ТҰРМАҒАМБЕТТІҢ ТАҒДЫРЫ
Сыр сүлейлерінің бай мұрасын жинауда елеулi еңбек еткен есiмi республикаға танымал фольклоршы-ғалым марқұм Мардан Байділдаев бір жолы кездесуде журналист Мырқы Исаевтан:
– Сен ғой Тұрмағамбет шайырдың туысысың. Айтшы кәне, кешегі қуғын-сүргін жылдарында ол неше рет түрмеге қамалды? – деп төтеннен сұрақ қойыпты. Мырқы ағамыз бұл сауалға: “ Тұрекең бір-екі шумақ өлеңі үшін түрмеге қамалды ғой,” дегеннен әрі аспапты. Көнеден білетіні көп Мардан аға осы сауалға орай Мырқы Исаевқа мына бір қызықты деректі айтып бередi.
Қазаққа зобалаң әкелген кешегі 30-жылдары Ізтілеуов Тұрмағамбет шайыр ел астанасы Алматыға барып, Сүлеймен Есқараевтың үйіне аялдапты. Сүлеймен Есқараев ол кезде республиканың прокуроры қызметінде. Елден келген қадірменді қонақтың құрметіне бірқатар қайраткерлерді, оның ішінде Халық комиссарлар Кеңесінің төрағасы Ұзақбай Құлымбетов, Орталық партия комитетінің хатшысы Ілияс Қабылов және басқа да бірнеше азамат бар, бір топ адамды үйіне кешке асқа шақырыпты.
Мәжіліс барысында Ұзақбай Құлымбетов пен Ілияс Қабылов (Жалағаш ауданында туған) сыйлы қонақ Тұрмағамбет ақынға елдің хабарын айта отырыңыз деп қолқа салады. Әсіресе Төрткөлдегі жаңалықты сұрағанда тапқыр ақын табанда өлеңмен былай деп жауап беріпті:
Төрткөлдің көлі кетіп, шөлі қалды,
Төренің төресі кетті де, төбеті қалды.
Алымның алымы кетті де залымы қалды.
Мал дегенде есек қалды,
Үй дегенде кесек қалды.
Ерлі-зайыптылар екі айрылып,
Құр қаңырап төсек қалды.
Белсенділер салық жинайды,
Құрым киіз, сүйек саяқ
Бәрін де есепке алады...
Бұл – елде И.Голощекиннің идеясы жүзеге асырылып, қалың жұрттың ашаршылыққа ұшыраған тұсы болатын. Елім деп еңіреген ерлерді алда 1937 жылдың зобалаңы күтіп тұрды. Зерделі ақыннан елдің жағдайын сұрағанда шыдамай көзі көрген қиянаттың бәрін бірер шумаққа сыйғызып айтқан болатын. Тұрмағамбеттің бұл өлеңі НКВД-ның құлағына қалай жеткенін кім білсін, ертесіне дәл осы төтеннен шығарған өлеңі үшін түрмеге жабылады.
Бұл оның Шығыс жұлдыздарының бірі Әбілқасым Фирдоусидің әлем әдебиетіне қосқан асыл қазынасы әйгілі “Шаһнама” дастанын аудару үшін республика астанасына келген сәті болса керек. Ал оған әлем әдебиеті жауһары саналатын әйгілі дастанды аударуды нарком Темірбек Жүргеновтің ұсыныс еткені көзі қарақты оқырманға әдебиет тарихынан жақсы таныс. Осы тұста тағы бір маңызды дерек келтірейік:
«1934 жылы «Шығыстың жарық жұлдызы» атанған Фирдоусидің туғанына мың жыл толған мерекесі әлемнің көптеген елдерінде атап өтіліп, мәңгі өлмес шығармасы «Шаһнама» (патшалар өмірі жайлы жыр) әр халықтың тілдеріне жаппай аударыла бастайды. Өз кезінде «Шаһнаманы» Шығыстың «Илиадасы» деп те атағандар болған. Бірақ шын мәнісінде «Шаһнама» «Илиада» секілді туындыдан сегіз есе көп келетін теңдессіз эпопея-дастан. Сол бір дүбірлі мереке аталып өтіп жатқан 1934 жылы Алматыда Қазақстан жазушыларының тұңғыш съезі, одан соң дәл сол жылы көркемөнерпаздардың республикалық І слеті өткізіліп, оған Оңтүстік Қазақстан облысынан Тұрмағамбет Ізтілеуов те қатысады. Осы барған сапарында Қазақ өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Л.И.Мирзоянмен, Оқу Халық комиссары Т.Жүргеновпен жүздесіп, олармен келелі әңгімелер қозғалады. Сөз түйініне тоқтар кезде Темірбек Жүргенов Тұрмағамбеттен: «Шаһнаманы» аудара алар ма едіңіз?» – деп сұрайды. Сонда Тұрмағамбет: «Ол дастанның түркішесін де, шағатайшасын да, тіпті парсышасы мен арабшасын да оқығанмын. Көптеген жерін жатқа да білемін. Оны аудармай несі бар», – дейді сенімді түрде», - деп жазады белгілі журналист Рашид Жарылқасынов.
Жалпы, Т.Жүргенов туралы зерттеп жүрген филиолг-ғалым Бауыржан Иманғалиев Темірбек Қараұлы 1904-1908 жылдары Тұрмағамбет Ізтілеуұлынан білім алды деп жазады. Ол Шығыс тілдерін, әдебиеті мен мәдениетін атақты шайыр, ұлық ұстазынан үйренген.
