ХАЛЫҚ ҚАЗЫНАСЫН ҚЫЗҒЫШТАЙ ҚОРҒАҒАН ТҰЛҒА

Биыл қазақ руханиятының біртуар өкілі Мардан Байділдаевтың туғанына 100 жыл толып отыр. Бұл – бір ғалымның мерейтойы ғана емес, халқымыздың ғасырлар бойы ауыздан-ауызға жеткен жыр-дастандары, терме-толғаулары, айтыстары, күй-аңыздары мен ақын-жыраулар мұрасын жинап, сақтап қалған азаматтың еңбегіне тағзым ететін айтулы белес. Осы мерейтойға орай Сыр елінде республикалық іс-шара барысында ғылыми конференция ұйымдастырылып, республикалық жыраулар фестивалі өтеді.
Мардан Байділдаев 1926 жылы Сыр бойында дүниеге келді. Балалық шағы ел тарихының күрделі кезеңімен тұспа-тұс келсе де, өмірдің тауқыметі оның жігерін жасыта алмады. Жоғары білім алып, филология саласын меңгергеннен кейін бүкіл ғұмырын қазақтың сөз өнерін жинауға, зерттеуге және насихаттауға арнады. Ұзақ жылдар бойы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында қызмет атқарып, ел арасындағы ауыз әдебиеті үлгілерін жинау мен зерттеуге айрықша үлес қосты.
Алайда Мардан ағамызды кабинет ғалымы деу аздық етеді. Ол ел аралап, халықтың арасынан қазына іздеген ғалым еді. Ауылдан ауылға, елден елге сапар шегіп, жыршы мен жырауды, көне сөзді білетін қарияны іздеді. Ел ішінде аты кең тарай қоймаған ақын-жыраулардың мұрасын тауып, хатқа түсірді. Сыр бойындағы әрбір ауылда, әрбір шаңырақта ғасырлардан жеткен бір үзік жыр, бір көне әңгіме, бір тарихи дерек жатқанын жақсы білді.
1961-1964 жылдардағы Қызылорда экспедициялары барысында академиялық қорға 31679 жол өлең, 141 күй және 180 ән мәтіні тапсырылғаны туралы дерек бар. Бұл сандардың ар жағында қаншама ауыл, қаншама өнер иесі, қаншама күн мен түнге созылған еңбек жатқанын бағамдаудың өзі қиын.
Бүгін біз ақпаратты кітаптан да, интернеттен де оңай табамыз. Ал Мардан ағамыздың кезінде мұндай мүмкіндік болған жоқ. Ол ел ішіндегі мұраны өзі іздеді, тыңдады, жазып алды, салыстырды, хатқа түсірді және ғылыми айналымға енгізді. Осылайша халықтың ауызша айтылған сөзі ұрпақ қолына кітап болып жетті.
Мардан Келдібайұлының есімі Сыр бойының ақын-жырауларымен ерекше сабақтас. Ол Тұрмағамбет Ізтілеуұлы, Шораяқтың Омары, Қарасақал Ерімбет, Кете Жүсіп, Даңмұрын және басқа да Сыр сүлейлерінің шығармашылық мұрасын жинауға, зерттеуге, жариялауға айрықша еңбек сіңірді.
Әдебиет тарихында тиісті деңгейде зерттелмей, көбіне ел арасында ғана сақталған ақындар мұрасын жүйелі түрде жинаудың қажеттігін Мардан ағамыз ерте түсінді. Әсіресе Тұрмағамбет Ізтілеуұлының шығармашылық мұрасын жинау жолындағы еңбегі айрықша аталады. Ақынның Фирдоусидің «Шаһнамасын» қазақша жырлаған қырық мың жолға жуық мұрасын іздестіруге, қолжазбаларын жинауға және баспаға дайындауға үлкен үлес қосты.
