Маханбетжанов маңызды мәселе көтерді
Бала – елдің ертеңі. Ал сол ертеңнің қандай болары бүгінгі қоғамның балаға деген көзқарасынан-ақ аңғарылады. Ұрпақтың қауіпсіздігіне бейжай қарамау, жасөспірімдердің құқықтарын қорғау, олардың саналы әрі қауіпсіз ортада тәрбиеленуіне жағдай жасау – кез келген өркениетті қоғамның басты міндеті. Осы өзекті мәселе Шиелі ауданында өткен кеңейтілген ведомствоаралық мәжілісте кеңінен талқыланды.Аудандық прокуратураның бастамасымен ұйымдастырылған басқосуға полиция, білім бөлімі, медицина ұйымдарының басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, аудан аумағындағы барлық мектеп пен колледждің директорлары мен орынбасарлары, педагог-психологтар, ата-аналар комитеттері мен қоғамдық ұйым мүшелері қатысты. Бұл – жасөспірімдер мәселесі тек бір саланың емес, тұтас қоғамның ортақ жауапкершілігінде екенін көрсеткен маңызды жиын болды.
Мәжілісте кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығын қорғау, ерте жүктілік, суицид, тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг пен кибербуллинг, интернетке тәуелділік, жол қозғалысы қауіпсіздігі сынды өзекті тақырыптар жан-жақты қозғалды. Аталған мәселелердің әрқайсысы баланың тағдырына тікелей әсер ететіні атап өтілді.
Еркін форматта өткен жиында аудан прокуроры Мейрамбек Маханбетжанов «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жүзеге асырылып жатқан «Шиелі – қауіпсіз аудан, жарқын болашақтың мекені» жол картасының маңыздылығына тоқталып, құқық бұзушылықтың алдын алу тек салдармен күресу емес, оның алдын алатын орта қалыптастырудан басталатынын айтты.
Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу және заң талаптарын сақтау мәселесіне қатысты аудандық прокуратураның прокуроры Қанат Жантөреев нақты деректерге сүйене отырып пікір білдірді.
– Өткен жылы ауданда кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалған қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтар саны артты.
Адам өміріне қауіп төндіру, ұрлық, түнгі уақытта бейберекет жүрген жасөспірімдердің жайы баршамызды алаңдатып отыр. Тек желтоқсан айының өзінде 5 жасөспірімнің қатысуымен 3 қылмыс тіркелді. Ал 2025 жылы түнгі уақытта заңды өкілінсіз қоғамдық орындарда жүрген 15 жасөспірімнің ата-анасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 442-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылды. Бұл деректер ата-ана жауапкершілігін күшейтудің маңызын айқын көрсетеді, – деді ол.
Мәжілісте отбасы мен мектептің өзара ықпалдастығы кеңінен сөз болды. Аудандық ата-аналар комитетінің төрайымы Алтын Керім ата-аналар қауымының атқарып жатқан жұмыстарына тоқталып:
– Басты мақсатымыз – отбасы мен қоғам арасындағы сенімді нығайту, ата-аналардың үнін жауапты орындарға жеткізу және бала тәрбиесіне ортақ жауапкершілік қалыптастыру. Ата-аналардың мектеп өміріне белсенді араласуы баланың тәртібі мен оқуына оң әсер етеді, – деді бір сөзінде. Ол ата-аналардың кейбір бөлігінің белсенділігінің төмендігі мен тәрбиені тек мектепке жүктеу жағдайлары әлі де кездесетінін айтып, осы бағытта түсіндіру және профилактикалық жұмыстарды күшейту қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігімен бірлескен жұмыстардың тәрбиелік мәні жоғары екенін жеткізді.
