Alatau city еліміздің алғашқы цифрлық қаласы болады

Президент бұл жобаның ауқымы ерекше екенін жеткізді. Қазірдің өзінде арнаулы аумақ бөлініп, бастапқы жоспарлау аяқталған, негізгі инфрақұрылым желілері тартылған.
«Менің Қытайға жасаған сапарым кезінде әлемдік деңгейдегі компаниялармен миллиардтаған долларлық келісімдер жасалды. Сол компаниялардың бірі жаһандық технополис Шеньчжень құрылысына қатысқан. Енді дәл осы ұйым Alatau city жобасын жүзеге асыруға тікелей қатысады», деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы он күн ішінде Үкіметке қалаға арнаулы мәртебе беретін Жарлық жобасын әзірлеуді тапсырды. Ал алты айдың ішінде басқару режимі, қаржылық моделі және өзге де маңызды тұстары айқындалған жеке заң қабылдануы тиіс.
«Ерекше мәртебе – артықшылық емес, қажетті құрал. Онсыз жоба қағаз жүзінде қалып қоюы мүмкін», деді Президент.
Alatau city Орталық Азиядағы алғашқы толық цифрлық қала болмақ. Мұнда смарт-сити технологиялары енгізіліп, тауарлар мен қызметтерді криптовалютамен төлеу мүмкіндігі қарастырылады.
«Бұл жоба – еліміздің болашақ келбеті. Alatau city технологиялық прогресс пен жайлы өмір сүру ортасын үйлестіретін жаңа үлгіге айналады», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.