Т.Жүргенов сол тұста республиканың Халық комиссары, қазіргі қызметінде еді. Қазақ мәдениетінің 4 тірегінің бірі саналатын, ұлтымыздың білімі мен мәдениетін, әдебиеті мен өнерін өркендетуге ерекше үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргенов пен еліміздің бас прокуроры Сүлеймен Есқараев сол жолы араға түсіп, Тұмағамбет ақынды түрмеден шығартып алады.
– Осы Алматы сапарының өзінде Сыр сүлейі Тұрмағамбет шайыр түрмеге екі мәрте жабылып, ұлтжанды азаматтардың көмегімен босап шыққан еді, - деп аяқтайды әңгімесін Мардан Байділдаев ағамыз.
Кешегі аласапыран заманда, қуғын-сүргін белең алған жылдары талай-талай боздақтарға нақақтан жала жабылып, қиянат құрбандарына айналып кете барды емес пе? Елдің қамын ойлаған есіл азаматтарды НКВД тыңшылары әртүрлі айла-шарғымен ұстап, түрмеге қамай берген ғой. Ең әрісі, бір қазақ екіншісінен жеке басының өшін алғысы келсе де кеңес үкіметінің қолшақпарларына дереу жеткізетін алмағайып заман еді ол.
Ел арасындағы сондай тыңшылардың бірі Құрбан есімді шала молда екен. Бірде ол Тұрекеңді өзіне шақырып, ақынға ірілік таныта сөйлепті. Тіпті орнымен айтылған сөзді тыңдамай, астамшылыққа барыпты. Сонда Тұрмағамбет ақын тұтқиылдан:
Шақырдың мені молда Құрбан,
Есексің, ақыл-есің тым құрыған.
Әлемнің төрт бұрышын ұстағандай,
Отырсың столыңда ырғаң-ырғаң, – депті де шығып жүре беріпті.
Әрине, тыңшының аты тыңшы. Өсек сөз тасып жырынды болған Құрбан молда осы кездесуде өзіне бағытталған бір ауыз өлеңді өңін айналдырып, ақынды келістіріп жамандайды. НКВД қызметкеріне “Кеңес үкіметіне қарсы өлең шығарды” деп жеткізеді. Үкіметке қарсы өлең жазған ақынды маңдайынанан сипамайтыны тағы белгілі. Бір шумақ үшін ақын тағы да абақтыға қамалады. Осы тұста тағы да Т.Жүргенов пен С.Есқараев араласып, Тұрекеңді түрмеден шығарып алған екен.
1938 жылы Темірбек Жүргеновтің өзі “халық жауы” деп ұсталып, осы жылдың 25 ақпанында репрессия құрбаны болғаны тарихтан белгілі. Бұл “Шаһнама” дастаныны аудармасының біткен кезі. Іле елде жүрген Тұрмағамбет ақын да қамауға алынып, түрме “дәмін” тағы татады.
Бұл жолғы оған “Шаһнама” дастанын аударуды ұсыныс еткен Темірбек Жүргеновпен жерлес-туыстығы кінә болып тағылып, Қазалы уезінің абақтысына жабылады. Осы жолы түрмеден босанып ауылына келген ақын көп ұзамай сырқаттан қайтыс болады. Жалпы, Тұрмағамабет Ізтілеуовтің түрмеде жазған өлеңдері туралы филолог-ғалым Берік Жүсіпов зерттеп, 2007 жылы “Тұрмағамбет Ізтілеуов шығармалары” атты кітап шығарды. Ал, біз шағын мақалада тек шайыр Тұрмағамбеттің Сүлеймен Есқараев пен Темірбек Жүргеновке қатысты тұсын есімі облысқа танымал журналист, марқұм Мырқы Исаевтың естелігінен келтіріп отырмыз. Ал қармақшылық қаламгер Рашид Жарылқасынов «Рүстем-Дастан» қалай жазылды атты мақаласын былай қорытыпты:
«Ең ақырында айтар болсақ, екі ұлы тұлғаның тағдыр ұқсастығы да таңғаларлық жағдай. Нәсілі тұрандық Иран патшасы сұлтан Махмуд алып ой иесі Фирдоусидің ақындық дара еңбегін бағаламақ түгілі, «Шаһнаманы» қолға алып оқымапты да. Сірә, оған дастанда парсылардың ата-бабаларының асыра дәріптелгендігі ұнай қоймаса керек деген пікір айтады кейбір зерттеушілер. Қудалауға ұшыраған Фирдоуси өмірінің соңында қайыршылық күй кешеді. Әйтсе де өз кінәсін кеш түсінген сұлтан Махмуд қол астындағыларға ақынға 60 мың динарды апарып беруді бұйырады. Алтын артқан керуен Тус қаласының қақпасына ене бергенде олар данышпан ақынның мүрдесін ақырғы сапарға шығарып бара жатқан топпен ұшырасып қалады…
Тұрмағамбет ақынның ақырғы өмірі де дәл осы оқиғаға ұқсас. Ол да өз еңбегінің жемісін көзі тірісінде көре алған жоқ. Қайта қудалауға ұшырап, жазықсыз жала отының азабын аяусыз тартты. Иә, қос дананың өмірлеріндегі осындай ұқсастықтар еріксіз бас шайқалтпай қоймайды. Дүниенің жолы шартарап. Солай болған соң да өмірде мұндай ұқсастықтар (әлде кездейсоқтықтар дейміз бе?) бола береді. Асылында оны кездейсоқтық дегеннен гөрі жазмыштың жолы десек, бәлкім, дәлірек пайым болар. Қалай айтсақ та даналардың рухы өлмейді. Ол мәңгі-бақи шамшырақтай алаулап жанып, ұрпақтарының жадында нұр сәулесін шаша түспекші».
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ,
Қызылорда облысы