2040 жылға қарай мұнай өңдеу қуаты 40 млн тоннаға дейін жетеді
Оның айтуынша, 2024 жылдың қорытындысы бойынша мұнай өнімдерін өндіру көлемі 14,52 млн тоннаны құрады, осы жылы 14,55 млн тонна өнім өндіру көзделіп отыр. 2040 жылға дейін мұнай өнімдерін өндіруді 14,52-ден 29,2 млн тоннаға дейін арттыру жоспарлануда. Сонымен қатар 2040 жылға қарай мұнай өнімдерінің сапасын қазіргі экологиялық стандартынан K4-тен K5+ деңгейіне дейін тұрақты түрде жақсарту және сыртқы нарықтарға экспорттау күтілуде.
«2040 жылға қарай заманауи отын-мұнай-химиялық конфигурацияда қуаты 10 млн тонна мұнай өңдейтін жаңа үлкен сыйымдылықтағы ірі зауытты іске қосу және өңдеу қуатын 30-дан 40 млн тоннаға дейін арттыру жоспарлануда. Жаңа зауыттың өңдеу тереңдігі 95%-ды құрайды. Бұл жобаларды жүзеге асыру ішкі нарықтың жанар-жағармай материалдарына өсіп келе жатқан сұранысын 100% қамтамасыз етуге, сондай-ақ мұнай өнімдерін көршілес елдерге экспорттауға мүмкіндік береді», деп атап өтті министр.
Сонымен қатар Үкімет отырысында энергетика министрі бизнес-процестерді цифрландырудың тиімділігі туралы есеп берді. Оның айтуынша, «Oil transportation management» ақпараттық жүйесінің іске қосылуы мұнай жеткізу кестесін ұсыну мен кестені бекіту мерзімін 7 күннен 2 күнге дейін қысқартып, мұнайды бөлуді автоматтандыруға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар 123 мұнай базасын қамтитын «Oil Track» жүйесі мұнай өнімдерінің айналымына тәулік бойы мониторинг жүргізуді қамтамасыз етеді.
«Осының нәтижесінде өтінімді өңдеу уақытын 3 сағаттан 10 минутқа дейін, отынның «сұр» айналымын 20%-ға дейін қысқартты. Құрылғылардан деректер автоматты түрде 24/7 режимде қабылданып, үздіксіз бақылауды қамтамасыз етеді. Сұранысты болжау және логистиканы оңтайландыру үшін жасанды интеллектті пайдалану мүмкіндігі қарастырылуда», деп атап өтті министр.