Кейін белгілі болған деректер бойынша, Тұрмағамбеттің «Шаһнамасының» 35 дәптері Мардан ағамыздың қолында сақталған. Оның мақсаты – ақынның бұрын жарық көрген «Рүстем-Дастанын» түпнұсқамен салыстырып, толық нұсқасын ғылыми тұрғыда әзірлеу болған. Бұл аталған қолжазбаны жай ғана көне дүние емес, ұлттық қазынаның бір бөлшегі деп қарағанын көрсетеді.
Мардан ағамыздың фольклортанудағы еңбегі сөз өнерімен ғана шектелмеді. Ол дәстүрлі музыка мен жыраулық өнер үлгілерін де жинады. 1975 жылы Қорқыт сарынын жеткізген атақты Соқыр Нышан – Ысмайыл Шәменовтің орындауындағы Қорқыт күйлерін жазып алғаны туралы дерек бар. Мұндай жазбалардың тарихи маңызы уақыт өткен сайын арта түседі. Себебі ауызша және орындаушылық дәстүр дер кезінде хатқа немесе таспаға түспесе, бір буынмен бірге тұтас бір сарынның жоғалып кетуі мүмкін. Ол кісі осыны ерте түсінді. Сондықтан оның жазып алған бір күйі, бір жыры, бір термесі – бүгінгі ұрпақ үшін өнер туындысы ғана емес, тарихи-мәдени дерек.
Мардан Байділдаевтың есімі қазақ әдебиетінің іргелі жинақтарымен де тығыз байланысты. Ол «Үш ғасыр жырлайды», «Айтыс», «Бес ғасыр жырлайды» секілді маңызды басылымдарды әзірлеуге атсалысты. «Бес ғасыр жырлайды» антологиясын Мұхтар Мағауинмен бірге құрастырғаны белгілі. Бұл еңбектерде қазақ халқының бірнеше ғасырлық ой-арманы, мұңы мен қуанышы, елдік ұстанымы мен дүниетанымы көрініс тапты. Демек, Мардан Байділдаевтың еңбегін тек фольклор жинаушының қызметі деп бағалау жеткіліксіз. Ол халықтың тарихи жадын сақтауға қызмет етті.
Естеліктерде оның қарапайымдылығы, ел ішіндегі өнер иелеріне деген қамқорлығы, адамға жақындығы жиі айтылады. Мардан ағамыз талантты адамды атағына қарап бағаламады. Ел ішінде жүрген жыршының, ақынның, өнерпаздың бойындағы халық мұрасын көрсе, соны елге танытуға күш салды. Көшеней Рүстембеков сияқты Сыр бойының айтулы жыршыларының Алматыдағы әдеби ортаға танылуына да ықпалы болған. Оның айтыс өнерін қайта жандандыруға қосқан үлесі де ерекше. Ақындарды іздеп, басын қосып, халықтың ежелгі өнерінің қайта түлеп, жаңа кезеңге өтуіне еңбек сіңірді.
Мардан Келдібайұлының туғанына 100 жыл толуына орай қолға алынған тағы бір аса маңызды жұмысқа арнайы тоқталған жөн. Сыр бойының белгілі жырауы, фольклортанушы, педагог, өнертанушы, профессор Алмасбек Алматовтың басшылығымен Мардан Байділдаевтың ғылыми және шығармашылық мұрасын жинақтайтын 25 томдық еңбегін құрастырып, баспаға дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл – ғалымның саналы ғұмырында жинаған, зерттеген, жүйелеген мол мұрасын бір арнаға тоғыстыратын аса жауапты іс.
Мардан Байділдаевтың 25 томдық мұрасы – ғалымның жеке еңбегі ғана емес, қазақ фольклорының, Сыр бойы ақын-жыраулар мектебінің және ұлттық руханияттың аса құнды қазынасы. Бұл мұраны толық жарыққа шығару – бүгінгі ұрпақтың парызы. 25 томдық еңбекті мемлекеттік тапсырыспен жариялау – халқымыздың рухани мұрасын сақтап, келер ұрпаққа жеткізудің маңызды қадамы. Бір адамның ғұмыр бойы ел аралап жинаған дүниесін біртұтас ғылыми басылымға айналдыру – бүгінгі ұрпақ үшін ғана емес, келешек зерттеушілер үшін де үлкен мүмкіндік.
