Жаңадан жабдықталған физика зертханалары ашылды

Зертханалардың ашылуына университеттің директорлар кеңесінің төрағасы Омархан Өксікбаев, QyzPU басқарма төрағасы-ректоры Гүлмира Қанай, мектеп директорлары мен оқытушы-профессорлар қатысты.
«Мұғалім сапалы білім беруі үшін білімі де, білігі де жоғары болуы керек. Бүгінгі таңда мектептердің техникалық жабдықталуына айтарлықтай көңіл бөлініп жатыр. Соған сәйкес студенттер, болашақ мамандар сол деңгейге сай жұмыс істей білуі тиіс. Білімді мұғалім сапалы кадр даярлай алатын болса, оның нәтижесі ел экономикасынан көрініс беретіні сөзсіз. Міне, осыны ескеріп, зертханаларды барлық пәндерге қатысты жаңартуды мақсат еттік. Университет оқытушылары мен студенттеріне зор сенім арта отырып, жұмыстарының тиянақты болғанын тілеймін», деді Директорлар кеңесінің төрағасы Омархан Өксікбаев.
Физика-математика және цифрлық технологиялар институты физика кафедрасында 6 зертханасының ашылуы университеттің ғылыми жұмысын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. PASCO құралдарымен жабдықталған «Интерактивті сынып» зертханасы – физиканың жалпы курсын тереңдетіп оқытуға арналған. Мұнда студенттерге физикалық заңдылықтарды түсінуге көмектесіп, ғылыми ойлау қабілетін шыңдауға ықпал етеді.
PHYWE құралдарымен жабдықталған «Интерактивті сынып» зертханасы – физиканың жалпы курсын тереңдетіп оқытуға арналған, сондай-ақ физика бойынша демонстрациялық эксперименттер мен фронтальды зертханалық жұмыстарды жүргізу техникасын меңгеруге мүмкіндік береді. Электр және магнетизм зертханасы – электромагниттік құбылыстарды зерттеуге арналған. Бұл зертхана студенттерге электр тізбегін құрастыру мен дұрыс пайдалану арқылы физикалық принциптерді түсінуді үйретеді. Оптика зертханасы – жарықтың табиғатын, таралуын және оның затпен әсерлесу құбылыстарын зерттейді. Молекулалық физика және термодинамика зертханасы – молекулалық физика мен термодинамика теорияларын зерттеу және молекулалардың қозғалысын түсіну үшін арналған. Мектеп физикасының пәндік зертханасы – болашақ физика мұғалімдеріне зертханалық жұмыстар мен эксперименттер жүргізудің техникасын үйретуге арналған.
«Информатика» кафедрасының профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Серік Кеңесбаев атап өткендей, қазіргі уақытта студенттерге жаңартылған форматта, жаңа бағдарламалар бойынша дәріс беру қажеттілігі туындап отыр. Осыған орай, заманауи құралдармен жабдықталған зертханалар ашылуы студенттеге зор мүмкіндік береді. Осы бағытта жұмыс істеп, физика мамандығында оқитын студенттердің жоғары деңгейдегі білікті мамандар болып шығады.
Физика-техникалық институтының ғылыми-зерттеу қызметі жөніндегі директор орынбасары, PhD Николай Чучваганың айтуынша, жаңа зертханалардың студенттерге ғана емес, оқытушыларға да жаңа мүмкіндіктер ашатыны анық. Осы орайда физика маман студенттерге қарап жаңа зертханалық жұмыстарды жалғастыруға ықыласының зор екенін атап өтті. Әсіресе, іргелі зерттеулерге, сондай-ақ оптика, магнетизм және атомдық физика саласындағы маңызды эксперименттерге ерекше назар аударған оқытушы студенттердің заманауи физикамен алғаш таныстығы осындай заманауи зертханалардан бастау алатыны қуантады. Ал жаратылыстану және физика ғылымына маманданған мұғалім мамандығы – өте қажетті әрі аса маңызды мамандықтың бірі. Физика білім беру бағдарламалары аясында ашылған заманауи зертханалар студенттердің теориялық білімін тереңдетіп қана қоймай, ғылыми ізденістерге жарқын жол ашатыны анық.