Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Кісі хақын алмаңдар, аузыңа пара салмаңдар

Кісі хақын алмаңдар, аузыңа пара салмаңдар



Билер, пара жемеңдер,
Жанға бейнет кезбеңдер.
Кісі хақын алмаңдар,
Аузыңа пара салмаңдар.
Дүние жинап өткен жоқ,
Біздің бұрынғы Пайғамбар.
Сөз айтайын,үлкендер,
Құдайдан ғапіл өтпеңдер.
Бұл қазақ даласының ақыны Шортанбай Қанайұлының өз заманындағы би-болыстарды жемқорлықтан сақтандыру мақсатында айтқан өлеңі. Ежелгі заманнан бастау алып, бүгінде тіптен өршіп, қарқыны үдей түскен жемқорлық дерті дін ұстанған мұсылмандар мен тектіліктің темір қазығындай көрген қазақ халқын да айналып өтпей тұр. Дүйім рес­публиканы айтпағанда, өзіміздің өңірдегі жағдай да көңіл көншітпеуде?
Аудан бойынша былтырғы жылы тіркелген қылмысты есептемегенде жыл басынан бері біздегі мемлекеттік қызметшілердің төртеуі пара алу үстінде ұсталған. Осылайша, Шиелі ауданы облыста жемқорлары көп бірінші аудан болып отыр. Бұл кешегі 41 Еңбек Ері шыққан киелі мекен үшін қай тұрғыдан қарасақ та абырой әкелмесі анық.
Түнеу күні аудан әкімдігінде ҚР Мемлекет­тік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесінің көшпелі отырысы өтті. Облыста алғаш рет біздің ауданнан бастау алған көшпелі кеңесте 6 мәселе қаралды. Жалпы, бұл шараның мақсаты – сыбайлас жемқорлық фактілері көп тіркелген аудандарға барып, ондағы мемлекеттік қызметкерлерге орын алған заңбұзушылық салдарын түсіндіру.
Жиынға Кеңес мүшелері, аудандағы мемлекеттік мекеме басшылары мен қызметкерлері және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты. Отырыс­ты Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы А.Мұхимов ашып, күн тәртібіне сәйкес аудан әкімі Ә.Оразбекұлы өңірдегі мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлық профилактикасы бағытында атқарған жұмыстар жайлы есеп берді. Баян­дамадан байқағанымыздай, Ә.Оразбек­ұлы аудандағы кадрлық мәселе­­ге мықтап көңіл бөлген екен. Оны соңғы бес айда әдептен озып, жұмы­сына немқұрайлы қараған 32
лауазым­ды тұлғаға көрілген тәртіп­тік шара айқындап тұр. Бүгінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін заң бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында аудандағы барлық мекемелерде түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр.
Әдеп жөніндегі кеңес мәселені жан-жақты қарап, аудан әкіміне мемлекеттік органдардың сыбайлас жемқорлық көріністерінің себептеріне мониторинг жасап, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы профилактикалық шараларды күшейту, сондай-ақ, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді де жандандыруды ұсынды.
Келесі кезекте аудандық ішкі істер бөлімінің сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарған жұмыстары жайлы аталған бөлімнің бастығы С.Тоқтыбаев баяндама жасады. Сондай-ақ, бөлімде орын алған сыбайлас жемқорлық қылмыстар және құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау мақсатында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізуді және бөлім қызметкерлеріне жемқорлыққа қарсы қызмет саласындағы мекемелерді қатыстыра отырып, түсіндірме жұмыстарын ұсыну туралы шешім қабылданды.
Әдеп жөніндегі кеңестің 4, 5 мәселелері бойынша Жаңақорған кенті әкімінің орынбасары Б.Доспанбетовтың және Жаңақорған кенті әкімі аппаратының бас маманы А.Мамированың тәртіптік істері қаралды.
Кеңес мүшелері қызметтік тергеп-тексерудің материалдарын жан-жақты қарап, аталған азаматтар тарапынан тек рәсімдік заңбұзушылықтар орын алғандығы және конкурсты өткізу барысында мемлекетке ешқандай шығын келмегендігін ескеріп, тәртіптік істерді тоқтату жөніндегі шешім қабылдады.
Кездесу соңында 2018 жылға арналған агенттік төрағасымен бекітілген кешенді жоспарға сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің үймен, оның ішінде қызметтік пәтермен, жер учаскесімен қамтамасыз етілуіне жүргізілген мониторинг қорытындысы қаралды.
Кеңес шешімімен мемлекеттік қызметші­лердің әлеуметтік қорғау шараларын жақсарту мақсатында, бүгінгі күнге қанша мемлекеттік қызметші үй, қызметтік пәтерге, жер учаскесіне мұқтаждығына мониторинг жүргізуді және олардан үй, қызметтік пәтер, жер учаскесін алу туралы өтініштерін қабылдаумен шектелмей, қызметтік пәтер, жер учаскесін берілуін қамтама­сыз ету үшін нақты іс-шаралар белгілеу (тұрғын үй салуға қаржы бөліну мәселесін қарастыруды, жер заңнама талаптарын сақтай отырып, сол елді мекенде жер учаскелерінің берілу мәселесін қарастыруды) бойынша Қызылорда қаласы және аудан әкімдеріне ұсыныс беру шешілді.
Иә, жемқорлықтың алдын алу, болдырмау бағытында нешелеген іс-шара, жиындар болып жатса да, аталған қылмыстың торына түсушілердің саны әлі күнге азаймай келеді. Екі дүниеде опа бермейтін парақорлық дерті талай мемлекеттік қызметкердің түбіне жетуде. Айтпағымыз, ахиретте азапқа душар етіп, бұл өмірде абыройдан жұрдай етер осы бір індеттен азаматтарымыз аман болса екен.

Е.Датқа.
09 маусым 2018 ж. 1 366 0