Сондықтан осы орайда тиісті мемлекеттік органдар мен мәдениет саласына жауапты мекемелердің назарын бір мәселеге аударғым келеді. Мардан Байділдаевтың 25 томдық шығармалар жинағын мемлекеттік тапсырыс аясында жарыққа шығару мүмкіндігін қарастыру қажет. Бұл – белгілі бір азаматтың немесе белгілі бір өңірдің ғана мүддесі емес. Себебі сөз болып отырған мұраның ішінде халқымыздың ауыз әдебиеті, жыршылық дәстүрі, ақындық өнері, айтыс, күй, ән, тарихи-этнографиялық деректер мен қолжазбалар бар. Мұндай еңбекті жарыққа шығару – халықтың рухани қазынасын келер ұрпаққа жүйелі түрде табыстаудың бір жолы. Әсіресе қолжазбалар мен дыбыстық жазбалардың сақталуы, ғылыми сипаттамасының жасалуы, цифрландырылуы және көпшілікке қолжетімді болуы – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі.
Ағамыздың ғұмыры 1994 жылы Алматыда аяқталды. Бірақ оның жинаған жырлары айтылып, зерттеліп, құрастырған кітаптары оқылып, жазып алған күйлері мен әндері ұлттық мәдениет тарихын тануға қызмет етіп келеді.
Ғалымның екінші ғұмырының ұзақ боларына сенім бар. Өйткені ол өз өмірін жеке басының қамына емес, халықтың рухани қазынасына арнады. Оның 100 жылдығы да бір күндік мерекелік шарамен шектелмеуі тиіс. Еңбектерін қайта бастырып шығару, жинақтау, ғылыми тұрғыдан жүйелеу, цифрландыру, жас ұрпаққа таныстыру – осы мерейтойдан туындайтын нақты міндеттер. Ал 25 томдық жинақты толықтырып, сапалы түрде басып шығару – сол міндеттердің ең маңыздысы.
Мардан Келдібайұлы Байділдаев жырды жинады, күйді жазды, ақындарды таныды, жырауларды іздеді, қолжазбаларды сақтады, ұмыт қалған есімдерді қайта жаңғыртты. Сөйтіп, халықтың кешегісін бүгінгі ұрпаққа жеткізді. Ендеше, оның 100 жылдық белесінде біз де осы аманатты жалғастыруға тиіспіз. Халықтың рухани қазынасын сақтаған адам – халықтың өзін сақтауға қызмет еткен адам. Ғибратты ғұмырының ең үлкен тағылымы да осында. Оның есімі Сырдың жырындай, халықтың сөзі мен сазындай ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса бергей! Мардан Байділдаевтың туғанына 100 жыл – халық мұрасына қызмет еткен азаматқа тағзымның ғасырлық белесі.
Қазтай ӘБДІРЕЕВ,
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің құрметті профессоры
***
Фольклоршы-ғалым Мардан Байділдаевтың 100 жылдығына орай «Ұлт рухының жанашыры» тақырыбында ресубликалық ғылыми-танымдық конференция өтті.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Студенттер сарайында өткен жиынға облыс әкімінің орынбасары, ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай қатысып, облыс әкімінің құттықтауын жеткізді. Сондай-ақ Алматы қаласынан арнайы келген ғалымның ұрпақтарына сый-құрмет көрсетті.
Конференцияда Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Анарбай Бұлдыбай, өлкетанушы, қоғам қайраткері Бекарыстан Мырзабай, К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, жырау, фольклортанушы-зерттеуші Алмас Алматов, филология ғылымдарының кандидаты, тұрмағамбеттанушы- ғалым Ләйлі Құндақбай, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Ғабит Тұяқбаев, осы университеттің қауымдастырылған профессоры Гүлзира Оралова баяндама жасап, ғалымның әдебиет пен мәдениет, жалпы руханият саласындағы сүбелі еңбегінен сөз қозғап, таным-тағылымын саралады.
Конференцияны Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Аманжол Әлтай жүргізді.








