Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕЛГЕ ЕТЕНЕ ӘКІМ

ЕЛГЕ ЕТЕНЕ ӘКІМ

Егемен еліміздің қарыштап дамуына ар-ожданы таза, жеке басының мүддесінен елінің елдігін бірінші кезекке қоятын нағыз мемлекетшіл азаматтар қашанда қажет. Ғайыптан тайып, сондай отаншыл, елшіл әкімдердің қатары ауылдық жерлерден табыла қалса, онда сол елді мекеннің бағы бар деп айта аламыз. Өйткені өз ауылының азаматын аттай қалап алған еңбекшілік ағайын елді мекендегі оңды істерді ауыз толтыра айтып жүр.

Әсіресе ауыл әкімі әр баланың арманына қанат бітіріп, жастардың үмітін жағып, қарияның саулығына салауат тілей жүрсе құт емес пе? Еңбекші ауылдық округіне 2024 жылы әкім болып сайланған Елдос Жүсіп 2 жылға жуық уақыт ішінде қандай жұмыстар атқарды? Бұл мақаланың негізгі идеясы да – «ел аузында мақталып, ол туралы ауданында, ауылында жылы пікірлер айтылып, беделі биіктеген әкімнің нақты қандай істеріне байланысты абыройы көтерілді?» дейтін мәселені ой безбеніне, сана сарабына салуды мақсат етіп отырмыз. Әрине, әкімдерді орынсыз мақтау дегеннен аулақпыз. Бірақ, олардың да ел алдындағы айтарлықтай еңбегі болса, неге бір ауыз атап өтпеске. Бұл қадам еліміздегі әкімдер мектебінің оңынан қалыптасуына септігін тигізіп жатса, еңбегіміздің ақталғаны. Осы тұрғыдан келгенде, Еңбекшідегі ақжолтай жаңалықтардың астарында бір ғана мәселе емес, тұтас бір әлеуметтік ұстаным жатқанын аңғаруға болады. Ол «ауылда туған баланың мүмкіндігі қаладағы құрдасынан кем болмауы керек» деген азаматтық көзқарас. Тамыз айы таяғанда әрбір ата-ананы алаңдататын мектеп құралдары мен формасы. Ал Еңбекшіде қатарынан кейін қалмасын деп шырылдаған жандардың жанына желеу болар жәрдем бар. Ауыл әкімі Елдос Жүсіп бастаған қайырымыдылық шарасына «Оңтүстік тау-химия» бірлескен кәсіпорны демеушілік танытып келеді. Компанияның «Оңтүстік Ыңғай» кеніші арқылы биыл да, былтыр да 100 оқушыға жалпы құны 1,5 миллион теңгені құрайтын 15 мың теңгелік арнайы сертификаттар табысталды. Бұл қайырымдылық шаралары бір реттік акция емес, дәстүрлі сипатқа ие. Сонымен қатар Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінің директоры, аудандық мәслихат депутаты Болат Мулланазарұлының атынан жас отбасыға 40 мың теңгелік сертификат табысталды. Байқағанымыздай, ауыл әкімінің басты ерекшелігі – өзі бәрін жасауға ұмтылуында емес, ел игілігіне бағытталған іске ел азаматтарын, кәсіпкерлерді, демеушілерді жұмылдыра білуінде. Бұл – кез келген басшыға қажет ұйымдастырушылық қабілет. Өйткені ауылдың әлеуетін арттыру бір ғана әкімдіктің күшімен жүзеге аспайды. Ол үшін ортақ мақсат, өзара сенім және азаматтық жауапкершілік керек. Ал осы қасиеттерді біріктіре білу – басшының іскерлігіне тікелей байланысты. Биыл да еңбекшілік балалардың жазғы демалысын мазмұнды әрі есте қаларлықтай етіп ұйымдастыру ауыл әкімінің назарынан тыс қалмапты. №159 Еңбекші орта мектебі мен №84 Қосүйеңкі негізгі мектебінің 2011-2018 жылдары дүниеге келген 20 оқушысы Шымкенттегі «DREAM CAMP» жазғы сауықтыру лагеріне демалысқа жіберілді. Бұл қолдау тау етегінде кең тыныс алып өскен балалардың жаңа ортаға бейімделуіне, қатарластарымен араласуына, таным көкжиегін кеңейтуіне мүмкіндік берді. Даладан қалаға барып, жаңа әсер жинаған балалар үшін бұл демалыс есте қаларлық жарқын кезеңге айналғаны сөзсіз. Ал мектеп бітіруші түлектер ше? Иә, ауыл әкімі Е.