Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚҰРЫЛТАЙ МҮШЕСІ ШИЕЛІДЕ

ҚҰРЫЛТАЙ МҮШЕСІ ШИЕЛІДЕ

20 қаңтар күні қасиетті мекен Қызылордада ­Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың V отырысы өтті. Құрылтайда азаматтарды алаңдататын өзекті мәселелер көтеріліп, әлеуметтік саясат, қоғамдық келісім, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру сияқты бағыттар талқыланды. Сыр өңірінде ұйымдастырылған Ұлттық құрылтай отырысы жоғары деңгейде өтіп, маңызды мінберде ұлт болашағын айқындайтын нақты шешімдер қабылданып, құрылтай мүшелері ел өміріне ықпал ететін көптеген маңызды бастама көтерді.

Сәрсенбі күні ауданға Ұлттық құрылтайдың мүшесі, ақпарат саласының үздігі, Президент сыйлығының иегері, «Ашық алаң» саяси ток-шоуының жүргізушісі Ерқанат Көпжасарұлы арнайы атбасын бұрды. Құрметті қонақты аудан әкімі Айтбай Жандарбеков қарсы алып, соңғы жылдары ауданда бой көтерген әлеуметтік нысандарды таныстырды.
Әрбір ауданның дамуы үшін құрылыс жұмыстарының орны ерекше. Бүгінде Шиеліде құрылыс саласы қарқынды дамып, ел экономикасының, оның ішінде тұрғындардың әлеуметті жағдайына айрықша ықпал етіп келеді. Соңғы жылдары жүріп жатқан құрылыс жұмыстарының қарқынына қарасақ, аудан экономикасының дамуында осы салада жақсы үрдістің барына анық көз жеткіземіз.

ХАЛЫҚ САУЛЫҒЫ – БАСТЫ БАЙЛЫҚ
Мемлекеттің басты байлығы – адам десек, ұлттың саулығын жақсарту арқылы биік мақсатқа жету барша дамыған ел ұстанған басты бағыт екені белгілі. Әуелі Ерқанат Көпжасарұлы Шиеліде қайтарылған активтер есебінен салынған, құны 2 млрд 323 млн теңге болатын 30 төсектік жұқпалы аурулар бөлімшесінің жұмысымен танысты.
Аудан әкімі Айтбай Жандарбеков аудандық аурухана жанынан 733 млн теңгеге қосымша ғимарат салынып жатқанын, аталған нысанға 650 млн теңгенің заманауи МРТ аппараты орнатылатынын айтты. Бұл жобалар аудан тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттыруға және диагностикалық мүмкіндіктерді кеңейтуге бағытталған.

Оқушылар мен өнерлі жастарға арналған заманауи нысан
Әрі қарай Құрылтай мүшесінің аялдамасы аудан орталығында 200 орындық заманауи «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебі» болды. Бұл нысан – жас ұрпақтың шығармашылық қабілетін дамытып, уақытын тиімді өткізуіне зор мүмкіндік сыйлайтын маңызды ғимарат.
Жалпы құны 1 млрд 68 млн теңге болатын қос білім ордасы заман талабына сай жабдықталған. Атап айтқанда, жаңа «Оқушылар үйінде» 28, ал «Өнер мектебінде» 8 бағыт бойынша үйірме жұмыс істейді. Балалар техникалық, шығармашылық, ғылыми және өнер салаларында білім алып, қабілеттерін дамыта алады.
Бұл – білім беру мен тәрбие ісін тек мектеппен шектемей, жан-жақты тұлға қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан игі істердің көрінісі. Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру арқылы олардың таным көкжиегін кеңейтіп, зиянды әдеттерден аулақ болуына да сеп болары сөзсіз.
Білім беру орталықтарымен танысқан Ерқанат Көпжасарұлы «Оқушылар үйі» мен «Өнер мектебі» – Шиелідегі рухани һәм шығармашылық өмірге серпін беретін үлкен қадам екенін атап өтті.

РУХАНИЯТ ОРТАЛЫҒЫ – БІРЛІКТІҢ ОРДАСЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты. Сол себепті азаматтарымыздың рухы әрқашан биік болуы үшін мәдениетімізге, руханиятымызға баса мән беруіміз қажет» деген болатын. Осы негізді 2024 жылы облыс әкімінің ­бастамасымен Сыр өңірінде «Руханият жылы» деп жарияланғаны аймағымыз үшін оң өзгерістерге жол ашты. Облыс аудандарында «Руханият» орталықтары бой көтеріп, салтанатты түрде ел игілігіне табысталды.
Шиеліге іссапармен келген құрылтай мүшесі Ерқанат Көпжасарұлы жалпы құны 1,6 млрд теңгені құрайтын ­«Руханият» орталығының жұмысымен танысты. Ауданның ардагерлер қауымымен, жастармен кездесіп, еркін пікір алмасты.
Айта кетейік, орталық құрамында неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар ресурстық орталығы, ардагерлер мен аналар үйі, қоғамдық кеңес және үкіметтік емес ұйымдарға арналған кеңселер орналасқан. Бүгінде мұнда рухани-мәдени бағыттағы іс-шаралар, тәрбиелік және қоғамдық ­бастамалар жүйелі түрде жүзеге асып, тың мүмкіндіктер сыйлауда.
«Руханият» орталығы жұмысымен танысқан құрылтай мүшесі жаңа ғимаратты бірліктің ордасы болып, еліміздің құндылықтар қазынасын толықтыра беруіне тілектестік білдірді.
Сапар соңында Ерқанат Көпжасарұлы ауданда жүргізіліп жатқан жобалар мен әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстарға оң бағасын беріп, алдағы жобаларға сәттілік тіледі.

Мейіржан ИБРАГИМОВ
26 қаңтар 2026 ж. 30 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№6 (9373)

24 қаңтар 2026 ж.

№5 (9372)

21 қаңтар 2026 ж.

№4 (9371)

17 қаңтар 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031