АҚ ЖОЛ, ЖАС САРБАЗ!
Отан деген ұғымның салмағын сөзбен өлшеу қиын. Ол – туған жердің топырағы, кіндік қаның тамған ауыл, ата-бабаның аманаты, анаңның әлдиі, әкеңнің ақылы, елдің тыныштығы мен болашаққа деген сенімі. Адам баласы үшін Отанды сүю – жүрекке жазылған қасиетті сезім болса, сол Отанды қорғау – азаматтық парыз.«Тағзым» алаңында «Отанды қорғау – азаматтық борышымыз» атты күзгі шақырылымдағы азаматтарды мерзімді әскери қызметке салтанатты шығарып салу рәсімі осы ұлы ұғымдардың мәнін тағы бір мәрте айшықтады.
Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен басталды. Көк байрақ астында орындалған Әнұран әуені алаңға жиналған жұрттың жүрегіне ерекше толқыныс сыйлады.
Содан соң алғашқы сөз аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы К.Есенбаевқа берілді. Ол жас азаматтарға Отан алдындағы міндеттің маңызын айтып, әскери қызметтің азаматты шыңдайтын, тәртіпке үйрететін, жауапкершілігін арттыратын үлкен мектеп екенін жеткізді. Шиелі ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы, майор Б.Дәндібай да жас сарбаздарға өз сөзін арнап, әскери қызметтің жауапкершілігіне тоқталды.
Шарада Шиелі кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Күлімбетов әскерге аттанғандарға ақ батасын берді. Әскерге аттанған әр жас – бір әулеттің үміті, қуанышы. Сондықтан сарбазды шығарып салу – бір үйдің ғана емес, тұтас елдің ортақ толғанысы. Мұны әскери борышын өтеуші Нұрасыл Маратұлының әкесі Марат Әбдірахманұлының сөзі де айқын аңғартты. Әке үшін баласының азамат болып қалыптасуы – өмірдегі ең үлкен белестердің бірі. Кеше ғана маңдайынан сипап, еркелеткен перзентінің бүгін Отан қорғауға аттануы мақтанышпен бірге жүрекке салмақ салатын сәт. Әке баласының ел алдындағы міндетін өтеуге аттанғанына қуанады. Ана баласының амандығын тілейді. Ал ауыл үлкендері жас сарбазға ақ жол тілеп, елге қызмет етудің абыройлы жол екенін еске салады. Міне, Отан алдындағы борыштың қасиеті осында.
Шара соңында жас сарбаздарға аудан әкімінің сый-сияпаты табыс етіліп, «Арман» мәдениет үйінің өнерпаздары «Сарбаздар» әнін орындады.
Қоса кеткен жөн, биыл ауданда көктемгі шақырылым бойынша 67 азамат әскери қызметке аттанған. Ал күзгі шақырылым бойынша 101 азаматты мерзімді әскери қызметке жөнелту жоспарлануда. Бүгінгі таңда 15 жас сарбаз Отан алдындағы борышын өтеуге жолға шыққалы отыр.
С.БАХТИЯРҚЫЗЫ,
сурет Б.БӘЙІМБЕТТІКІ








