Ғасырдан ғасырға жалғасқан ғұмыр
Қазақ халқының көрнекті ғалымы, саяхатшы, фольклорист, этнограф Шоқан Уәлихановтың туғанына 190 жыл толуына орай 19 желтоқсанда «Руханият орталығында» «Еуропаға ашқан терезе» атты танымдық кеш өтті.Іс-шараның басты мақсаты – Шоқан Уәлихановтың ғылыми мұрасын кеңінен насихаттау, оның қазақ ғылымы мен мәдениетінің дамуына қосқан өлшеусіз үлесін жас ұрпаққа таныту, тарихи тұлғаның өмір жолы арқылы білім мен ғылымға деген қызығушылықты арттыру.
Танымдық кеш Шоқан Уәлихановтың өмірі мен ғылыми қызметін қамтыған бейнероликпен басталды. Жиынның алғы сөзін аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Жантас Қасымов алып, шараның мән-маңызына тоқталды. Кеш барысында ғалымның саяхаттары, этнографиялық зерттеулері, қазақ, қырғыз және ұйғыр халықтарының салт-дәстүрі мен фольклорына қатысты жазған еңбектері кеңінен сөз болды.
Іс-шарада география және тарих пәні мұғалімдері Шоқан Уәлихановтың Жетісу мен Ыстықкөл өңіріне жасаған ғылыми экспедициялары, қазақ қоғамының тарихына қатысты зерттеулері және оның еңбектеріндегі еуропалық ғылыммен байланысы жөнінде мазмұнды баяндамалар жасады. Баяндамалар арқылы қатысушылар ғалымның Шығыс пен Батыс ғылымын тоғыстырған бірегей тұлға екенін тереңірек таныды.
Танымдық кеш барысында патриоттық және туған жерге деген сүйіспеншілікті дәріптейтін музыкалық нөмірлер орындалып, көрермендерге рухани әсер сыйлады. Әдеби-сазды қойылымдар кеш мазмұнын байытып, Шоқан Уәлихановтың тұлғалық болмысын ашуға ықпал етті.
Шоқан Уәлиханов – қысқа ғұмырында қазақ ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосқан, замандастары «Азияның жарық жұлдызы» деп бағалаған дара тұлға. Оның ғылыми еңбектері бүгінгі күнге дейін маңызын жойған жоқ, ал мол мұрасы – болашақ ұрпақ үшін баға жетпес қазына.
Шара соңында сөз сөйлегендер Шоқан Уәлихановтың өмірі мен еңбегі әрдайым жастарға үлгі болып, елдің рухани дамуына қызмет ете беретінін атап өтті. Танымдық кеш қатысушыларға терең тағылым беріп, ұлттық тарих пен ғылымға деген құрметті арттырды.
Гүлхан ЯХИЯ






