ҚИЯҒА ҚЫЗЫҚТЫРЫП ЖЕТЕЛЕГЕН
Адамзат өміріндегі мәртебелі мамандықтың бірі – мұғалім. Әсіресе, ХХ ғасырдың бас кезінде оқу-ағартушылық қызметімен айналысқандар зиялы қауымның (сол кездің тілімен айтқанда, интеллегенцияның) алдыңғы қатарында болды. Қазіргі уақытта да мұғалімдік қызметтің беделі биік, жауапкершілігі жоғары.

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз, ұлағатты ұстаз, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі, Қазақ КСР білім беру ісінің үздігі, «Алтын алқа» иегері, 85 жастағы Бақтыгүл Оспанова – осынау ғибратты ғұмырының басым бөлігін ұрпақ тәрбиесіне арнаған жан.Екінші дүниежүзілік соғыс басталған 1941 жылы сол кездегі Сырдария ауданы, қазіргі Шиелі ауданы 1 Май ауылында өмірге келген оның балалық шағы қиын-қыстау кезеңде өткені айтпаса да түсінікті. Отбасы да көппен бірге қарапайым тұрмыс кешті.Әйтсе де балаларының ел қатарлы білім алуына барынша көңіл бөлді. Жастайынан еңбек етуге тәрбиелеп, бар менен жоқтың бағасын білуге үйретті.Ауылдағы орта мектепті бітірген Бақтыгүл Ерманқызы 1958 жылы Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтына түсті. Жастайынан мұғалім болуды мақсат еткен ол жоғары оқу орнын жақсы бағамен бітіріп, қолына дипломын алғанда қуанышында шек болмады. Өйткені өмірге құштар балауса қыздың басты арманының бірі орындалған еді.
Алғашқы еңбек жолын Тереңөзек ауданы Қараөзек ауылындағы №39 орта мектепте математика пәнінің мұғалімі болып бастады. Осы жылдары тағдыр табыстырып, Сағынтай Есенов есімді азаматпен отбасын құрған еді. Бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп, жеті перзент өмірге әкеліп, тәрбиелеп өсірді. Жұптары жазылмай, қоғамға қатар жүріп қызмет етті.
Сағынтай Есенұлы да оқу-ағарту саласында абыройлы қызмет атқарған. КСРО Халық ағарту ісінің озық қызметкері. Өкініштісі, өмірден ертерек өтті. Сондықтан балалардың тәрбиесіне анасы жауапты болды.
Білікті мұғалім Бақтыгүл Ерманқызы оқу, тәрбие жұмысымен қатар, қоғамдық ортада белсенді қызмет етті. Қараөзек ауылдық халық депутаттары кеңесінің депутаты болып сайланып, елді мекеннің тыныс-тіршілігіне қатыстыөзекті мәселелерді шешуге өз деңгейінде үлес қосты. Ал 1965-1976 жылдар аралығында Шиелі ауылындағы М.Ломоносов атындағы №47 орта мектепте, 1976 жылдан бастап зейнеткерлікке шыққанға дейін Қызылорда қаласындағы №140 орта мектепте математика пәнінің мұғалімі болды. Өмірлік тәжірибесі мол, үлкен жүректі ұстаз қай ортада болсын, шәкірт тәрбиелеу жолында шынайы шығармашылық ізденіспен еңбек етті. Сондай-ақ мектептегі бастауыш партия ұйымының хатшысы болып, қоғамдық негізде қызмет атқарды.
Сол 1976 жылы ұстаз еңбегі бағаланып, «Қазақ КСР білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі» атағы берілді. Көпбалалы аналар қатарында «Алтын алқа» тағынды. Одан бөлек, «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтойлық медалін иеленді.
Мерейлі жасында ұстаз-ананы мерекесімен құттықтап, аймақтың ата басылымы – «Сыр бойы» газетінің оқырмандары атынан ізгі тілегімізді білдірдік. Сонымен қатар, ардагер ұстаздан: «Сіздің кезіңіздегі мұғалімдер қандай еді, жалпы мұғалім қандай болуы керек?» деген сауалымызға да лайықты жауап алғандаймыз.
– Ауыл мектебінде оқысақ та, жақсы білім алдық. Мектеп қабырғасында сабақ берген Дүйсенәлі Атабаев, Кенжәлі Атабаев, Махамбетжан Әлімбетов, жоғары оқу орнында дәріс берген Базарбай Қашқынбаев есімді ұстаздарымызды әрдайым үлгі тұтамыз. Одан бөлек, ауылдың қарттарын құрметтеп, алғысына бөленіп, батасын алуға тырыстық.Біз еңбек еткен уақытта қазіргідей мұғалімге қажетті көрнекі құралдар болған емес. Бар-жоғы тақта мен бор, кей деректерді газет-журналдардан жинақтаймыз. Бүгінгідей электронды түрдегі дайын материалдардың бірі де жоқ. Сабаққа қажетті көрнекіліктің бәрі қолмен әзірленетін. Өз мамандығына шын берілген мұғалімдер қандай қиындықты да жеңе біліп, уақытпен санаспай қызмет етті.
Әрбір жаңа сабақ өтер алдындажан-жақты дайындалатынбыз. Өйткені өзімізге артылған жауапкершілікті барынша сезіне білдік. Ол кезде оқушылар мұғалімнің айтқанын екі етпейтін. Ата-ана да ұстаз еңбегіне құрметпен қарайтын. Сондықтан шәкірттеріміздің бәрі дерлік білімді, тәрбиелі болды. Өмірден өз орындарын тапты, – дейді ұстаз.Иә, ардагер ұстаз Бақтыгүл апайдың айтуынша, бүгінгі балалар үшін білім алуға жан-жақты жағдай жасалған, дегенмен, тәрбие мәселесі өзекті болып отырғанын жасыруға болмайды. Оған себептер де көп. Сондықтан бала тәрбиесінде мұғалім ата-анамен бірлесе отырып, жүйелі жұмыс жүргізуі керек. Ең алдымен елжандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеп, әрбір баланың қоғамнан өз орнын табуына қолдау танытуы қажет. Бір сөзбен айтқанда, жас ұрпақты тәрбиелеудің жауапкершілігі зор екенін мұғалім де, ата-ана да терең сезіне білгені жөн.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, ардақты ана, ұлағатты ұстаз Бақтыгүл Оспанова 85 жастың төрінде, саялы бәйтеректей өсіп-өнген үлкен әулеттің анасы. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немере-шөберенің шат күлкісіне бөленіп отырғанына шүкірлік етеді.
Қарт ұстаз әлі де білім беру саласындағы жаңалықтарды қалт жібермей қарап отыруға тырысады. Осы орайда жас ұрпақ заман көшіне ілесіп, өмірден өз жолын тауып, тіршілік тамыры толассыз сабақтаса берсе деген аналық тілегін білдірді.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»