Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Таңғажайып түн

Таңғажайып түн

Таңғажайып түн18 мамыр – Халықаралық музей күніне орай Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Уақыт және музей» тақырыбында Музей түні акциясы өтті.  Акция қарсаңында қаламгер Молдабек Жанболатовтың «Мүсінші Мұратбек» кітабының тұсаукесері ұйымдастырылып, «Ұлыларды мүсіндеген Мұратбек» көрмесінің ашылуы болды. Жалпы мерекелік шараға мыңға жуық адам қатысты. Мәдени кешке елімізге танымал азаматтар мен қала тұрғындары экспозицияны тамашалап, музейде өтіп жатқан түрлі шаралардың куәсі болды. Акцияға Ұлттық Ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5511 әскери бөлімінің әскери оркестрінің музыканттары қатысып, заманауи композициялардың әскери шерулері мен попуррилері қала тұрғындары үшін мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Музейдің дино-квест бөлімінде балалар гипстен жасалған жұмыртқалардың ішінен динозавр ойыншықтары арқылы динозаврлар туралы мәлімет беретін карточкаларды қарап, ежелгі жаратылыстар жайлы қызықты деректермен танысты. Ал «Көктемгі шабыт» қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесінде келушілер жергілікті қолөнер шеберлерінің гипс, саз, эпоксидті шайыр, сабын және табиғи материалдардан жасалған әшекейлері мен мүсіндері сияқты бірегей бұйымдарды тамашалады. Сонымен қатар музей келушілерге интерактивті палео-арт аймағы арқылы ежелгі үңгірден үн қатты. Мұнда әрбір келуші өзін нағыз көне дәуір суретшісі ретінде сезініп, охра түсті бояудың көмегімен ежелгі тасқа салынған суреттерден шабыттанып, өз «петроглифтерін» жасады. Бұған қоса ұлттық зияткерлік ойынды насихаттау мақсатында мектеп оқушылары тоғызқұмалақ ойынынан тапқырлық пен ұтқырлықта бақ сынасты. Ал «Музей және туған өлке» тарихи-танымдық зияткерлік жарысында Абай облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына қарасты мекеме қызметкерлері арасында 7 команда қатысып, нәтижесінде жүлделі үшінші орынды «Дариға-ай» жастар театры мен Абай облысының лингвистикалық орталығы иленсе, екінші орынды Семей қалалық мәдениет сарайы, бірінші орынды Абай атындағы облыстық әмбебап кітапхана ұжымы алды. Сондай-ақ музейге келушіге ұлы Абай Құнанбайұлы, Әлихан Бөкейхан, Шілікті алтын адамы мен Үржар ханшайымы және Қазақ батыры нақышында киінген кейіпкерлермен суретке түсуге фотозона ұйымдастырылды. Тағы бір ерекшелік тарих пен табиғаттың үйлесімі болды. Онда «Өзгерістер заманы және табиғат» циклі,  «Құстар – біздің қанатты достарымыз» интерактивті дәрісі, «Қазақстанның флорасы және фаунасы» тақырыбында топтық жұмыс, «Биология және жасанды интеллект» атты практикалық дәріс өтті. Бұдан соң Абай елінің талантты жас ақындары өлкенің тарихын жырға қосып, музейге келушілерді жалынды жырларымен тәнті етті. Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына қарасты облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Қайрат Зекенұлының арнайы шақыртуымен біз де барып, керемет кештің куәсі болып қайттық.
Абай облысы



19 мамыр 2025 ж. 35 0