Жастарға 10-12 мың теңгеге жалдамалы пәтерлер беріледі
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жыл сайын Қазақстанда Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастарға 1000 пәтерден беріледі. Осы орайда Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Жұлдыз Омарбекова Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында бағдарламаға кімдер қатыса алатынын айтты.
«Жастар көп үш қала – Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентте 1000 пәтерден беріледі. Мұны сатып ала алмайды. Біз жастарға аяққа тұрып кеткенше мүмкіндік береміз. Баспана алуға ақша жинау оңай емес. Әртүрлі мемлекеттік бағдарлама болса да ақша жинауың керек. Ал ақшаңның бәрі тұрғын үйді жалға алуға кететін болса онда қалай жинайсың?» - деді вице-министр.Оның айтуынша, қыркүйекте жастарға жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы бойынша құжаттарды қабылдау басталады.
«Бағдаралма ережесі сайтымызда 1 тамызда жарияланады. Ең алдымен 29 жасқа дейінгі жастар қатысады. Егер отбасылы болса, асырауында мүгедек ата-аналары немесе мүгедек балалары болса қосымша жеңілдіктерге ие болады. Жалға берілетін тұрғын үй үш жылдан бес жылға дейін беріледі. Жергілікті атқарушы билікпен және басқа да министрліктермен тағы да қарастырамыз»,- Омарбекова.
Сондай-ақ, вице-министр жалға үй алғысы келетін адамның тұрғын үй бағдарламаларының бірінде жинағы болуы тиіс екенін айтты.
«Сіз осы тұрғын үйде үш жылдан бес жылға дейін тұрсаңыз, жалға алу үшін шамамен 10-12 мың теңге төлейсіз. Мұндай сома адамның жеке үй сатып алуына ақша жинауы үшін беріледі. Ең маңызды шарт: ТҮҚЖБ-дан шот ашуы керек немесе қандай да бір мемлекеттік бағдарламаға қатысуы керек. Біз мұны болашақта үй ала аласыз ба, жоқ па соны көру үшін сұраймыз. Өйткені бұл бағдарлама бастапқыда жас отбасылар мен жұмысшы жастарды қолдауға арналады. Үш-бес жыл ішінде жас жігіт ең төменгі жарна жинай алады. Содан кейін көмек қажет ететін басқа жастарға орнын босатып беруі тиіс», - деді вице-министр.