Жасанды интеллект 50 мың қазақстандыққа жұмыс табуға көмектесті

Министрліктің дерегінше, сервис 2025 жылғы сәуірде іске қосылған. 1 қыркүйектегі жағдай бойынша, оның көмегімен 50 мыңнан астам үміткерге жеке ұсыныстар жасалған.
Мамандардың айтуынша, қолданылып отырған ЖИ моделі түйіндемелер мен бос жұмыс орындарын талдап, талап етілетін мамандықтар мен кәсіби топтарды, күтілетін жалақыны, тұрғылықты аймақты және кәсіби дағдыларды ескеріп ұсыныс береді.
«Бұл ретте заманауи табиғи тілді өңдеу және машиналық оқыту технологиялары қолданылады», деп атап өтті ведомство.
Жоба түйіндемелер мен бос жұмыс орындарын талдау процесін автоматтандыруға бағытталған. Бұл жұмыс берушілер үшін лайықты кандидат іздеуді едәуір жеделдетіп, қол еңбегін азайтты.
Айта кетейік, түйіндемені өңдеу уақыты 2 секундтан аспайды, ал бос жұмыс орнын қолмен іріктеу уақыты 80%-ға қысқарған.
«Алдағы уақытта ЖИ технологиялары жұмыс іздеу процесін 90%-ға жеделдетеді деп күтілуде», деді министрлік өкілдері.
ЖИ технологиялары қазақстандықтардың өмірінің ажырамас бөлігіне айналуда. 2025 жылғы 8 қыркүйекте халыққа Жолдауында президент Қасым-Жомарт Тоқаев елде Жасанды интеллект министрлігі құрылатынын мәлімдеген еді. Оның айтуынша, жаңа министрлік жасанды интеллектті барлық салаға енгізуді реттеумен айналысады.