Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «ӘР КӘЛЛӘДА БІР ҚИЯЛ» ОҚЫРМАНҒА ЖОЛ ТАРТТЫ

«ӘР КӘЛЛӘДА БІР ҚИЯЛ» ОҚЫРМАНҒА ЖОЛ ТАРТТЫ

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы 16-23 сәуір аралығында Ұлттық кітап күніне орай кітап апталығы ұйымдастырылады.  Сәрсенбінің сәтті күні кітапханада «Мәртебелі кітап» атты апталықтың ашылу салтанаты өтті. Мерекелік шарада облыстық кітапхана басшысы Нұрлыбек Мыңжас, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағының Қызылорда облыстық филиалының өкілі Қ.Есімсейітова құттықтау сөз сөйледі. Бұдан кейін Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, «Тұран» сыйлығының иегері Нұрмахан Елтайдың «Әр кәлләда бір қиял» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Іс-шара барысында облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Артур Қамбаров жазушының шығармашылық жолы туралы баяндама жасап, облыс әкімінің құттықтау хатын табыстады. Бұл марапат қаламгердің әдебиет пен журналистика саласындағы еңбегін жоғары бағалаудың белгісі. Өз кезегінде ақын, жазушылар, «Алаш» сыйлығының иегерлері Қатира Жәленова, Қаршыға Есімсейітова, облыстық «Сыр бойы» газетінің бас редакторы Қуат ­Шарабидинов, арқалы ақын Серік Ыдырысовтар ақжарма тілектерін айтып, авторға сый-сияпат жасады. Қызылорда қаласының бірнеше мәдениет ұжымдарының интермедия, скетч, мәнереп оқу жанрындағы қойылымдары да көрермендердің көңілінен шықты. Жалпы, бұл елімізге танымал сатирик-жазушы Н.Елтайдың жарыққа шығып отырған 17-ші кітабі. «Әр кәлләда бір қиял» – жазушының өмірлік тәжірибесі мен шығармашылық ізденістерінің нәтижесі. Бұл туындыда автор қоғамдағы түрлі құбылыс пен адамның мінез-құлқын сатиралық тұрғыда бейнелеп, оқырманды ойландырады. Ауыл тұрғындарының ұлтымызға тән ақкөңілділігі, қонақжайлылығы, зілсіз әзілге бейімділігі сезіліп тұрады. Кітаптың басым бөлігі қала мен аудандардың кітапханаларына сыйға тартылды. Сонымен қатар жақын арада Шиелі, Жаңақорған аудандарында белгілі жазушы, сатирик, ақынның кітапсүйер қауыммен кездесулері жоспарланып отыр.

Дария МАҚСҰТ, сурет автордікі
21 сәуір 2025 ж. 241 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№33 (9300)

06 мамыр 2025 ж.

№32 (9299)

30 сәуір 2025 ж.

№31 (9298)

29 сәуір 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031