АРДАГЕР МЕН АЛМА АҒАШЫ

Сонымен Н.Қалекеев кім болған? Нұртаза Қалекеев – 1925 жылы Алғабас ауылында дүниеге келген. Ес біліп, етек жинағаннан бастап, ерте еңбекке араласқан. Мектеп қабырғасында елге танымал тұлғалар академик Досмағанбет Кішібеков пен заңгер Әбіләйіс Шілмановпен тай құлындай тебісіп, балалық шақтарын бірге өткізген. Ер жетіп келе жатқанда Ұлы Отан соғысы басталып, 1943 жылы ақпан айында әскерге алынады. Самарқандағы жаяу әскерлердің дайындық курсынан өтеді. Бұл кезде батыста оқ пен оттың үні өшпей, шығыста жапон соғысы тұтанып тұрған еді. Содан Благовещенск қаласының маңынан шайқасқа кірісіп, ерен ерлік үлгісін көрсетіп, аман-есен 1947 жылы туған еліне оралады. Ол кісі 1947-1948 жылдары аудандық астық дайындау базасында қойма меңгерушісі қызметін атқарады. 1949-1986 жылдар аралығында аудандық қаржы бөлімінде мемлекеттік кірістер жөніндегі аға есепші, экономист, инспектор, аға инспектор қызметтерін абыроймен атқарып, зейнетке шыққан. Жұмыстан қол үзбей жүріп, Алматы қаржы-несие техникумын бітірген. Ауданның қоғамдық, жұмыстарына белсене араласып, халық сотында 35 жыл халық қосшы биі (заседателі) және аудандық тұтынушылар одағында 30 жыл тексеру комиссиясының төрағасы қызметтерін аса жауапкершілікпен атқарған. Жауынгерлік қызметі және бейбіт өмірдегі табыстары үшін II дәрежелі Отан соғысы ордені, «Еңбек ардагері» медалімен, сондай-ақ, ҚазССР Қаржы министрлігі, облыстық қаржы бөлімі және Шиелі аудандық атқару комитетінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. Оның есімі 1976 жылы облыстық қаржы бөлімінің «Құрмет» кітабына енгізілген. Жанұясында, жұбайы Палбибі апа екеуі 5 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсіріп, қазір бәрі жоғары білім алып, түрлі салада еңбек етуде.
Айдар БАҚЫТЖАНҰЛЫ,
Сурет автордікі және Қалекеевтердің отбасылық альбомынан алынды.