Таза Қазақстан: Шиелі ардагерлері үлгі көрсетті
Шиелі ауданында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында тағылымы мол игі іс ұйымдастырылды. Бұл жолы табиғатты аялау ісіне аудан ардагерлері ұйытқы болып, көпке үлгі көрсетті.Аудан ақсақалдары мен еңбек ардагерлері туған жердің көркін арттыру мақсатында 500 түп көшет отырғызып, көгалдандыру жұмыстарына белсене қатысты. Игі шарада олар табиғатты қорғау – тек міндет емес, әр адамның азаматтық борышы екенін атап өтті. Табиғатқа жанашырлықпен қарау – келер ұрпаққа қалдырылар ең үлкен мұра екенін жеткізді.
Бұл бастама, әсіресе, жас ұрпақты еңбекқорлыққа, туған жерге деген сүйіспеншілікке тәрбиелеуге бағытталған. Сонымен қатар, қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға серпін беретін маңызды қадам болды.
Шиелі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаилдың айтуынша, сенбілікке 100-ден астам ардагер қатысып, аудан орталығынан шалғай жатқан Тартоғай, Қарғалы және өзге де елді мекендерден арнайы келіп, ортақ іске үлес қосты.
Өз кезегінде кент әкімі Аманкелді Шерәліұлы ардагерлер аллеясын абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті. Қазіргі таңда бұл бағытта бюджеттік өтінім беріліп, қаржыландыру мәселесі қарастырылуда. Алдағы уақытта аллея аумағы қоршалып, кіреберісіне «Ата мен немере» атты сәулеттік композиция орнату жоспарланып отыр.
Игі іске қолдау білдірген Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты «Шиелі орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жаңадан тағайындалған басшысы Мұқамеджан Рүстемов те қажетті көмектен аянбайтынын жеткізді. Айта кетейік, бұл күні отырғызылған 500 түп қарағаш көшетін шиелілік орманшылар ардагерлерге тарту еткен.
Сенбілікке қатысқан аудан әкімінің орынбасары Болат Ысмағұлов та ардагерлердің бастамасына жоғары баға беріп, бұл игі іс – өскелең ұрпаққа өнеге боларлық тағылымды қадам екенін атап өтті.
Туған жерге жанашырлықпен қараған ардагерлердің бұл әрекеті – бір күндік науқан емес, ел болашағына бағытталған өнегелі үрдіс. Табиғатты қорғау – баршамызға ортақ міндет екенін тағы бір мәрте айқын көрсеткен шара көпке ой салары анық.
М.Кеңесұлы,
сурет автордыкі
сурет автордыкі








