Жолдағы жауапкершілік – өз өміріңіз бен өзгелердің қауіпсіздігі үшін маңызды
Бүгінгі таңда өзекті мәселелердің бірі – жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысына қатысушылардың тәртібі мен жауапкершілігін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қызылорда облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Мұратбек Манатов мәлімдеді.– Жыл басынан бері облыс жолдарында 811 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,6 пайызға төмендеді. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында 17 жедел-профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды. Нәтижесінде жол қозғалысы қағидаларын бұзудың 248 мыңнан астам дерегі анықталды. Оның ішінде масаң күйде көлік басқару – 589, қарсы бағытқа шығу – 264, жылдамдық режимін бұзу – 90 мыңнан астам, ұялы телефон пайдалану – 12 мыңнан астам, қауіпсіздік белдігін пайдаланбау – 35 мыңнан астам дерек. Бүгінде облыс жолдарында автоматты түрде бұзушылықтарды анықтайтын 218 заманауи құрылғы жұмыс істейді. Өткен жылы олардың саны 124 болған. Жол қауіпсіздігі – тек полицияның ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Әрбір жүргізуші өз өмірімен қатар өзге адамдардың өмірі мен денсаулығына жауапты екенін сезінуі тиіс, – деді Мұратбек Мейрамбекұлы.
Жолдағы қауіпсіздік жауапкершіліктен басталады. Бір сәттік немқұрайлылық адам өміріне орны толмас зардап әкелуі мүмкін. Сондықтан барлық жол қозғалысына қатысушыларды белгіленген жылдамдықты сақтауға, қауіпсіздік белдігін тағуға, көлік басқару кезінде ұялы телефон пайдаланбауға, масаң күйде көлік жүргізбеуге және жол қозғалысы қағидаларын қатаң сақтауға шақырамыз.





