АЙЫППҰЛДАН ҚАШАМЫН ДЕП КӨЛІГІҢІЗДІ ҚҰРТЫП АЛМАҢЫЗ
Көлікті аулада ұзақ уақыт қыздырсаңыз, айыппұл арқалайсыз. Иә, дәл қазір қоғамда осы мәселе қызу талқылануда. Елімізде жол қозғалысының ережелері тек жылдамдықты шектеумен ғана емес, экологияға деген әсерімен де өлшенеді.
Темір тұлпардың қозғалтқышы аулада 5 минуттан артық жұмыс істеп, ол маңайдағы адамдарға кедергі келтірсе, көлік иесі қалтадағы қаражаттан қағылуы мүмкін. Еліміздің жол жүрісі ережелерінің 88-бабы 5-тармағына сәйкес, тәртіпті бұзған азаматқа 19 мың 660 теңге айыппұл салынады. Егер көлік жүргізушісі бұл ережені 12 ай ішінде қайта бұзса, айыппұл мөлшері еселенеді. Жүргізушілердің бұған қатысты пікірін білдік.
– Ауылда тұрамыз ғой. Таңертең 30 минут қыздырамын. Машина сол кезде ғана жылып тұрады. Бес минутта қайдан қызып үлгереді? – деді аудан тұрғыны Қайрат Көшкелдиев.
– Жаз болса жарайды түсінемін. Қыстың күні ұзақ уақыт керек. Тоңып далада тұрғаннан көрі, жылынып отырамыз. Сосын бұл заң негізінде қала тұрғындарына арналған деп ойлаймын. Ауылда кімнің қанша уақыт көлігін қыздырып жатқанын қайдан біледі, – дейді Қажымұрат Бөкеев.
Ішкі істер министрлігі бұл жайтқа қатысты ақпарына сай, көліктің тоқтап тұруы жолаушыларды отырғызып немесе түсірумен байланысты болмаса, онда ол әдейі тоқтап тұрған болып есептеледі. Министрлік жариялаған хабарламада бұл норма жаңа емес екені жазылған.
– Бұл жаңа норма емес. ҚР жол жүру қағидасы 20 жылдан астам уақыттан бері бар. Егер көлік құралы бес минуттан артық жұмыс істеп тұрған қозғалтқышпен тоқтап тұрып, тұрғындарға қолайсыздық тудырса, бұл жағдай Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 597-бабы 1-бөлігінде көзделген құқық бұзушылықтың құрамына сәйкес қарастырылады, – дейді ҚР ІІМ баспасөз қызметі.
Қысқасы көлікті 5 минуттан артық қыздырмаймын деп машинаңызды бұзып алмаңыз. Ұзақ уақыт тоқтап тұрсаңыз, полицейлер бірден келіп айыппұл салмайды. Тәртіп бұзған көлік иелерін әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін 5 минуттан асатын бейнежазба болуы тиіс. Кадрда көліктің мемлекеттік нөмірі, оқиға уақыты мен күні нақты көрсетілуі қажет. Сондай-ақ бейнежазбада көліктің ұзақ уақыт қосулы тұрғаны анық көрінуі тиіс.
Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