Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тағдырың «жемқорлықтың» жемі болмасын

Тағдырың «жемқорлықтың» жемі болмасын



«Параны алған да, берген де адамға және оның заңдарына Алланың лағынеті болсын», деген хадисте. Иә, Құдайдан үміті бар адамға пайғамбарымыздың (с.ғ.с) осы сөзінің өзі жеткілікті болар еді. Бірақ, өкінішке орай шариғаттың бұл ескертпесі пенденің жүрегінде емес, тілінің ұшына ілініп, тек сұлу сөздің сәніне айналып бара жатқандай. Жегі құрттың жер бетінде жетпеген жері қалмады бүгінде. Осынау дүниежүзі халқына ортақ індетке әлем елдері қанша қарсылық білдіріп, парақорларға қатысты нешелеген ауыр заңдар қабылдап жатса да, қоғамда әлі күнге жемқорлық дертін жою мүмкін болмай отыр. Бұл дерттің біздің елімізде де көрсеткіші күн өткен сайын көбейіп, әсіресе мемлекеттік қызметкерлер арасында сыбайласып пара алғандардың қатары азаяр емес. Қазақстандағы жемқорлықтың деңгейін бақылаушы Transparency International халықаралық ұйымының 2014-2015 жылдар аралығында көрсеткен мәліметіне назар салсақ Қазақстан әлем елдері арасында жемқорлары көп 123-ші орынды иеленіп, 100 балдық көрсеткіштің 26-на жайғасқан.
Тұтас елдің дамуына кері әсерін тигізіп, бүтіндей жұрттың тамырына балта шабатын сыбайлас жемқорлық індетін жою мақсатында өткен аптада аудандық мәдениет үйінде кең көлемдегі жиын болып өтті.
Аудан әкімі Ә.Оразбекұлының төрағалығымен басталған мәжіліске аудан ардагерлері, «Нұр Отан» партиясы Шиелі аудандық филиалының төрағасы, құқық қорғау органдарының басшылары, дербес бөлім, мекеме басшылары, кент және ауылдық округтердің әкімдері, заңгер, кадр, есеп жөніндегі мамандары, мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілері қатысты. Аудан әкімі мәжілісті бастамас бұрын осы уақытқа дейін аудан әкімінің идео­логия жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келген А.Есмахановтың бұдан былай Қызылорда қаласы әкімі аппаратының басшысы болып тағайындалғанын хабарлады. Сондай-ақ, аудан басшысы А.Есмахановқа арнайы алғыс хаты мен мемлекет қайраткері Ш.Есенов бейнеленген портретті табыс етті. Өз кезегінде А.Әбілқасымұлы өзі қызмет еткен жылдарда халық тарапынан білдірген сенімге, әріптестік бағытта жұмыс жасаған қызметкерлерге алғысын айтты.
Сонымен, сыбайлас жемқорлыққа қатысты өтіп жатқан жиында екі мәселе қаралды. Бірінші болып тұғырға көтерілген «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Қызылорда облысы бойынша департаментінің Оңтүстік аймағы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ауданаралық басқармасының бастығы Руслан Тілеп, «Қазақстан Республикасының қылмыстық процестік кодексінің 200- бабының талабына сәйкес орын алған заң бұзушылықтарды жою жөніндегі шараларды қолдану туралы ұсынудың қаралуы жөнінде» баяндама жасады. Сала басшысының берген дерегіне сүйенсек, аудандағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу фактілері көңіл көншітпейді. Өңірдегі жегі құрттың алдын алу бағытында жүргізілген белсенді шараларға қарамастан 2017 жылдың 12 айында 3 мемлекеттік қызметкер сыбайластық әрекеттер жасап, сот үкімімен қылмыстық жазаға тартылса, ал, 2018 жылдың осы кезеңіне дейін 2 факті тіркелген. Осылайша қара халықтың емес, құлқынының қамын ойлаған кей мемлекеттік қызметкерлердің санасына сыбайлас жемқорлыққа қатысты айтылған сын-ескертпелер мен үгіт-насихаттар әсер етпеген.
Әйтпесе, биылдың өзінде аудан көлемінде «Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы» аясында, сыбайлас жемқорлыққа қарсы, оның алдын алу бойынша іс-қимылдар мен мәселелер Шиелі ауданы әкімдігі жанындағы комиссия отырыстарында тұрақты түрде қаралып келген. Нақтырақ айтсақ, аталған мәселе бойынша аудандық комиссияның отырысы 2017 жылдың 12 айында – 4 рет, ал, 2018 жылдың осы кезеңіне дейін – 1 рет өткізілген.
Одан өзге, аудан әкімдігінде жыл басынан бері 13 рет өткізілген аппараттық түсіндірме мәжілістер мен жедел жиналыстарда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және түсіндіру жұмыстарын жүргізу аудандағы мекемелер мен дербес бөлім басшыларына, кент және ауылдық округ әкімдеріне үнемі ескертіліп, хаттамалық тапсырмамен таныстырылып келген. Аталған мәжіліс қорытындысымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытында өзекті мәселелер қаралып, аудандық бөлімдер мен ауылдық округ әкімдерінің есептері 24 рет тыңдалып, дербес шешімдер қабылданған. Індеттің алдын алу бағытында жыл басынан бері аудандық «Өскен өңір», аймақтық «Шарайна-Сейхун» газеттерінде 24 мақала жарық көрген. Ал, көрсеткішіміз болса, облыста алдыңғы қатардан түспей келеміз – деген деректерде келтірді жиын барысында.
Мәжілістің орта тұсында сөз алған «Шиелі ауданы әкімінің аппараты» коммунал­дық мемлекеттік мекемесінің басшысы Ғ.Күлбаев «2018 жылдың І тоқсан қорытындысымен Шиелі ауданы әкімдігімен сыбайлас жемқорлыққа қарсы атқарылған жұмыстары туралы» баяндамасын оқыды. Баяндамашының сөзінен жемқорлықты жүгендеуге қатысты қажетті түсіндірме жұмыстарының жүріп жатқанына көз жеткіздік. Мәселен, аудан бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың тиімділігін арттыру, оған қарсы қозғалысқа бүкіл қоғамды тарту және қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы «мүлдем» төзбеушілікті қалыптастыру бағытында, кент және ауылдық округтерде «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ», «Пара алу да, пара беру де қылмыс» және «Пара беру бас бостандығыңнан және болашағынан айырады!» тақырыптарында 30 дана бильборд орналастырылып, Шиелі кентіндегі орталық алаңдағы ЛЭД экран арқылы үнемі видеороликтер көрсетілімі жүргізіліп келеді.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев­тың биылғы жылғы 10 қаңтарда­ғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауының тоғызыншы міндетінде – «Жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі» тармағы бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Жыл басынан бері аудан жастарымен 3 рет кездесулер өткізіліп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында түсіндіру шаралары өткен. Сондай-ақ, аудан жастарының қатысуымен «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ», «Жастар – сыбайлас жемқорлыққа қарсы», «Менің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қосқан үлесім» тақырыбында 9 акция мен эстафеталық жарыстар ұйымдастырылған.
Дейтұрғанмен, аппарат басшысы баяндамасы арқылы бүгінгі таңда облыс бойынша осы санатта тіркелген қылмыстардың басым бөлігі жергілікті атқарушы орган саласындағы қызметкерлермен жасалғандығын да растап берді.

Ерұлан Даткен.
Суретті түсірген
Б.БӘЙІМБЕТ.
22 мамыр 2018 ж. 1 304 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930