Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » КҮЙ РУХЫ АСҚАҚТАҒАН КЕШ

КҮЙ РУХЫ АСҚАҚТАҒАН КЕШ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Бүгінде ұлттық аспабымыз күллі әлем мойындаған мәдени құндылыққа айналды. Бұл – қазақтың қасиетті қара домбырасына берілген әділ баға. «Өнер – ұлт келбеті» дейді дана халқымыз. Баршамызға ортақ құндылық – домбыраны жанжақты насихаттап, жас ұрпақтың санасына сіңіру өте маңызды. Домбыра аспабы – қайталанбас асыл дүние. Сондықтан мектепте домбыра үйрену сабақтарын енгізу қажетті әрі дұрыс бастама. Себебі қазіргі жаппай жаһандану уақытында халқымызға тән бірегей құндылықтарды жаңғырта беруіміз керек» деген болатын.
Осы ретте, бүгінде оқушыларды күй өнеріне баулып, талантын танып, олардың жарқын болашағына жол көрсетіп келе жатқан аудандық «Өнер» мектебінің тағы бір тамашасына куә болдық.
Жуырда «Өнер мектебінде» Шынболат Жансейітовтың жетекшілігімен құрылған «Шашу» ансамблінің «Шабыт сыйлаған «Шашу» атты концерті өтті. Бүгінде бұл ансамбль құрылғанына көп уақыт болмаса да, біршама биік белесті бағындырып үлгерген. Атап айтсақ, биыл облыстық «Жас музыканттар» байқауында жеңімпаз атанса, жақында өткен облыстық «Бозторғай» балалар өнер байқауында жүлдері ІІ орын иегері атанды. Сондай-ақ ауданда өткізілген іс-шараларда өнер көрсетіп, халықтың қошеметіне бөленіп келеді.
Әсем сазға толы кеште жас домбырашылар Шаттық Қали, Сандуғаш Қайрат, Аделя Жолдасбеков, Ұлнұр Нұрланқызы, Ернұр Құрманәлі, Нұрмұхаммед Әбдіғаппар, Аружан Рысдәулет, Нұрай Мұхамеджан, Жанель Құламжан, Нэйла Дінмұхаммедқызы, Қарақат Марал, Нұрсұлтан Әнуар, жетекшісі Шынболат Жансейітовпен бірге сахна төріне көтерілді. Алдымен Арсыланбек Сұлтанбековтың шығармасы «Домбыра», «Тұран» ансамблінің күйі «Ер тұранды» орындап, одан кейін Сүгірдің «Ыңғайтөк», Қаршыға Ахмедияровтың «Алтын ұя», Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса», Құрманғазының «Адай» секілді танымал күйлерін нақышына келтіре орындап, қалың көрерменнің қошеметіне бөленді.
Өнердің ошағына айналған мектептің «Біртұтас» бағдарламасының «Шабыт» жобасы аясында өткен кештің соңында «Өнер» мектебінің директоры Нариман Мизамбаев оқушылар мен жетекшісі Шынболат Жансейітовке алғыс білдіріп, концерттің сәтті өтуімен құттықтады.
Иә, күй рухы асқақтаған концерттен біз де ерекше әсер алып, күй құдіретін сезініп, бойымызда қос ішекті қара домбыраға деген қызығушылық, жас өнерпаздарға деген құрмет арта түсті.

М.ИБРАГИМОВ
06 мамыр 2025 ж. 55 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№33 (9300)

06 мамыр 2025 ж.

№32 (9299)

30 сәуір 2025 ж.

№31 (9298)

29 сәуір 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031