КӘСІПКЕ СЕРПІН БЕРГЕН КЕЗДЕСУ
Тіршілігі тынымсыз Шиеліде бұл күн ерекше қарбаласпен басталды. Таңнан бері аудан орталығында іскерлік қозғалыс байқалып, «Арман» мәдениет үйінің маңына жиналған кәсіпкерлердің қарасы көбейді. Бірі өндірісін дамыту жайын ойласа, енді бірі жаңа мүмкіндіктер мен мемлекеттік қолдау туралы тың ақпарат алуға асықты. Себебі бұл күні Шиелі жерінде Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесінің көшпелі отырысы өтетін еді.Киелі мекенге арнайы келген өңірлік кеңес мүшелері мен кәсіпкерлер палатасының өкілдерін Шиелі аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Бекзатхан Бауыржанұлы күтіп алып, күн тәртібіндегі шаралардың жоғары деңгейде ұйымдастырылуына ұйытқы болды. Қонақтарды қарсы алудан бастап, кәсіпкерлермен еркін пікір алмасуға дейінгі әрбір сәттен іскерлік мәдениет пен жауапкершілік айқын сезіліп тұрды.
Көшпелі отырыстың мақсаты – кәсіпкерлердің мәселесін кабинетте емес, ел ішінде жүріп тыңдау, бизнестің дамуына кедергі келтіретін түйткілдерді ашық талқылау және мемлекеттік қолдау тетіктерін түсіндіру. Осы мақсатта ұйымдастырылған басқосу мемлекеттік органдар мен бизнес қауымдастық арасындағы өзара байланысты нығайтқан маңызды диалог алаңына айналды.
Көшпелі отырыстың күн тәртібі мазмұнды болды. Өңірлік кеңес мүшелері мен облыстық кәсіпкерлер палатасының өкілдері алдымен аудан әкімімен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, кәсіпкерлікті қолдау және инвестициялық ахуалды жақсарту бағытындағы жұмыстарды талқылады. Аудан басшылығы шағын және орта бизнесті дамытуға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шараларына тоқталып, жаңа өндіріс орындарын ашу мен кәсіпкерлерге қолайлы орта қалыптастыру мәселелерін көтерді.
Бұдан кейін делегация аудан прокурорымен кездесіп, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, заң талаптарын сақтау және бизнестің еркін жұмыс істеуіне кедергі келтіретін мәселелер жөнінде пікір алмасты. Кәсіпкерлер үшін құқықтық қолдаудың маңызы зор екені айтылып, прокуратура органдары тарапынан кәсіп иелерінің заңды мүдделерін қорғау әрдайым басты назарда болатыны айтылды.
Көшпелі отырыста қонақтар аудан аумағындағы өндірістік кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Алдымен «КНК Кемикал» труба зауытына барып, өндіріс барысын көрді. Заманауи технологиямен жабдықталған кәсіпорынның өнім өндіру қуаты мен өндірістік әлеуеті таныстырылып, оның аудан экономикасына қосып отырған үлесі айтылды. Сонымен қатар делегация «Гежуба – Шиелі цемент» компаниясының жұмысымен танысып, өндірістің даму қарқыны мен экспорттық мүмкіндіктеріне назар аударды. Өндіріс орындарын аралау барысында жергілікті кәсіпорындарды қолдау – өңір экономикасын нығайтудың басты тетіктерінің бірі екені ерекше айтылды.
Шараның негізгі бөлігі кенттегі «Арман» мәдениет үйінде өтті. Мұнда жергілікті тауар өндірушілердің көрмесі ұйымдастырылып, аудан кәсіпкерлерінің өнімдері көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеде азық-түлік өнімдері, өндірістік тауарлар, қолөнер бұйымдары мен ауыл шаруашылығы өнімдері қойылып, жергілікті кәсіпкерлердің әлеуеті айқын көрініс тапты. Бұл көрме аудан кәсіпкерлерінің еңбегін насихаттап қана қоймай, отандық өндірісті қолдаудың маңызын көрсетті.
Жиын аудан әкімінің орынбасары Арман Асылбекұлының алғы сөзімен басталды. Ол өз сөзінде кәсіпкерлік – аудан экономикасының негізгі қозғаушы күштерінің бірі екенін айтып, бизнесті дамыту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.
Жиында Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Ділмұхамед Абизов, Өңірлік кеңес төрағасы Ерлан Раимов және аудан прокуроры Мейрамбек Маханбетжанов сөз сөйлеп, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, инвестициялық ахуалды жақсарту және мемлекеттік қолдау шаралары жөнінде кеңінен тоқталды. Олар кәсіпкерлікті дамыту үшін мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері арасындағы өзара сенімді нығайтудың маңызын атап өтті.
Кездесуде қаржы ұйымдары мен мемлекеттік мекемелердің өкілдері кәсіпкерлерге арналған жеңілдетілген несиелеу бағдарламалары, қаржылық қолдау тетіктері және жаңа Салық кодексіндегі өзгерістер туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Қызылорда филиалының, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы микроқаржылық ұйымының, «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның және «Еуразиялық Банк» АҚ-ның өкілдері кәсіпкерлерге қолжетімді қаржыландыру мүмкіндіктері жөнінде ақпарат берді. Сонымен қатар мемлекеттік кірістер басқармасының мамандары жаңа салықтық өзгерістерге тоқталды.
Жиынның ең маңызды тұсы – кәсіпкерлермен ашық сұхбат алаңы болды. Кәсіп иелері өздерін толғандырған мәселелерді ашық айтып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Әсіресе инфрақұрылым, салық салу, қаржыландыруға қолжетімділік, жер мәселесі және мемлекеттік бағдарламаларға қатысу жөніндегі сауалдар көтерілді. Жауапты мекеме өкілдері нақты жауап беріп, көтерілген мәселелердің кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді.
– Біздің басты мақсатымыз – кәсіпкерлердің мәселесін тікелей халықтың ортасында жүріп тыңдау. Осындай көшпелі кездесулер арқылы кәсіпкерлердің ұсыныстарын ескеріп, нақты мәселелерді бірлесе шешуге мүмкіндік туады. Кәсіпкерлік дамыса, өңір экономикасы да дамиды, – деді аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Бекзатхан Бауыржанұлы.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты аясында өткен бұл басқосу кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мен бизнесті қолдауға бағытталған маңызды алаңға айналды. Шиеліде өткен көшпелі отырыс мемлекет пен бизнес арасындағы өзара байланысты нығайтып қана қоймай, өңір кәсіпкерлеріне жаңа серпін сыйлады. Ашық диалог пен ортақ пікір алаңына айналған бұл кездесу кәсіпкерлікті дамыту жолындағы нақты қадамдардың жалғаса беретінін көрсетті.
Айнұр ИБРАШЕВА,
Сурет Бақытжан БӘЙІМБЕТ
Сурет Бақытжан БӘЙІМБЕТ







