Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жалдамалы баспана: жастар қамқорлықсыз қалмайды

Жалдамалы баспана: жастар қамқорлықсыз қалмайды

Жалдамалы баспана: жастар қамқорлықсыз қалмайды2019 жылы елімізде жастарға арнал­ған сатып алу құқығынсыз жалға бе­рілетін тұрғын жайлар Астана, Алматы, Шымкент қала­ларында арнайы келісімшарт­пен берілді. Бұл 29 жасқа толмаған аза­мат­тарға мемлекет тарапынан жасалған ерекше қолдау екені анық. Жастардың қор жинап алуы­на жасалған зор мүмкіндік десек болады.
Жас тұрғындар жергілікті әкімшілікпен жасасқан келісімге сәйкес, мерзімді уақыты біткенде пәтерді босатып, келесі жастарға орын беруге тиіс. Алайда кей отбасылар әбден бауыр басып қалған пәтерін босатқысы келмейді, айтар уәждері де бар. Келісімге сәйкес пәтерді босатып жатқандары да жоқ емес.
Осы ретте алғашқы шартта не айтыл­ғанына мән берелік. Сол кездегі Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің өкілдері «Бұл баспананы берудегі басты мақсат – жұмыс істейтін жастарға жеке баспана алуға қаражат үнемдеуге мүм­кіндік беру. Шара әлеуметтік жағынан осал топтарға қолдау білдіруді көздемейді. Негіз­гі міндет – жұмыс істейтін жастарды қол­дау» деп бағдарлама талаптарын егжей-тегжейлі түсіндірген еді.
Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев­тың айтуынша, жалдамалы пәтер­де тұрып жатқан кейбір жас­тар шартта не жазылғанын ескермеген. «Жастарға пәтер берілген кезде бес жылдан кейін үйді босату туралы ескертілген. Келісімшартта көрсетілген, оған қол қойылған. Біздің әбден тұйыққа тірелген кезде ғана жанталаса бастайтынымыз өкінішті. Кезінде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдар­ла­масымен алған, сондай-ақ арнайы үйдің кезегінде тұрған азамат­тар ғана жалдамалы пәтер­лерін қазір жекешелендіре алады. Ал 2019 жылы іске қосылған жас­тарға пәтерді жалға беру бағ­дар­ламасында сатып алу мүм­кіндігі қарастырылмаған. Бұл мәселеге қатысты екі-үш рет арнайы депутаттық сауал жолдап, мәселе күрделенуі мүмкін екенін айтқанбыз. Негізгі мәселе – ол үй­лерде тұрып жатқандардың кей­бі­рінің алдағы уақытта баспана алу­ға қамданбауы. Жалдамалы пә­тер­де тұратындардың кезінде ­бір баласы болса, қазір екіден ар­тық, тіпті бес жылда көпбалалы ­отбасы болғандары да бар. Сондық­тан жағдай екіжақты әрі күрделі болып тұр. Дегенмен, бұл ретте де мемлекет тарапынан мүмкін­дік жасалып, «Отбасы банк» арқылы қазірде жастарға бағдарлама аясында 10% бастапқы жарнамен үй алу тетіктері қарастырылып отыр», дейді Д.Мұқаев.
Үкімет тарапынан мұның шеші­мі жан-жақты ойластырылған. Енді сатып алу құқығынсыз жалға алған тұрғын үйде тұрып жатқан азаматтар «Отбасы банкінің» арнайы бағдарламаларына қатыса алады. Яғни жастарға арналған бағдар­ла­малардан бөлек, «Наурыз», басқа да мемлекеттік тұрғын үй бағ­дар­ла­маларына қатысуға мүмкіндік бар. Бұл қатарда «Алматы жас­тары», «Елорда жастары», «Қам­қор» секілді тиімді жобаларды атап өткен жөн. Оған Алматы, Астана, Шымкент қалаларында мемлекеттік жалдамалы пәтерде тұратын азаматтар өтінім бере алады. Бағдарлама талаптарында өзгеріс жоқ. Ең басты шарт – несие тарихының таза болуы. Егер үміткердің мерзімі өткен қарызы болса, онда жобаға қатыса алмайды. Мұндай жағдайда қарызды толық өтеп, үш ай өткен соң қайта төлем қабілетін тексеруге болады. Яғни мемлекеттің бұл қамқорлығы «қамсыз жүр» деген сөз емес, мүмкіндікті пайдаланып, қарекет қыл дегені.
Бұған дейін үй бөлу мен кезекке тіркеу жергілікті әкімдіктер арқылы жүзеге асырылса, енді бұл міндет «Отбасы банкіне» берілді. Осыған байланысты банк мамандарынан бұл үрдіс қалай жүзеге асырылатынын сұрап білген едік.
«2019 жылы Астана, Алматы мен Шымкент қалаларында жер­гі­лікті әкімшілік тұрғын үйлер­ді жастарға жалға берген болатын. Сол жалға берілген үйлердің биыл мерзімі бітіп жатыр. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдар тарапынан 2025 жылға 12 млрд 180 млн ақша бөлінді. Сондай-ақ банкке Ұлттық даму институты мәртебесі, үй кезегін орталықтандыру құқығы берілді. Жоғарыда аталған үйлердің кесімді алты ай уақыты өткеннен бастап біз олармен жұмыс істей бастаймыз», дейді «Отбасы Банк» АҚ Орталық филиалы директорының орынбасары Дария Батенова.
Мысалы, 2019 жылы «Жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқы­ғын­сыз жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы аясында (Астана қаласы Ш.Уәлиханов көшесі, 23/1 үй) тұрғын үйді жалдау шартымен 2020 жылғы 17 шілдеде пәтер алғандардың жалдау шарты алдағы 26 наурызда аяқталады. «Осы уақыт аралығында әкім­дік­тер тұрғын үй кезегін банкке беруге тиіс. Сонымен қатар банкке тұрғын үймен қамту ақпараттық жүйесі іске қосылады. Банк ұлт­тық даму институты болған­дық­тан азаматтарды кезекке қою ту­ра­лы барлық өтінішті осы ақ­па­раттық жүйе арқылы онлайн режімде қабылдайды. Қазір ақ­па­рат­тық жоба сегіз мемлекет­тік деректер базасымен интеграция жасаған. Болашақта оның саны ұлғая түседі. Тұрғын үймен қамтамасыз ету жүйесі өтініш берген азаматтардың атында жылжымайтын мүлкі бар-жоғын, үйге мұқтаж екенін, оның мәртебесі мен санатын растауға мүмкіндік береді. Жүйе автоматтандырылған, мұның артықшылығы – адам факторы жүрмейді. Қысқаша айт­қанда, ендігі бар жұмыс банктің құзы­рын­­да», дейді «Отбасы банк» өкілі. Мамандардың пайымдауынша, жо­ғарыда аталған факторларды ескере отырып, жастардың тиімді бас­пана алуына жағдай жасау мәсе­лесі күн тәртібінен түспеуге тиіс. 

06 наурыз 2025 ж. 385 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№18 (9285)

08 наурыз 2025 ж.

№17 (9284)

04 наурыз 2025 ж.

№16 (9283)

01 наурыз 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31