Әке рөлінің маңыздылығына тоқталған «Тау тұлға» әкелер кеңесінің мүшесі Бақытжан Жұбанұлы:
– Әр отбасы – жеке мемлекет. Сол мемлекеттің тірегі – әке. Әке тәрбиеден шет қалмауы керек. Бала тәрбиесін тек анаға жүктеу – үлкен олқылық», – деп атап өтті. Оның айтуынша, «Тау тұлға» әкелер кеңесі әкелердің мектеп өміріне араласуын арттырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жауапкершілік пен тәртіпті қалыптастыру бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізуде. Әкелер форумдары, ашық есік күндері, бірлескен спорттық және тәрбиелік іс-шаралар әке мен бала арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етіп келеді.
Ұрпақ тәрбиесіндегі әжелер институтының орны да ерекше аталды. «Даналық» әжелер мектебінің мүшесі Гүлнара Пірманова:
– Әже – әр отбасының ұйытқысы. Қазақтың талай біртуар азаматтары әже тәрбиесін көріп өскен. Ұлттық тәрбие мен рухани құндылықтар ұрпаққа ең алдымен әже өнегесі арқылы беріледі, – деді. Ол «Әжелер кеңесі» аясында жүзеге асырылып жатқан «Әжем айтқан ертегі», «Әжелер сөзі – ақылдың көзі», «Ұрпақтар сабақтастығы» жобалары балалардың ұлттық сана-сезімін қалыптастыруға оң ықпал етіп отырғанын жеткізді.
Мәжілісте білім беру ұйымдарындағы профилактикалық жұмыстарға да назар аударылды. №149 Ә.Монтаев атындағы орта мектеп директоры Айнұр Архабаева Мемлекет басшысы ұсынған «Адал азамат, біртұтас тәрбие» бағдарламасының маңызын атап өтіп, мектептегі қауіпсіздік шаралары, қосымша білім беру, бейнебақылау, турникет жүйелері және оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру бағытындағы жұмыстарға тоқталды.
Жиын соңына қарай жасөспірімдер денсаулығына қатысты мәселелер де қозғалды. Шиелі аудандық көп бейінді орталық ауруханасының бас дәрігері Алмас Әбілпатта қоғамды алаңдататын мәселелердің бірі – ерте жүктіліктің тіркелуін айта кетіп:
– 2024-2025 жылдары кәселетке толмаған жасөспірімдер арасында 20 жүктілік дерегі тіркелді. 2024 жылы 16 дерек тіркелсе, 2025 жылы 5 ерте жүктілік анықталды. Қазіргі таңда ол жасөспірімдер қоныс аударып, жан-жаққа кеткенімен өзекті мәселе өз күшін жоймайды. Қыз баласына 40 үйден тиым салып, тәрбиесіне ата-ана қатаң түрде қарауы қажет. Бұл мәселенің алдын алу үшін ең алдымен отбасындағы түсіністік пен ашық әңгіме маңызды. Ата-ана, мектеп және медицина мамандары бірлесе әрекет еткен жағдайда ғана жасөспірімдердің денсаулығын қорғауға және дұрыс таңдау жасауына көмектесе аламыз, – деді.
Түйіндей келе, мәжілісте айтылған баяндамалар бір шындықты айқын көрсетті: бала қауіпсіздігі – қағаздағы жоспармен емес, нақты әрекетпен өлшенеді. Заң бұзушылықтың артуы – ата-ана бақылауының әлсірегенін, ерте жүктілік – отбасы ішіндегі үнсіздіктің бар екенін, буллинг пен интернетке тәуелділік – қоғамның селқостығын аңғартады. Әке тәрбиеден шет қалса, әже өнегесі әлсіресе, мектеп жалғыз өзі бұл жүкті көтере алмайды. Сол себептен бала тағдырына келгенде «менікі емес» деген ұстаным болмауы тиіс. Әр ата-ана – бірінші тәрбиеші, әр ұстаз – бағыт беруші, әр мекеме – жауапты серіктес. Ұрпақтың қауіпсіздігі – кейінге қалдыратын мәселе емес, бүгін шешілуі тиіс міндет. Бүгін жасалған қадам ғана ертеңгі өкініштің алдын алады.
Айнұр ИБРАШЕВА
фото Бақытжан БӘЙІМБЕТ
фото Бақытжан БӘЙІМБЕТ








