Көлікті 5 минуттан артық қыздырғандарға айыппұл салынбайды
Мәжіліс депутаттары мен «АМАНАТ» партиясы фракциясының мүшелері Ішкі істер министрлігін қоғамды адастыратын резонансты ақпараттарға жедел назар аударуды өтінді, деп хабарлайды Egemen.kz. Атап айтсақ, көліктерді бес минуттан артық қыздырғаны үшін айыппұл салынады деген ақпараттар қоғамды алаңдатып отыр. Депутат Нартай Сәрсенғалиев атап өткендей, жалпы еліміздің солтүстік өңірлерінде көлікті жылытуға бес минут уақыт аздық етеді, ал егер көлікті қыздырмай жүргізсе, бұл жүргізушілерге қосымша қаржылық жүктеме туғызады.
Бұл ретте, Ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеха көлікті 5 минуттан артық қыздыруға шектеу жоқ екенін атап өтті.
«Автокөлікті 5 минуттан артық қыздыруға шектеу жоқ. Елді мекендерде тұрғындарға қолайсыздық туғызған жағдайда механикалық көлік құралдарымен оталдырған қалпы тоқтап тұруға тыйым салынады. Тек арыз түскен жағдайда ғана бұл норма бойынша жауапқа тартамыз. Былтыр осындай үш жағдай тіркеліп, оның бірі прокуратура тарапынан жойылды. Яғни, біз көлік қыздырған адамды жауапқа тартпаймыз», деді вице-министр. Ал депутат Бақытжан Базарбек көлікті қыздыру үшін айыппұл төңірегіндегі шу мемлекеттік органдардың немқұрайлылығы екенін тілге тиек етті.