Айтөреұлы оларды да ұмыт қалдырмады. Түлектер үшін жоғары оқу орнының студенті атану жылдар бойғы еңбектің жемісі, отбасы үмітінің ақталған сәті. Алайда тағдыр кейде талап пен талпынысқа қарамастан өз кедергісін көлденең тартады. Тағдырдың жазуымен ҰБТ сынынан өте алмай немесе грант иелене алмай қалған кезде талай жастың жігері құм болып, үміт оты өшіп те кетті. Осындай өкініш орын алмасын деп алдын ала қамданған ауыл әкімі тағы бір оңды бастаманы қолға алды. Бұрын облыс әкімінің гранты дегенді естуші едік. Ал дәл бүгін ауыл әкімінің грантымен жергілікті талапкер Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің І курс студенті атанып отыр. Жалпы биыл ауыл әкімі Елдос Жүсіп 3 студентке оқу грантын ұсынуда. Тағы бір студент «Болашақ» колледжінде білім алады. Оның 350 мың теңге көлеміндегі оқу ақысы жыл бойы төленсе, Қорқыт ата атындағы университеттің 3-курс студентінің 621 мың теңге көлеміндегі оқу ақысы оқу орнын бітіргенше әкім есебінен өтелмек. Ел болашағы білімді жастардың қолында екенін ескерген ауыл басшысы жалпы білімге 6,5 миллион теңге қаржы жинағанын да жасырмады. Яғни, балалардың жазғы демалысын да, мектеп құралдары мен жоғарғы оқу орнына дейінгі аралықты қамтыған бұл жобалардың жүзеге асуында қанша еңбек, ізденіс, іскерлік қабілет жатқанын осыдан бағамдауға болады. Бір жоба 100 балаға қуаныш сыйласа, бір жоба 20 оқушының танымын кеңейтті. Бұған қоса 15 балаға ұялы телефон сыйға тартылған. «Ауыл әкімінің стипендиясы» деп атауға болатын бұл бастаманың келешегі де кең. Ал алдағы уақытта тағы да спортта бабы шапқан, өнерде жұлдызы жанған немесе тұрмыстық жағдайы төмен отбасынан шыққан кез келген талапкер ауыл әкімінің грантына іліге алады. Бұл үлкен жоба. Оның ар жағында бір жастың мамандығы, ертеңгі қызметі, отбасының болашағы, ауылға қайта оралар жаңа маманның тағдыры тұр. Сондықтан мұндай қолдауды тек материалдық өлшеммен бағалау аздық етеді. Жақсы басшының бір қасиеті – мүмкіндікті көре білу. Екіншісі – сол мүмкіндікті іске айналдыра алуында. Елдос Жүсіптің ауылдағы қызметінен осының барлығын аңғаруға болады. Ауыл бюджетінің мүмкіндігі шектеулі болуы мүмкін. Бірақ ауылдың әлеуеті тек бюджетпен өлшенбейді. Ел ішінде кәсіпкер бар, іргелі өндіріс орны бар, туған жерінің тағдырына алаңдайтын азаматтар бар. Сол азаматтардың жүрегіндегі жанашырлықты ауылдың нақты қажетіне бағыттай білу, бұл – әкімнің үйлестірушілік қабілетінің көрсеткіші. «Тау баласы тауға қарап өседі» демекші, Еңбекшіде туып-өскен ауыл әкімі Е.Жүсіп қай істі қолға алса да алдымен ардагерлермен ақылдасқанды жөн санайды. Еңбектеген баладан еңкейген кәрінің хал-жағдайына алаң көңілмен қарайтын әкімнің алдағы уақытта тағы бір жағымды жаңалығы барын естідік. Қыркүйек айында Еңбекші ауылының 4 ардагеріне ­Жамбыл облысындағы, 70 жылдық тарихы бар әйгілі «Мерке Радон» шипажайына жолдама беріледі. Ауыл әкімі Елдос Айтөреұлы осынау мазмұнды да сауапты іске мұрындық болған «Оңтүстік тау-химиялық компаниясы» бірлескен кәсіпорны» ЖШС Бас директоры Бағдат Абжаппарұлы мен «Оңтүстік Ыңғай» кенішінің басшысы Ақпан Байдалиұлына алғысы шексіз екенін тілге тиек етті. Жоғарыда атап өткеніміздей халық ықыласына бөленген жұмыстарды өзімізше тізбектеп шыққандай болдық. Бірақ аудан әкімі А.Насриддинұлының қолдауымен үлкен мемлекеттік жобалар да жүзеге асырылуда. Ауылдың әлеуеті күн сайын артып, балабақша, білім ордалары мен амбулатория жаңа заманға сай өз жұмысын жандандырып келеді. Алайда бұл бағыттағы жұмыстар біздің келесі тақырыпта тарқатылатын болады.

Г.ДҮЙСЕБАЙ

01 қыркүйек 2026 ж. 27 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№66 (9433).

01 қыркүйек 2026 ж.

№65 (9432)

29 тамыз 2026 ж.

№64 (9431)

25 тамыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930