түрлі мерекелік шаралар, шығармашылық кештер, кездесулер мен жастардың басқосулары өтеді. Әсіресе, ауыл жастарының бос уақытын тиімді ұйымдастыруда, өнер мен мәдениетті дамытуда бұл нысандардың орны ерекше. Сондықтан олардың талапқа сай болуы – уақыт күттірмейтін мәселе.
Аталған ауылдарда жаңа клуб ғимараттарын салу үшін жер телімдері бөлінген. Облыс басшысы ендігі кезекте жобалау-сметалық құжаттамаларын әзірлеу және мемлекеттік сараптамадан өткізу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілетінін айтты.
Халықпен тікелей жүздесу – мәселелерді көзбен көріп, жағдайды жан-жақты бағалауға жол ашады. Әрине, барлық мәселе бір күнде шешіле қоймасы анық. Дегенмен әрбір өтініштің назарға алынуы, оның орындалу жолының белгіленуі және жауапты мекемелердің жұмысына бақылау жасалуы маңызды.
Елдің сенімі – жауапкершілікті талап етеді. Ал тұрғындардың ұсыныс-пікіріне құлақ асу, өзекті мәселелерді бірлесе шешу – өңірдің тұрақты дамуына негіз болатын басты ұстаным. Жеке қабылдаудың да негізгі мәні осында. Халықтың мұң-мұқтажын тыңдау арқылы елді мекендердің нақты қажеттіліктері айқындалып, оларды шешудің жолдары қарастырылуда.
Өйткені өркендеген өңірдің өлшемі – ең алдымен, тұрғындардың тұрмыс сапасы мен елге деген сенімі.

Гүлхан ЯХИЯ
23 қараша 2026 ж. 20 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№88 (9455).

21 қараша 2026 ж.

№87 (9454)

17 қараша 2026 ж.

№86 (9453).

14 қараша 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30