Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » СУПЕР ХҚКО АРҚЫЛЫ 18 МЫҢНАН АСТАМ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

СУПЕР ХҚКО АРҚЫЛЫ 18 МЫҢНАН АСТАМ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызылордалық Супер халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысымен ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай танысты.
Жыл басынан бері аталмыш аймақ арқылы 18 мыңнан астам қызмет көрсетілген. Жобаның ерекшелігі – тұрғындар мұнда мемлекеттік қызметтермен қатар 15 түрлі мекеменің қызметін де бір жерден ала алады. Бұл өз кезегінде халықтың уақытын үнемдеуге және қажетті құжаттарын жылдам рәсімдеуге мүмкіндік береді.
«Бұл орталықтың жұмысын көріп, халыққа қаншалықты қолайлы жағдай жасалғанына көз жеткіздім. Мұнда қызмет сапасы мен қолжетімділік басты назарда екені байқалады. Алдағы уақытта осындай орталықтарды еліміздің басқа өңірлерінде де дамыту – біздің басты міндетіміз», – деді Дархан Жазықбай.
Сонымен қатар, мемлекеттік корпорацияның Қызылорда облысы бойынша филалының директоры да орталық жұмысының тиімділігіне тоқталды.
«Супер ХҚКО осыдан бір жыл бұрын жұмысын бастаған болатын. Сол уақыттан бері орталық халық арасында үлкен сұранысқа ие болып отыр. Оның басты артықшылығы – азаматтарға барынша қолайлы жағдай жасау. Біз үшін ең маңыздысы – қызмет алушылардың көңілінен шығу және олардың мемлекеттік қызметтерді барынша оңай әрі жылдам алуына мүмкіндік жасау», - деді облыстық филиалдың директоры Аида Абибуллаева.
Қазіргі таңда халыққа қызмет көрсету орталықтарына күніне 3 мыңға жуық қызылордалық жүгінеді. Бұл аймақтағы тұрғындардың мұндай форматтағы қызметке жоғары сұранысын көрсетеді.
02 қазан 2025 ж. 44 0