Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҰСТАЗ ЕҢБЕГІ – ҰЛЫ МҰРАТҚА БАСТАР ЖОЛ

ҰСТАЗ ЕҢБЕГІ – ҰЛЫ МҰРАТҚА БАСТАР ЖОЛ

Ұрпаққа білім беріп, оның бойына адамгершілік пен ізгілік дәнін себу – үлкен жауапкершілікті талап ететін абыройлы мамандық. Осындай мәртебелі жолды өмірлік мұратына айналдырып, шәкірттерінің білімді де тәрбиелі азамат болып қалыптасуына үлес қосып жүрген ұлағатты ұстаздың бірі – Шынар ­Есенова.

Шынар Есенова – №149 Ә.Монтаев атындағы мектептің бастауыш сынып мұғалімі. Ұстаздық қызметте 36 жыл бастауыш білім берудің жауапкершілігін терең сезініп, әр баланың қабілеті мен қарымын ашуға бар күш-жігерін жұмсап келеді. Бастауыш сынып – баланың білім әлеміне алғаш қадам басатын кезеңі. Осы жауапты сәтте шәкірт жүрегіне жол тауып, оқуға деген қызығушылығын ояту үшін мұғалімнен кәсіби шеберлікпен қатар үлкен мейірім, төзім мен ізденіс қажет. Шынар Байділдақызы өз тәжірибесінде осы құндылықтарды берік ұстанып, білім берудің заманауи әдіс-тәсілдерін тиімді пайдаланып жүрген білікті маман. Ұстаздың еңбегі еленіп, кәсіби жетістіктері жоғары бағаланып келеді. Соның жарқын дәлелі – Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің қолынан Ыбырай Алтынсарин төсбелгісін алуы. Бұл – білім саласында аянбай еңбек етіп, жас ұрпақтың тәрбиесі мен сапалы біліміне үлес қосып жүрген ұстаз үшін үлкен мәртебе әрі еңбегіне берілген лайықты баға. Ыбырай Алтынсарин – қазақ даласында білімнің шамын жаққан, ұрпақ тәрбиесін ел болашағымен сабақтастырған ұлы ағартушы. Сондықтан ұлы ұстаздың есімімен аталатын төсбелгінің Шынар Есеноваға ­табысталуы оның ұстаздық жолындағы еңбегінің маңызын айқындай түседі. «Ұстаздың абыройы – шәкіртінің жетістігі» деген сөз бар. Бүгінде Шынар апайдың қуанышы – өзі білім берген шәкірттерінің жетістігімен өлшенеді. Әр баланың бойындағы қабілетті байқап, оны дамытуға бағытбағдар беру, білімге құштарлығын арттыру – ұстаз еңбегінің басты нәтижесі. Мұндай марапат – бір күндік еңбектің емес, жылдар бойы қалыптасқан кәсіби ізденіс пен тынымсыз еңбектің жемісі. Ұстаздың әрбір жетістігі – білім саласына қосылған үлес, шәкірттерге берілген сапалы білімнің нәтижесі. Бүгінде №149 Ә.Монтаев атындағы мектеп ұжымы үшін Шынар Есенованың бұл жетістігі – үлкен мақтаныш. Ұстаздың еңбегі кейінгі буынға үлгі болып, жас мамандардың кәсіби тұрғыдан шыңдалуына серпін береді. Білім беру саласында абыройлы қызмет атқарып, шәкірт тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосып жүрген Шынар Есенованың Ы.Алтынсарин төсбелгісімен марапатталуы – ұстаз еңбегінің ел көлемінде еленгенінің айқын көрінісі.

Айнұр НАЗАРОВА
01 қыркүйек 2026 ж. 18 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№66 (9433).

01 қыркүйек 2026 ж.

№65 (9432)

29 тамыз 2026 ж.

№64 (9431)

25 тамыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930